Мұсаның 1-жазбасы
39 Ысмағұлдықтар+ Жүсіпті Мысырға әкелгеннен кейін+, оны перғауынның сарай қызметкері әрі бас қорғаушысы Потифар есімді мысырлық сатып алды+. 2 Ехоба Құдай Жүсіпке жар болғандықтан+, ол әрбір ісінде табысты болып, мысырлық қожайынының үйінде біраз міндеттер атқарды. 3 Қожайыны оған Ехобаның жар болып жүргенін және Ехоба оның барлық ісін оңғарып жатқанын байқады.
4 Жүсіп қожайынының көңілінен шыққандықтан, оны жеке қызметшісі етіп алды. Ол бүкіл үйін және иелігіндегінің бәрін оның қолына берді. 5 Қожайыны бүкіл үйі мен иелігіндегінің бәрін оған берген кезден бастап, Ехоба Жүсіп үшін мысырлықтың үйіне батасын төкті. Ехоба оның үйдегі болсын, даладағы болсын — бар иелігін жарылқады+. 6 Ақырында, ол өзіндегінің бәрін Жүсіпке сеніп тапсырып, жейтін тамағынан басқа еш нәрсені ойламады. Уақыт өте келе Жүсіп дене бітімі келісті, әдемі жігіт болды.
7 Қожайынының әйелі Жүсіпке көз сала бастады. Сөйтіп, оған: “Менімен жат”,— деді. 8 Бірақ Жүсіп бас тартып, былай деді: “Мен осында жүргендіктен, қожайыным үйіндегі еш нәрсені уайымдамайды, ол бәрін маған сеніп тапсырған. 9 Бұл үйде менен жоғары ешкім жоқ. Қожайыным өзіңізден басқаның бәрін қолыма берді, өйткені сіз оның зайыбысыз. Қалайша мен осындай ауыр қылмыс жасап, Құдай алдында күнәға батпақпын+?!”
10 Әйел күн сайын осылай мазалағанымен, Жүсіп ешқашан айтқанына көніп, онымен жақындасқан да, бірге уақыт өткізген де емес. 11 Бірде ол шаруасымен үйге кіргенде, іште қызметшілердің ешқайсысы жоқ екен. 12 Сонда әйел оның киімінен ұстай алып: “Менімен жатшы”,— деді. Бірақ Жүсіп сыртқа қаша жөнелді, киімі болса әйелдің қолында қалып қойды. 13 Киімін тастап, оның сыртқа қаша жөнелгенін көрген әйел 14 сырттағы қызметшілеріне айғайлап: “Қараңдаршы! Күйеуім әкелген мына еврей бізді мазақ етпекші. Ол үйге кіріп, мені зорламақ болды! Бірақ мен бар даусыммен айқай салдым. 15 Жан даусым шыққаны сол еді, ол киімін тастаған күйі сыртқа қаша жөнелді”,— деді. 16 Содан ол күйеуі үйге келгенше, Жүсіптің киімін жанына қойып қойды.
17 Күйеуі келгенде де, ол: “Алып келген еврей құлың мені мазақ етпек болды. 18 Бірақ мен дауыс көтеріп айғайлаған соң, киімін тастай сала қашты”,— деді. 19 Әйелінің “сенің құлың маған осылай да осылай істеді” деген сөздерін естігенде, қожайын қатты ашуланды. 20 Ол Жүсіпті патшаның тұтқындары жатқан түрмеге қаматып тастады. Осылайша Жүсіп түрмеде жатты+.
21 Ехоба Жүсіпке жар болып, оған айнымас сүйіспеншілігін төкті, осының арқасында ол түрме бастығының ықыласына ие болды+. 22 Сондықтан түрме бастығы барлық тұтқынды Жүсіптің қарамағына тапсырды. Ол не айтса, олар соны істейтін болды+. 23 Түрме бастығы Жүсіпке тапсырған істің ешқайсысын уайымдамайтын. Өйткені Ехоба оған жар болды және Ехоба оның барлық ісін оңғарып отырды+.