Марқа
7 Иерусалимнен келген дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаның қасына жиналды+. 2 Олар оның кейбір шәкірттерінің арам қолмен, яғни қол жумай*, тамақтанып отырғанын көрді. 3 (Өйткені парызшылдарды қоса алғанда, барлық яһудилер ата-баба дәстүрін берік ұстанып, қолдарын шынтағына дейін жумай тамақ жемейтін. 4 Базардан келгенде де, жуынбайынша тамақтанбайтын, сонымен қатар тостағандар, құмыралар мен мыс ыдыстарды суға малып алу сияқты басқа да көптеген дәстүрлерді берік ұстанатын+.) 5 Сондықтан парызшылдар мен дін мұғалімдері одан: “Неге шәкірттерің ата-баба дәстүрін ұстанбай, арам қолмен тамақ жейді?”— деп сұрады+. 6 Иса былай деп жауап берді: “Екіжүзділер, сендер жайлы Ишая пайғамбар: —Бұл халық мені тілдерімен ғана дәріптейді, бірақ жүректері менен алшақ+. 7 Олар маған босқа ғибадат етіп жүр, себебі адамдар шығарған ілімдерге үйретеді,— деп дұрыс айтқан+. 8 Өйткені сендер Құдай заңдарын ұстанудың орнына, адам ойынан шыққан дәстүрлерді берік ұстанасыңдар+”.
9 Әрі қарай былай деді: “Өз дәстүрлеріңді сақтау үшін Құдай заңдарын шетке ысырып тастауға шеберсіңдер+. 10 Мысалы, Мұса пайғамбар “Әке-шешеңді құрметте!”+ және “Әкесіне не шешесіне тіл тигізген адам өлтірілсін!”+ деген еді ғой. 11 Ал сендер әлдебіреудің әкесіне не шешесіне “менен көрмек игіліктеріңіздің бәрі — құрбан (яғни Құдайға бағышталған тарту)” деуіне рұқсат етесіңдер. 12 Бұларыңмен оның әкесіне не шешесіне көмек көрсетуіне мұрсат бермейсіңдер+. 13 Осылайша өз дәстүрлеріңмен Құдай сөзінің қадірін түсіресіңдер+. Осындай нәрселерді көптеп істеп жүрсіңдер+”. 14 Сосын жұртты қайтадан өзіне шақырып алып: “Бәрің де сөзіме құлақ салып, мәнін ұғып алыңдар+. 15 Адам бойына сырттан енген еш нәрсе де оны арамдамайды, қайта, ішінен шыққандары арамдайды+”,— деді. 16 *——
17 Иса жұрттың қасынан кетіп, үйге кіргенде, шәкірттері айтқан мысалының мәнін сұрай бастады+. 18 Сонда ол былай деді: “Сендер де түсінген жоқсыңдар ма? Сырттан енген еш нәрсе адамды арамдай алмайтынын білмейсіңдер ме? 19 Өйткені сырттан енген нәрсе жүрекке емес, асқазанға түсіп, кейін денеден шығып кетеді”. Осылай Иса тағамдардың барлығы да таза екенін көрсетті. 20 Сосын былай деп қосты: “Адамды іштен шығатын нәрселер арамдайды+, 21 себебі іштен, яғни адамның жүрегінен+ мыналар шығады: жаман ойлар, азғындық*, ұрлық, кісі өлтіру, 22 неке адалдығын бұзу, ашкөздік, зұлымдық, қулық-сұмдық, өрескелдік*, қызғаныш, ғайбаттау, тәкаппарлық, ақымақтық. 23 Осындай жаман нәрселердің бәрі іштен шығады, әрі адамды арамдайды”.
24 Иса сол жерден шығып, Тир мен Сидон аймағына келіп+, бір үйге кірді. Ол бұны ешкімнің білгенін қалаған жоқ, әйтсе де жұрттың көзінен таса қала алмады. 25 Жын буған кішкене қызы бар бір әйел Иса туралы ести салысымен, оған келіп, аяғына жығылды+. 26 Сириядағы Финикияда тұратын бұл грек әйел одан қызының бойындағы жынды қуып шығаруын қадала өтінді. 27 Бірақ Иса: “Алдымен, балалар жеп тойынсын. Балалардың нанын алып, күшіктерге тастау дұрыс болмас”+,— деді. 28 Әйел оған: “Рас айтасыз, мырза. Алайда күшіктер де дастарқан басындағы балалардан түскен қоқымды жейді ғой”,— деп жауап қатты. 29 Сонда Иса: “Осылай жауап бергеніңіз үшін, қайта беріңіз. Жын қызыңыздың бойынан шықты”,— деді+. 30 Әйел үйіне барғанда, жас қызының жыннан арылып, төсекте жатқанын көрді+.
31 Иса Тир аймағынан шығып, Сидоннан өтіп, Декаполис аймағы арқылы Ғалилея теңізіне қарай жүрді+. 32 Сол жерде адамдар оған саңырау әрі тілі мүкіс біреуді әкеліп+, оның үстіне қолын қоюды өтінді. 33 Иса оны жұрттан былайырақ алып шығып, саусақтарын оның құлақтарына тықты, бұдан кейін түкірді де, қолын оның тіліне тигізді+. 34 Сосын көкке қарап, терең күрсініп: “Еффата”,— деді. Бұл “ашыл” дегенді білдіреді. 35 Сонда оның құлағы ашылып+, тілі мүкісінен арылып, анық сөйлей бастады. 36 Иса жұртқа бұл туралы ешкімге айтпауды бұйырды+. Бірақ ол неғұрлым көп тыйым салған сайын, олар соғұрлым көп жариялады+. 37 Қатты қайран қалған олар+: “Оның істегендерінің бәрі де жақсы! Тіпті саңырауларды еститін, мылқауларды сөйлейтін етеді!”+— десті.