Зәкәрия
12 Ауыр хабар:
“Ехобаның Исраил жайлы айтқан сөзі”,— дейді Ехоба.
2 “Мен Иерусалимді айналадағы халықтарды теңселтетін ішімдік құйылған тостаған іспетті етемін. Яһуда мен Иерусалим қоршауға алынады+. 3 Сол күні Иерусалимді барлық халықтар үшін ауыр тас іспетті етемін. Оны көтермек болғандар қатты жарақат алады+. Жер бетіндегі халықтардың бәрі оған қарсы шығуға жиналатын болады+. 4 Сол күні,— дейді Ехоба,— мен әрбір атты үркітіп, үстіндегі адамды есінен адастырамын. Яһуда үйін назарымда ұстап тұрамын, ал оған қарсы келген халықтардың аттарын соқыр қылып тастаймын. 5 Сонда Яһуданың шейхтары іштей “Иерусалимнің тұрғындары — біздің күш-қуатымыз, өйткені Әскербасы Ехоба олардың Құдайы+” дейтін болады. 6 Сол күні мен Яһуда шейхтарын ағаш арасына қойылған от, орылған астық арасына тасталған алау іспетті етемін+. Олар айналадағы халықтардың бәрін, оң жағындағыларды да, сол жағындағыларды да, жалмап қояды+. Иерусалим тұрғындары өз қаласында, Иерусалимде, тұратын болады+.
7 Дәуіт үйінің атақ-даңқы мен Иерусалим тұрғындарының атақ-даңқы Яһуданікінен асып түспес үшін, Ехоба алдымен Яһуданың шатырларын құтқарады. 8 Сол күні Ехоба Иерусалим тұрғындарын жан-жағынан қорғайды+. Сол күні араларындағы сүрініп қалғаны* Дәуіттей мықты, ал Дәуіттің үйі Құдай сияқты, яғни олардың алдында жүретін Ехобаның періштесіндей болады+. 9 Сол күні мен Иерусалимге қарсы шыққан халықтардың бәрін сөзсіз құртамын+.
10 Мен Дәуіттің үйіне, Иерусалимнің тұрғындарына рақым мен жалбарыныш рухын төгемін. Сонда олар өздері түйреген адамға қарайды+. Жалғыз ұлын жоқтағандай, оны жоқтап, тұңғыш ұлынан айырылғандай, ол үшін қатты қайғыратын болады. 11 Сол күні Иерусалимдегі жоқтау Мегиддо+ жазығындағы Хадад-Римонда болған жоқтаудай қатты болмақ. 12 Сонда бүкіл ел зар еңірейді. Әр әулет өз алдына: Дәуіттің әулеті өз алдына, оның әйелдері өз алдына; Натанның+ әулеті өз алдына, оның әйелдері өз алдына; 13 Леуінің әулеті+ өз алдына, оның әйелдері өз алдына; Шимейдің+ әулеті өз алдына, оның әйелдері өз алдына; 14 қалған әулеттердің бәрі, әрқайсысы өз алдына, олардың әйелдері өз алдына зар еңірейтін болады.