Шежірелер 2-жазба
34 Жосия+ сегіз жасында патша болып, Иерусалимде 31 жыл билік етті+. 2 Ол Ехобаның алдында ұнамды істер жасап, арғы атасы Дәуіттің жолымен жүрді, одан оңға да, солға да ауытқымады.
3 Билік құруының сегізінші жылы, әлі де жасөспірім шағында, патша арғы атасы Дәуіттің Құдайын іздей бастады+. Ал билік құруының он екінші жылы ол Яһуда елі мен Иерусалимді ғибадат төбелерінен+, қасиетті бағаналар* мен ойып және құйып жасалған мүсіндерден+ тазарта бастады+. 4 Ол өзі қадағалап тұрып, Бағалдардың құрбандық орындары мен олардың үстіндегі хош иісті зат түтететін тұғырларды да талқандатты. Сондай-ақ қасиетті бағаналар* мен ойып және құйып жасалған мүсіндерді қиратып, ұнтақтап, соларға арнап құрбандық шалатындардың қабірлерінің үстіне шашып тастады+. 5 Патша сол құрбандық орындарының үстінде абыздардың сүйегін өртеді+. Осылай Яһуда мен Иерусалимді тазартты.
6 Жосия патша манаса, ефрем+, шимон және нафталим руларының қалалары мен солардың айналасындағы қаңырап жатқан аймақтардағы 7 құрбандық орындарын, қасиетті бағаналар мен ойып және құйып жасалған мүсіндерді+ күл-талқан етіп, ұнтақтап тастады. Ол күллі Исраилдегі хош иісті заттар түтететін тұғырларды да қиратып+, содан кейін Иерусалимге оралды.
8 Патшалық құруының он сегізінші жылы, ғибадатхананы тазартқаннан кейін, Жосия патша Асалиях ұлы Шафанды+, қала басқарушысы Мағасеяхты және шежіреші Жоғахаз ұлы Жоуахты Құдайы Ехобаның үйін жөндеуге жіберді+. 9 Олар бас діни қызметкер Хелкияға келіп, Құдай үйіне әкелінген ақшаны берді. Бұл ақшаны қақпа қызметшісі ретінде қызмет ететін леуіліктер манаса мен ефрем руларынан және күллі Исраил елінен+, сондай-ақ яһуда мен бениямин руларынан және күллі Иерусалим тұрғындарынан жинаған болатын. 10 Сосын бұл ақша Ехобаның үйінде жөндеу жұмыстарын атқаруға тағайындалған жұмысшыларға берілді. Ал олар оны Ехобаның үйіндегі жөндеу жұмыстарына жұмсады. 11 Сондай-ақ ақшаның бір бөлігі қашалған тас, біріктіретін бөренелер алу үшін және Яһуда патшаларының кесірінен құлап қалған белағаштарды жөндеу үшін ұсталар мен құрылысшыларға берілді+.
12 Бұл кісілер жұмыстарын адал атқарды+. Олардың жұмыстарын қадағалауға Мерари ұрпағынан+ Яхат пен Абадия, Қахат ұрпағынан+ Зәкәрия мен Мешулам деген леуіліктер қойылды. Саз аспаптарда шебер ойнайтын леуіліктердің бәрі+ 13 қара жұмысшылардың* үстінен қойылды, сонымен қатар олар түрлі жұмыстар атқаратындардың бақылаушысы болды. Ал кейбір леуіліктер хатшы, басқарушы және қақпа күзетшісі ретінде қызмет етті+.
14 Олар Ехобаның үйіне әкелінген ақшаны+ шығарып жатқанда, діни қызметкер Хелкия Мұса арқылы берілген+ Ехобаның Заң кітабын+ тауып алды. 15 Сонда Хелкия хатшы Шафанға: “Мен Ехобаның үйінен Заң кітабын тауып алдым”,— деп, оны Шафанға ұсынды. 16 Шафан болса кітапты патшаға әкеліп, былай деді: “Қызметшілеріңіз тапсырғандарыңыздың бәрін орындап жатыр. 17 Олар Ехобаның үйіндегі жәшіктерден ақшаны алып, тағайындалған басқарушылар мен жұмысты атқарып жатқандардың қолына тапсырды”. 18 Сосын ол: “Діни қызметкер Хелкия маған мына кітапты берді+”,— деп қосты да, патшаның алдында кітапты оқи бастады+.
