Еремия
23 “Жайылымдағы қойларымды құртып, бытыратып жіберген бағушылар қасіретке қалады!”— дейді Ехоба+.
2 Сондықтан халқымды бағып жүрген бағушыларға Исраилдің Құдайы Ехоба: “Сендер қойларымды бытыратып, жан-жаққа қуып жібердіңдер, оларға тиісті назар аудармадыңдар”+,— дейді.
“Сондықтан мен сендердің зұлым істеріңе назар аударып, жазалаймын”,— дейді Ехоба.
3 “Қойларымның тамтығын өзім бытыратып жіберген елдерден жинап+, жайылымдарына қайтарамын+. Сол жерде олар өсіп-өніп көбейеді+. 4 Оларға шын қамқор болатын бағушыларды тағайындаймын+. Бұдан былай қойларым ештеңеден үрейленбейді, шошынбайды да, бірде-біреуі жоғалмайды”,— дейді Ехоба.
5 “Міне, мен Дәуіттің әулетінен әділ өскін*+ шығаратын күндер келе жатыр,— дейді Ехоба.— Ол патша болып+, ақыл-парасатпен билік етеді, осы жерге әділет пен әділдік орнатады+. 6 Оның тұсында Яһуда құтқарылып+, Исраил қауіпсіз өмір сүреді+. Оны “Әділдігіміздің қайнары — Ехоба” деп атайтын болады”+.
7 Ехоба мынаны айтады: “Алайда олар бұдан былай “Бұл — Исраил халқын Мысыр елінен алып шыққан Ехобаның тірі екеніндей хақ!” деп ант етпейтін күндер келе жатыр+. 8 Қайта, “Бұл — Исраил үйінің үрім-бұтағын солтүстіктен және өзі бытыратып жіберген елдерден алып келген Ехобаның тірі екеніндей хақ” деп ант ететін болады. Сөйтіп, олар өз елін мекен етеді”+.
9 Ал пайғамбарларға былай деймін:
Жүрегім менің жараланды,
Тұла бойым* қалшылдап, дірілдейді.
Мас болған, шарапқа қызып алған адамдаймын,
Ехоба үшін, оның қасиетті сөздері үшін осындай күйге түстім.
10 Ел азғындық жасаушыларға толды+.
Олар зұлымдық жасап, күштерін теріс қолдануда.
11 “Пайғамбар да, діни қызметкер де бұзылған*+.
Тіпті өз үйімнен олардың зұлым істерін таптым+,— дейді Ехоба.
12 —Сондықтан олардың жолы тайғақ әрі қараңғы болады+.
Оларды итеріп жіберіп, құлатады”.
“Оларды жазалайтын жыл келгенде,
Бастарына апат түсіремін,— дейді Ехоба.
13 —Самария+ пайғамбарларының жеркенішті ісін көрдім.
Олар Бағалдың атынан пайғамбарлық етіп,
Халқым Исраилді адастыруда.
14 Иерусалим пайғамбарларының да жантүршігерлік істерін көрдім.
Олар азғындық жасап+, өтірік айтады+.
Зұлымдарды қолдап-қолпаштайды,
Сондықтан да олар жамандықтан қайтар емес.
15 Сол себепті Әскербасы Ехоба осы пайғамбарларға қарсы былай дейді:
“Мен оларға жусан жегіземін, уланған су ішкіземін+.
Өйткені Иерусалим пайғамбарлары бүкіл елді жолдан тайдыруда”.
16 Әскербасы Ехоба былай дейді:
“Сендерге пайғамбарлық айтып жатқандарды тыңдамаңдар+.
Бұл пайғамбарлар сендерді адастыруда*.
17 Мені құрметтемейтіндерге олар:
—Ехоба сендерде тыныштық болады деп жатыр,— деулерін қоймайды+.
Ал қасарысқан жүрегінің қалауымен жүретін әркімге:
—Бастарыңа ешқандай апат түспейді,— дейді+.
18 Оның сөзін естіп, түсінетіндей,
Қайсысы Ехобаға жақын адамдардың арасында тұрыпты?
Тыңдау үшін кім оның сөзіне ден қойыпты?
19 Міне, Ехобаның қаһары алай-дүлей дауылдай соғып,
Борандай ұйытқып, зұлымдардың басына түседі+.
