Лұқа
24 Ал аптаның бірінші күні* олар дайындаған хош иісті заттарын алып, таң сәріде қабірге барды+. 2 Сол жерге келсе, қабір аузындағы тас домалатылып алынып тасталған екен+. 3 Ішіне кірген олар Иеміз Исаның денесін таппады+. 4 Олар бұған аң-таң болып тұрғанда, жарқыраған киім киген екі кісі пайда болды. 5 Әйелдер қорыққандарынан төмен қарап, бастарын көтермеді, әлгі екі кісі болса былай деді: “Неге тіріні өлгендердің арасынан іздеп жүрсіңдер+? 6 Ол мұнда жоқ, өйткені қайта тіріліп кетті. Ғалилеяда болғанында сендерге не айтқанын естеріңе түсіріңдер. 7 Ол Адам Ұлының күнәкарлардың қолына ұстап берілуі, бағанаға ілінуі, ал үшінші күні қайта тірілуі тиіс екенін айтпап па еді+?” 8 Сонда олардың естеріне Исаның сөздері түсті+. 9 Олар сол жерден кетіп, 11 елші мен қалған шәкірттердің бәріне болған жайтты түгел айтып берді+. 10 Бұларды елшілерге айтып бергендер — мағдалалық Мәриям, Жоханна, Жақыптың анасы Мәриям және олармен бірге болған тағы басқа әйелдер еді. 11 Бірақ әйелдердің айтқандары бос сөз болып көрініп, олар бұған сенбеді.
12 Ал Петір орнынан тұрып, қабірге жүгіріп барып, ішіне еңкейіп қарап еді, тек кебінді көрді. Содан болған жайтқа таңырқап, кері қайтты.
13 Сол күні шәкірттердің екеуі Иерусалимнен 11 шақырымдай* жердегі Еммаус деген ауылға қарай бет алып, 14 болған жайттарды әңгіме етіп бара жатты.
15 Олар осылай өзара сөйлесіп, пікір алысып бара жатқанда, Исаның өзі жақындап келіп, оларға қосылды. 16 Бірақ шәкірттер оны танымады+. 17 Иса: “Нені қызу талқылап келе жатырсыңдар?”— деп сұрап еді, олар тұнжырап тұрып қалды. 18 Сосын Клеопа есімді біреуі: “Сен Иерусалимде тұрып, осы күндері онда болған жайтты білмейтін жатжерлік шығарсың?*”— деді. 19 Иса: “Қандай жайтты?”— деп сұрады. Олар мынаны айтты: “Назареттік Исамен+ болған жайтты. Ол Құдай мен бүкіл халық алдында ісімен де, сөзімен де құдіретті пайғамбар екенін көрсетіп еді+. 20 Ал жоғарғы діни қызметкерлеріміз бен басшыларымыз оны ұстап беріп, өлім жазасына кестіріп+, бағанаға ілгізді. 21 Біз осы кісі Исраилді құтқарады деп үміттенген едік+. Бұған қоса, осы жайттардың болғанына бүгін үшінші күн. 22 Сонымен қатар арамыздағы кейбір әйелдердің айтқандары бізді таңғалдырды. Өйткені олар таң сәріде қабірге барып+, 23 оның денесін таппапты. Сондай-ақ әлгі әйелдер оның тірі екенін айтқан періштелерді көргенін де айтып келді. 24 Сонда арамыздағы кейбіреулер қабірге барып+, бәрі де әйелдер айтқандай екенін көріпті, бірақ оның өзін көрмепті”.
25 Сол кезде Иса оларға былай деді: “Ей, түйсіксіздер-ай! Пайғамбарлар айтқан сөздердің барлығын неге бірден қабылдамайсыңдар? 26 Салтанатқа бөлену үшін+ Мәсіх осы азаптардан өтуі керек емес пе еді+?” 27 Бұдан кейін ол Мұса мен бүкіл пайғамбарлардан бастап+ Жазбалардың бәрінде өзі жайлы айтылғандарды түсіндіріп берді.
28 Өздері келе жатқан ауылға жақындағанда, Иса әрі қарай жүретін сыңай танытты. 29 Бірақ олар: “Бізбен бірге қал, кеш түсіп қалды ғой”,— деп өтініп тұрып алды. Содан ол ішке кіріп, солармен қалды. 30 Дастарқан басына жантайғанда, ол қолына нан алып, дұға етті де, сындырып бере бастады+. 31 Сонда олардың көздері ашылып, оның кім екенін таныды. Бірақ Иса ғайып болып кетті+. 32 Екеуі бір-біріне: “Ол жолшыбай бізбен сөйлесіп, Жазбалардың мәнін толығымен ашып бергенде, жүрегіміз жалындап кеткен жоқ па еді?”— десті. 33 Сосын бірден орындарынан тұрды да, Иерусалимге жүріп кетті. Қалаға келген соң, олар бірге жиналған 11 елші мен басқа да шәкірттерді тауып алды. 34 Бұлар: “Иеміз шынымен қайта тірілді! Ол Шимонға көрініпті!”+— деді. 35 Сонда әлгі екеуі де жолда не болғанын және оны нанды сындырғанынан қалай танығандарын айтып берді+.
36 Барлығы осы жайлы сөйлесіп тұрғанда, Исаның өзі орталарында пайда болып, оларға: “Сендерге тыныштық болсын!”— деді+. 37 Олар елес көріп тұрмыз деп ойлап, зәре-құттары қалмай қорқып кетті. 38 Сонда Иса былай деді: “Неге қорқасыңдар? Неге жүректеріңе күмән ұялады? 39 Қолдарым мен аяқтарыма қараңдар, бұл — менмін. Маған қол тигізіп, қарап көріңдер. Өйткені елесте менікіндей ет пен сүйек болмайды ғой”. 40 Осыны айтқаннан кейін, қолдары мен аяқтарын көрсетті. 41 Бірақ олар қуаныштан әлі де сенбей, таңғалып тұрғанда, Иса: “Мұнда жейтін бір нәрселерің бар ма?”— деп сұрады. 42 Олар қуырылған балықтан бөліп беріп еді, 43 ол алып, көздерінше жеді.
44 Бұдан кейін Иса: “Әлі өздеріңмен бірге болғанымда Мұса Заңында, пайғамбарлар жазбалары және Зәбүрде мен жайлы жазылғандар түгел орындалуы тиіс екенін айтқанымды естеріңе түсіріңдер”+,— деді. 45 Сосын Жазбалардың мәнін түсінулері үшін саналарын толығымен оятып+, 46 мынаны айтты: “Жазбаларда Мәсіхтің азап шегетіні, үшінші күні өлімнен қайта тірілетіні+, 47 сондай-ақ Иерусалимнен бастап+ оның атынан күллі халықтарға уағыз айтылып+, өкінгендердің бәрінің күнәлары кешірілетіні+ туралы жарияланатыны жазылған ғой. 48 Сендер осылар жайлы куәлік етесіңдер+. 49 Міне, мен сендерге Әкем уәде еткен сыйды бергелі жатырмын. Көктен келген құдіретке ие болғанша, қалада қалыңдар+”.
50 Бұдан соң Иса оларды Бетанияға дейін ертіп барды. Сол жерде қолдарын көтеріп, оларға бата берді. 51 Бата беріп тұрғанда, олардан бөлініп, көкке көтеріліп кетті+. 52 Ал олар Исаға тағзым етті де, зор қуанышпен Иерусалимге қайтты+. 53 Содан үнемі ғибадатханада болып, Құдайды мадақтап жүрді+.