19 Патша Заңда не жазылғанын естіген бойда, киімінің өңірін айырып жіберді+. 20 Бұдан кейін ол Хелкияға, Шафан ұлы Ахиқамға+, Миха ұлы Абдонға, хатшы Шафанға және қызметшісі Асаяға былай деп тапсырды: 21 “Барып, Ехобадан менің атымнан және Исраилдің тамтығы мен бүкіл Яһуданың атынан табылған кітаптағы сөздер туралы сұрап келіңдер. Өйткені ата-бабамыз осы кітапта жазылған нұсқауларды орындамай, ондағы Ехобаның сөздеріне мойынсұнбады. Сондықтан бізге төгілгелі тұрған Ехобаның қаһары зор”+.
22 Содан Хелкия мен патшадан нұсқау алған әлгі кісілер Олдама пайғамбарға+ барды. Ол киім қоймасының басқарушысы Хасраның немересі, Тиқуа ұлы Шалумның әйелі еді. Олдама Иерусалим қаласының Екінші ауданында тұратын. Патша жіберген кісілер сол жерге келіп, оған бұйымтайларын айтты+. 23 Пайғамбар әйелдің жауабы мынау болды: “Исраилдің Құдайы Ехоба былай дейді: —Сендерді маған жіберген кісіге айтыңдар. 24 Ехоба былай дейді: “Мен осы жерді және оның тұрғындарын апатқа ұшыратамын+. Яһуда патшасының алдында оқылған сол кітапта жазылған қарғыстардың+ бәрін бастарына түсіремін. 25 Өйткені олар менен безіп+, өз қолдарымен жасаған бөтен құдайларға құрбандық түтінін түтетіп, мені қорлауда+. Сондықтан мен осы жерге қаһарымды лаулатамын, әрі ол еш сөнбейді+”. 26 Сосын Олдама пайғамбар былай деп сөзін жалғады: “Ал сендерді Ехобаның еркін сұрауға жіберген Яһуда патшасына мынаны айтыңдар: “Исраил Құдайы Ехоба өзің естіген сөздер+ жайлы былай дейді: 27 —Сен менің осы жер мен оның тұрғындарына қатысты айтқан сөздерімді естігенде, жүрегіңді қасарыстырмай, қайта, Құдай алдында кішірейіп, киіміңнің өңірін айырып, менің алдымда көз жасыңды төктің. Сол үшін мен саған құлақ астым+. Мұны айтып отырған — Ехоба. 28 Сондықтан да сені ата-бабаларыңа қосамын да, тыныштықта қабірге қойыласың. Осылай мен осы жер мен оның тұрғындарына жіберетін апатты көрмейсің+”.
Содан жіберген кісілері патшаға осындай жауап алып келді. 29 Сонда патша хабаршылар жіберіп, Яһуда мен Иерусалимдегі күллі ақсақалдардың басын қосты+. 30 Сосын ол күллі Яһуда халқы мен Иерусалим тұрғындарын, діни қызметкерлер мен леуіліктерді — үлкенді-кішілі бүкіл халықты ертіп, Ехобаның үйіне қарай өрледі. Сол жерде патша жұрт алдында Ехобаның үйінен табылған келісім кітабының барлық сөздерін бастан-аяқ оқып шықты+. 31 Патша өз орнында тұрып, өзінің және халықтың атынан Ехобамен келісім жасасты*+. Ол Ехобаның жолымен жүріп, оның өсиеттерін, ескертулері мен жарлықтарын бар жүректерімен және жан-тәндерімен+ ұстанып, сол кітапта+ жазылған келісімді орындауды уәде етті. 32 Бұған қоса, ол Иерусалим мен Бениямин жерінің тұрғындарының бәріне осы келісімге мойынсұнуды бұйырды. Сонда Иерусалимнің тұрғындары ата-бабаларының Құдайымен жасалған келісімге сай әрекет ететін болды+. 33 Бұдан кейін Жосия Исраил жеріндегі барлық жеркенішті пұттардың көзін құртып+, исраилдіктердің бәріне Құдайлары Ехобаға қызмет етуді бұйырды. Жосияның көзі тірісінде олар ата-бабаларының Құдайы Ехобаның жолынан ауытқымады.