Қорынттықтарға 2-хат
5 Біз мынаны білеміз: жердегі үйіміз, яғни шатыр іспетті денеміз, қираса+, Құдай бізге көкте мәңгілік ғимарат, адам қолымен жасалмаған үй береді+. 2 Қазіргі үйімізде* ыңырсудамыз, өйткені киім іспетті киетін көктегі үйімізге ие болуды қатты аңсаймыз+. 3 Себебі оны кигенде, жалаңаш болмаймыз. 4 Осы шатырдағы біздер ауыртпалық көріп ыңырсудамыз. Оны шешіп тастағымыз келгендіктен емес, ажалды денені мәңгілік өмірмен ауыстыру үшін+, басқасын киюді қалағандықтан ыңырсудамыз+. 5 Бізді бұған дайындаған — болашақ баталардың кепілі ретінде өз рухын берген Құдай+.
6 Сондықтан біз әрқашан батылмыз. Осы дене үйіміз болып тұрғанда, Иемізден алыста екенімізді де білеміз+. 7 Өйткені біз көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүреміз. 8 Бізде еш күмән жоқ, әрі осы денеде болғаннан гөрі, үйіміздің Иемізбен бірге болғанын қалаймыз+. 9 Сондықтан онымен бірге болайық не алыста болайық, біздің мақсатымыз — оған ұнамды болу. 10 Себебі барлығымыз Мәсіхтің төрелік орнының алдында тұрамыз, әрі әрқайсымыз тәнімізде жүргенде жасаған жақсы не жаман істерімізге сай қарымтамызды аламыз+.
11 Ендеше Иемізден қорқу керектігін түсінгендіктен, өзгелерге көздерін жеткізе отырып тәлім берудеміз, бірақ біздің қандай адам екеніміз Құдайға аян. Бұл сендерге* де аян деп үміттенемін. 12 Өзімізді мақтап, сендерге тағы да ұсынатын ойымыз жоқ. Қайта, бізді мақтан тұтуға негіз беріп тұрмыз. Сонда жүрекке емес, сырт көрініске қарап мақтанатындарға жауап бере аласыңдар+. 13 Егер біз есімізден ауысқан болсақ+, бұл Құдай үшін, ал есіміз дұрыс болса, сендер үшін осылай болды. 14 Бізді талпындырушы күш — Мәсіхтің сүйіспеншілігі. Өйткені мынадай қорытындыға келдік: бір адам бәрінің игілігі үшін өлді+, себебі бәрі өлі еді. 15 Оның бәрі үшін өлгендегі мақсаты — өмір сүріп жатқандар енді өздері үшін емес+, өздерінің игілігі үшін өлген әрі қайта тірілген Мәсіх үшін өмір сүрулері.
16 Сондықтан біз ешкімге адами тұрғыдан қарамаймыз+. Егер Мәсіхке бұрын адами тұрғыдан қарасақ та, енді бұлай етпейміз+. 17 Сондықтан кім Мәсіхпен бірлікте болса, сол жаңа жаратылыс болып табылады+. Ескі нәрселер кетіп, міне, жаңалары пайда болды. 18 Бұның бәрі Құдайдан. Ол бізді Мәсіх арқылы өзімен татуластырып+, бізге татуластыру қызметін тапсырды+. 19 Атап айтқанда, Құдай дүниенің күнәларын есепке алмай+, Мәсіх арқылы оны өзімен татуластырды+, ал бізге осы татуластыру хабарын сеніп тапсырды+.
20 Біз Мәсіхтің орнына өкілміз+. Сондықтан оның орнына өкіл болғандар ретінде+, біз арқылы Құдай өтініп жатқандай: “Құдаймен татуласыңдар”,— деп өтінеміз. 21 Өзінің алдында бізді әділ ету үшін+, ол ешқашан күнә жасамаған+ Мәсіхті біздің күнәларымыз үшін құрбандыққа берді.