Шежірелер 2-жазба
32 Езекияның адалдықпен жасаған осы істерінен+ кейін, Ассирия патшасы Сеннахирим Яһуда еліне аттанып, бекіністі қалаларын қоршауға алды. Ол сол қалалардың дуалдарын бұзып кіріп, басып алмақ болды+.
2 Сеннахиримнің елге басып кіріп, Иерусалимге қарсы соғыспақ болғанын көрген Езекия 3 бекзадаларымен және сарбаздарымен ақылдасып, қала сыртындағы су көздерін+ бітеп тастауды шешті. Олар бұл істе патшаны қолдады. 4 Содан көп адам жиналып, айналадағы бұлақтар мен су көздерінің бәрін бітеп тастады. Себебі олар: “Ассирия патшалары келген кезде, су таппай қалсын!”— дескен еді.
5 Бұған қоса, патша батыл іске кірісіп, қала қабырғасының құлаған жерін қайта тұрғызды. Үстіне мұнаралар салды, сосын сыртынан тағы бір қабырға тұрғызды. Ол Дәуіттің қаласындағы Миллода*+ да жөндеу жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ көп етіп қару-жарақ пен қалқан жасатты. 6 Патша халықтың үстінен әскери басшылар тағайындады да, барлығын қала қақпасының алдындағы алаңға жинап, былай деп жігерлендірді: 7 “Берік те батыл болыңдар! Ассирия патшасы мен оған еріп келе жатқан қалың нөпірден қорықпаңдар+, үрейлерің де ұшпасын! Біздің жағымыздағылар олардың жағындағылардан әлдеқайда көп+. 8 Олар білек күшіне сенеді, ал біз Құдайымыз Ехобаға сенеміз! Ол бізге көмектесіп, біз үшін шайқасады+!” Яһуда патшасы Езекияның бұл сөздері жұрттың рухын көтерді+.
9 Бұдан кейін бар сарбаздарымен Лахиште+ аялдаған Ассирия патшасы Сеннахирим Иерусалимдегі Яһуда патшасы Езекия мен күллі яһудалықтарға мынадай хабармен қызметшілерін жіберді+:
10 “Ассирия патшасы Сеннахирим былай дейді: —Сендер не нәрсеге сеніп, қоршауға алынған Иерусалимде отырсыңдар+? 11 Езекия “Құдайымыз Ехоба бізді Ассирия патшасының қолынан құтқарады+” деп, сендерді алдап, аштық пен шөлден өлтіргелі отыр емес пе?! 12 Құдайларыңның ғибадат төбелері+ мен құрбандық орындарын талқандап тастап+, “тек бір құрбандық ошағының алдында бас ұрыңдар, тек соның үстінде құрбандық түтінін түтетіңдер+” деген осы Езекия емес пе? 13 Менің және ата-бабаларымның жердің күллі тұрғындарына не істегенін+ білмеуші ме едіңдер?! Сол халықтардың құдайлары елдерін менің қолымнан құтқара алды ма+? 14 Ата-бабаларым құртып жіберген сол халықтардың қайсысының құдайы өз жұртын менің қолымнан құтқара алды? Ендеше, сендердің Құдайларың да өздеріңді менің қолымнан құтқара алмайды+! 15 Сондықтан Езекияның алдауына да, арбауына да беріліп қалмаңдар+! Оған сенбеңдер, өйткені ешбір халықтың құдайы өз жұртын менің және ата-бабамның қолынан құтқарған емес! Ендеше сендердің Құдайларыңа не жорық! Ол сендерді менің қолымнан еш құтқара алмайды+!”
