Марқа
13 Иса ғибадатханадан шығып бара жатқанда, шәкірттерінің бірі: “Ұстаз, қараңызшы, қандай керемет тастар! Қандай керемет ғимараттар!”— деді+. 2 Алайда Иса: “Мына зәулім ғимараттарды көріп тұрсың ба? Бұлардың бірде-бір тасы қалмай күл-талқан болып қирайды!”— деп жауап берді+.
3 Ол Зәйтүн тауының ғибадатхана көрініп тұратын беткейінде отырғанда, Петір, Жақып, Жохан және Әндір оңашада: 4 “Айтыңызшы, бұл қашан болады? Мұның бәрінің аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады+. 5 Сонда Иса сөзін былай деп бастады: “Сақ болыңдар! Ешкім сендерді адастырып жүрмесін+. 6 Көп адам “мен солмын” деп, менің атымнан келіп, көпшілікті адастырады. 7 Оның үстіне, жақын маңдағы және алыстағы соғыстар туралы естисіңдер, алайда үрейленбеңдер. Олар болуға тиісті, бірақ бұл — әлі заманның соңы емес+.
8 Себебі ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады+, түрлі жерлерде жер сілкіністері мен ашаршылық болады+. Бұлар — толғақ сияқты азаптың бастамасы+.
9 Ал сендер өздеріңе сақ болыңдар! Жұрт сендерді менің шәкіртім болғандарың үшін жергілікті соттарға ұстап береді+, мәжілісханаларда дүре соқтырады+ және билеушілер мен патшалардың алдына апарады, сонда оларға куәлік ете аласыңдар+. 10 Сондай-ақ алдымен барлық халықтарға ізгі хабар уағыздалу керек+. 11 Ал сендерді сот алдына апарғанда, не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар. Сол сәтте киелі рух* не десе, соны айтыңдар, өйткені сендер емес, киелі рух сөйлейді+. 12 Бауыры өз бауырын, әкесі баласын өлімге душар етеді, ал балалары ата-анасына қарсы шығып, оларды өлімге душар етеді+. 13 Менің атыма бола жұрттың бәрі сендерді жек көретін болады+. Бірақ соңына дейін табандылық танытқан адам+ құтқарылады+.
14 Сендер қаңыратып бос қалдыратын жеркенішті нәрсенің+ тұрмауы керек жерде тұрғанын көргенде (оқыған адамға мұны түсіну үшін қырағылық қажет), Яһудеядағылар тауларға қашсын+. 15 Кім үй төбесінде болса, қандай да бір зат алу үшін үйіне кірмесін; 16 ал кім танапта жүрсе, киімін алу үшін кері қайтпасын. 17 Сол күндері жүкті және бала емізіп жүрген әйелдер қасіретке қалады+! 18 Қашатын кездерің қыс мезгіліне тура келмесін деп дұға етіп жүріңдер, 19 өйткені сол күндері Құдай дүниені жаратқаннан бері осы уақытқа дейін болмаған және қайта қайталанбайтын алапат* болады+. 20 Егер Ехоба сол күндерді қысқартпағанда, ешкім аман қалмас еді. Бірақ ол өзі таңдап алғандар үшін сол күндерді қысқартады+.
21 Сол кезде біреу сендерге “Міне, Мәсіх мұнда!” немесе “Әне, ол анда!” десе, бұған сенбеңдер+. 22 Себебі жалған мәсіхтер мен жалған пайғамбарлар шығып+, мүмкін болса, Құдай таңдап алғандарды адастыру үшін белгілер мен кереметтер көрсетеді. 23 Ал сендер сақ болыңдар+! Мен мұның бәрін күні бұрын айтып тұрмын.
24 Бірақ сол күндері, яғни сол алапаттан кейін, күнді қараңғылық басады, ай да жарқырамайды+; 25 жұлдыздар аспаннан құлап, аспандағы күштер шайқалады. 26 Сонда олар Адам Ұлының+ ғаламат құдіретпен және салтанатты ұлылықпен бұлттарда келе жатқанын көреді+. 27 Ол періштелерін жіберіп, дүниенің төрт бұрышынан* — аспан мен жердің о шеті мен бұ шетінен — өзінің таңдап алынғандарын жинап алады+.
28 Мысал ретінде інжір ағашына назар аударыңдар: оның жас бұтақтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда, жаздың жақындап қалғанын білесіңдер+. 29 Сол сияқты, сендер де осылардың болып жатқанын көргенде, Адам Ұлының жақын, есік алдында, екенін біліңдер+. 30 Сендерге шындығын айтамын, осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, бұлардың бәрі орындалады+. 31 Көк пен жер құрып жоқ болып кетсе де+, менің сөздерім еш құрымайды+.
32 Сол күнді не сағатты ешкім — көктегі періштелер де, Ұл да — білмейді, Әкем ғана біледі+. 33 Сақ болыңдар! Сергек болыңдар+! Өйткені белгіленген уақытты білмейсіңдер+. 34 Бұл басқа елге сапар шеккелі жатқан кісінің әрекетіне ұқсайды: ол үйін басқаруды құлдарына тапсырып+, әрқайсысына өз жұмысын береді де, қақпа күзетшісіне сергек болуды бұйырады+. 35 Сондықтан сергек болыңдар! Себебі үй иесі кешке, түн ортасында, әтеш шақырғанда, әлде таң сәріде* келе ме — білмейсіңдер+. 36 Ол кенеттен келіп, ұйықтап жатқандарыңда үстеріңнен түспесін+. 37 Сендерге айтқанымды бәріне де айтамын: сергек болыңдар+!”