20 Жүрегіндегі ой-ниеттерін орындап, жүзеге асырмайынша,
Ехобаның ашуы қайтпайды.
Сендер мұны соңғы күндері анық түсінесіңдер.
21 Мен бұл пайғамбарларды жұмсамасам да, жүгіре жөнелді,
Оларға сөйлемесем де, өздері пайғамбарлық етті+.
22 Олар маған жақын адамдардың арасында шынымен тұрған болса,
Халқыма менің сөзімді жеткізіп,
Жаман жолы мен зұлым істерінен қайтарар еді+”.
23 “Мен жақындағыны ғана көріп, алыстағыны көрмейтін Құдаймын ба?”— дейді Ехоба.
24 “Адам құпия жерге жасырынып, көзімнен тасалана ала ма?”+— дейді Ехоба.
“Аспан мен жерде назарымнан тыс қалатын не бар?”*+— дейді Ехоба.
25 “Пайғамбарлардың менің атымнан жалған пайғамбарлық айтып, “Түс көрдім! Түс көрдім!” деп жүргендерін естідім+. 26 Мұндай жалған пайғамбарлық айту олардың жүрегінде қашанғы болмақ? Олар өз жүректерінен шыққан өтірікті айтып жүрген пайғамбарлар+. 27 Олар бір-біріне айтқан түстері арқылы халқыма менің есімімді ұмыттырғысы келеді. Ата-бабалары да Бағалға бола есімімді ұмытқан еді+. 28 Түс көрген пайғамбар түсін айта берсін, ал менің сөзімді алған пайғамбар сөзімді тура жеткізсін”.
“Сабан мен бидайдың арасында ортақ не бар?”— дейді Ехоба.
29 “Менің сөзім от сияқты+, жартасты талқандайтын ұстаның балғасындай емес пе+?”— дейді Ехоба.
30 “Сондықтан менің сөздерімді бір-бірінен ұрлайтын пайғамбарларға қарсы шығамын”,— дейді Ехоба+.
31 “Міне, тілдерімен “Құдай мынаны айтады!” дейтін пайғамбарларға қарсы шығамын”,— дейді Ехоба+.
32 “Жалған түстер айтатын пайғамбарларға қарсы шығамын. Олар өтірік әрі көпірме сөздерімен халқымды адастыруда”+,— дейді Ехоба.
“Мен оларды жіберген де, оларға бұйырған да емеспін. Сондықтан бұл халыққа олардың түк пайдасы жоқ”+,— дейді Ехоба.
33 “Не мына халық, не пайғамбар, не діни қызметкер саған: —Ехобадан қандай ауыртпалық* бар?— десе, оларға Ехоба мынаны айтады де: —Уа, халық, сендер ауыртпалықсыңдар. Мен сендерден бас тартамын+. 34 “Бұл — Ехобаның ауыртпалығы!” дейтін пайғамбарды, діни қызметкерді не қандай да бір адамды үй ішімен қоса жазаға тартамын. 35 Сендер бір-біріңе, бауырларыңа: —Ехоба не деп жауап берді? Ехоба не айтты?— деп жүрсіңдер. 36 “Ехобаның ауыртпалығы” деуді қойыңдар. Өйткені әркімге ауыртпалық болып тұрған — өзінің сөзі. Сендер тірі Құдайдың, Әскербасы Ехобаның, Құдайымыздың сөзін бұрмаладыңдар.
37 Сен пайғамбарға былай деп айтасың: —Ехоба саған не деп жауап берді? Ехоба не айтты? 38 Ал егер сендер “Ехобаның ауыртпалығы!” дегенді айта берсеңдер, Ехоба былай дейді: —Мен сендерге “Ехобаның ауыртпалығы” дегенді айтпаңдар дегеніме қарамай, сендер “Бұл сөз — Ехобаның ауыртпалығы” дей бергендерің үшін, 39 міне, мен сендерді де, өздеріңе әрі ата-бабаларыңа берген қаланы да көтеріп алып, қасымнан лақтырып тастаймын. 40 Мен сендерді біржола масқара етіп, ұятқа қалдырамын, бұл ешқашан ұмытылмайтын болады+”.