16 Сеннахиримнің қызметшілері шынайы Құдай Ехобамен оның қызметшісі Езекияға қарсы тағы бірталай сөздер айтты. 17 Мұнысымен қоймай, Сеннахирим Исраил Құдайы Ехобаны қорлайтын+ хаттар+ жіберіп: “Өз жұртын менің қолымнан құтқара алмаған халықтардың құдайлары+ сияқты, Езекияның да Құдайы өз халқын менің қолымнан құтқара алмайды”,— деген сөздер жазды. 18 Оның қызметшілері қабырғаның үстінде тұрған Иерусалим тұрғындарына яһуди тілінде айғайлап қоқан-лоқы көрсетуін қоймады. Осылай оларды қорқытып-үркітіп, қаланы басып алмақ болды+. 19 Олар басқа халықтардың қолдан жасап алған құдайларын қорлағандарындай, Иерусалимнің Құдайына да тіл тигізді. 20 Бірақ Езекия патша мен Амос ұлы Ишая+ пайғамбар бұл жайлы дұға етіп, көктегі Құдайдан көмек сұрап жалбарынумен болды+.
21 Сонда Ехоба бір періштесін жіберіп, Ассирия патшасының қосындағы мықты сарбаздарды+, басшылар мен қолбасшыларды қырып тастады. Ал патша масқара болып еліне қайтты. Кейінірек өз құдайының ғибадатханасына кіргенде, туған ұлдары келіп оны семсермен шауып өлтірді+. 22 Осылай Ехоба Езекия мен Иерусалим тұрғындарын Ассирия патшасы Сеннахиримнің және басқалардың да қолынан құтқарып, айналасындағы жауларынан тыныштық сыйлады. 23 Осыдан кейін барлық халықтардың алдында Езекияның мерейі өсті. Олар Иерусалимге келіп, Ехобаға сый-тартулар, Яһуда патшасы Езекияға да бағалы сыйлықтар әкеліп жатты+.
24 Сол күндері Езекия науқастанып, өлім аузында жатты. Сонда ол Ехобаға дұға етті+, ал ол патшаға жауап беріп, белгі берді+. 25 Бірақ Езекия тәкаппарланып кетіп, өзіне жасалған жақсылықты ризашылықпен қабылдамады. Осылай өзін де, Яһуда елі мен Иерусалимді де Құдайдың қаһарына ұшыратты. 26 Әйтсе де оның өзі де, Иерусалим халқы да тәкаппарлануды қойып, кішіпейілділік танытты+. Сондықтан Ехоба Езекияның тұсында оларға қаһарын төккен жоқ+.
27 Езекия мол байлық пен атақ-даңққа ие болды+. Ол өзіне күміс, алтын, асыл тастар, бальзам майын, қалқандар және басқа да қымбат заттар сақтайтын қоймалар салғызды+. 28 Сондай-ақ астық, жаңа шарап пен май сақтайтын қоймалар және ірілі-ұсақты мал ұстайтын қоралар салғызды. 29 Құдай оған мол дүние-мүлік бергендіктен, патшаның қалалары, ірі қарасы мен төрт түлік малы көп болды. 30 Езекия Гихонның+ жоғарғы бұлағын бітеп+, суын батысқа, Дәуіттің қаласына+ бағыттады. Патшаның қолға алған ісінің бәрі алға басты. 31 Бірақ Бабыл бекзадалары елде болған белгі+ туралы біліп келуге өкілдерін жібергенде+, шынайы Құдай Езекияның жүрек түкпірінде не барын+ тексеру үшін+, оны жалғыз қалдырды.
32 Езекияның басқа да істері мен танытқан айнымас сүйіспеншілігі+ туралы Яһуда және Исраил патшаларының тарихы жазылған кітапқа+ енген Амос ұлы Ишая пайғамбардың аяндарында баяндалған+. 33 Ақырында Езекия ата-бабаларына қосылды да, сүйегі Дәуіт ұлдарының қабірлері тұрған қырға қойылды+. Езекия патша көз жұмғанда, бүкіл Яһуда мен Иерусалим тұрғындары оған сый-құрмет көрсетті. Ал орнына ұлы Манаса патша болды.