Самуилдің 2-жазбасы
14 Сарұяның ұлы Жоғаб+ Дәуіт патшаның Абессаломды сағынып жүргенін байқады+. 2 Сонда ол Текояға+ кісі жіберіп, бір ақылды әйелді алдыртты да, оған былай деді: “Жоқтап қайғырып жүрген адамдай азалы киім киіп алшы, үстіңе май да жақпа+. Қайта, жақынынан айырылып, көптен бері қайғырып жүрген әйел сияқты бол. 3 Сосын патшаға бар да, былай де...” Осылай оған не айту керектігін үйретті.
4 Текоялық әйел патшаға келіп, жерге жығыла кетіп: “Уа, патша, көмектесе көріңіз!”— деді. 5 Патша: “Не болды?— деп сұрап еді, әйел мынаны айтты: —Мен күйеуінен айырылған бейшара жесірмін. 6 Күңіңіздің екі ұлы бар еді, олар далада жүргенде төбелесіп қалып, ажырататын ешкім болмай, бірі екіншісін ұрып өлтірді. 7 Енді үй ішіндегілердің бәрі маған қарсы шығып, “бауырын өлтірген ұлыңды бізге бер. Мұрагердің жоқ болатынына қарамаймыз, өз бауырын өлтіргені үшін көзін құртамыз+” деп қоймай жатыр. Олар қалған жалғызымды өлтіріп, шырағымды сөндірмек. Жер бетінен күйеуімнің атын өшіріп, тұқымын жойып жібермек”.
8 Патша оған: “Үйіңе қайта бер, мәселеңді өзім шешіп берем”,— деді. 9 Текоялық әйел болса: “Уа, тақсыр ием, ұлымның күнәсі менің және әкемнің үй ішінің мойнында болсын. Ал патша мен оның әулетінің еш кінәсі жоқ”,— деп айтты. 10 Патша бұған: “Әлдекім саған бірдеңе десе, оны маған алып кел, сонда ол саған енді қайтып тиіспейді”,— деді. 11 Бірақ әйел: “Патша ием Құдайы Ехобаны есіне алса екен. Әйтпесе қанның кегін алушы+ ұлыма залал келтіріп, көзін құртып жіберер”,— деді. Дәуіт: “Тірі Құдай Ехобаның алдында шын айтамын*+, ұлыңның бірде-бір шашы жерге түспейді”,— деді. 12 Әйел: “Патша ием күңіне тағы бір бұйымтайын айтуға рұқсат етсе екен”,— деп өтінді. Патша: “Айта бер!”— деді.
13 Сонда ол мынаны айтты: “Уа, патша ием, неге Құдай халқына+ залал келтіретіндей іс жасауды ойлайсыз? Осы айтқан сөздерімен патша ием өзін айыптап отыр. Себебі аластатып жіберген ұлын әлі қайтармай жүр+. 14 Бәріміз де әйтеуір бір кезде өліп, қайта жинауға келмейтін, жерге төгілген су сияқты боламыз. Бірақ Құдай ешкімнің өлгенін қаламайды, қайта, өзінен аластатылған адамды өмір бақи солай қалдырмау үшін себеп іздейді. 15 Жұрт қорқытқандықтан, мен осыларды патша иеме айтуға келдім. Күңіңіз былай деп ойлады: “Патшама тағы бір бұйымтайымды айтайын, бәлкім, ол күңінің өтінішіне құлақ асар. 16 Патша мәселемді тыңдап, өзімді де, жалғыз ұлымды да Құдай берген мұрадан айырғысы келген адамның қолынан құтқарып қалар+”. 17 Сондықтан күңіңіз іштей: “Патшаның сөздері жаныма жұбаныш берсін”,— деді. Себебі тақсыр ием Құдайдың періштесі сияқты, жақсы мен жаманды айыра алады. Құдайыңыз Ехоба сізге жар бола көрсін”.
18 Сонда патша: “Сенен бір нәрсе сұрайын, ештеңе жасырмай шыныңды айтшы”,— деді. Әйел: “Патша ием, айта беріңіз,— дегенде, 19 ол: —Осының бәрін саған айтқызып отырған Жоғаб па+?”— деп сұрады. Әйелдің жауабы мынау болды: “Алдыңызда шын айтамын*, патша ағзам дөп түсті. Мен Жоғабтың тапсыруымен келіп отырмын. Күңіңіздің айтар сөзін аузына салып берген де — сол. 20 Қызметшіңіз Жоғаб мұны сіз бұл жайтқа басқа қырынан қараса екен деп істеп отыр. Бірақ патша ием шынайы Құдайдың періштесіндей дана, жер бетінде не болып жатқанның бәрін біледі”.
21 Осыдан кейін патша Жоғабты шақырып алып: “Жарайды, айтқаның болсын+. Барып, жас жігіт Абессаломды алып кел+”,— деді. 22 Бұны естігенде Жоғаб жерге дейін иіліп тағзым етіп, патшаны мақтады. Сосын былай деді: “Уа, патша ием, бүгін қызметшің ықыласыңа ие болғанын біліп отыр. Себебі патша қызметшісінің өтінішіне құлақ асты”. 23 Сөйтіп, ол Гесурге барып+, Абессаломды Иерусалимге әкелді. 24 Бірақ патша: “Ол өз үйіне барсын, менің жүзімді көрмесін!”— деді. Сондықтан Абессалом патшамен жүздеспей, өз үйіне оралды.
25 Бүкіл Исраилде көркі үшін Абессаломдай мақталған жігіт жоқ еді. Оның тұла бойында мін жоқ болатын. 26 Ол әр жылдың аяғында шашын қырқатын, өйткені шашы қатты ауырлап кететін. Қырқылған шашының салмағы патшаның таразы тасымен* өлшегенде, 200 шекелге* жететін. 27 Абессаломның үш ұлы+ және Тамар деген бір қызы бар еді. Қызы аса сұлу болатын.
28 Абессалом Иерусалимде екі жыл тұрды, бірақ патшаның жүзін көрмеді+. 29 Бірде ол патшаға жібермек болып Жоғабты шақыртты, бірақ ол келмеді. Абессалом екінші рет шақыртты, ол тағы да келмей қойды. 30 Сонда ол қызметшілеріне: “Менің жерімнің іргесіндегі Жоғабтың арпа еккен жер телімін көрдіңдер ғой. Барып, соны өртеп жіберіңдер!”— деп тапсырды. Олар Абессалом айтқандай, танапқа өрт қойды. 31 Сол кезде Жоғаб Абессаломға келіп: “Қызметшілерің менің жерімді неге өртеп жіберді?”— деді. 32 Абессалом былай деп жауап берді: “Кісі жіберіп, сені шақырттым емес пе? Мен мына сөздерімді патшаға жеткізуіңді өтінгім келіп еді: —Гесурден несіне оралдым+? Сонда қала бергенім жақсы еді. Патшам өзімен жүздесуге рұқсат етсін. Ал күнә жасаған болсам, мені өлтіре салсын!”
33 Жоғаб патшаға келіп, болған жайтты түгел айтып берді. Сонда патша Абессаломды шақыртты. Ол келіп, тізерлей кетті де, жерге дейін иіліп тағзым етті. Патша болса оның бетінен сүйді+.