Мұсаның 5-жазбасы
27 Бұдан кейін Мұса Исраил ақсақалдарымен бірге халықтың алдында тұрып, былай деді: “Бүгін мен сендерге бұйырғандарымның бәрін орындаңдар. 2 Иорданнан өтіп, Ехоба Құдайларың бергелі жатқан жерге жеткенде, үлкен тастар орнатып, оларды әктеңдер+. 3 Сосын оларға осы бүкіл Заңда айтылған сөздерді жазып қойыңдар. Мұны өзеннен өтіп, Ехоба Құдайларың ата-бабаларыңа берген уәдесі бойынша, Ехоба Құдайларың иеліктеріңе беретін ағы мен балы ағыл-тегіл мол өлкеге кіргенде істейтін болыңдар+. 4 Иорданның арғы бетіне өткен соң, бүгін берген бұйрығыма сай, үлкен тастарды Евал тауына+ орнатып, әктеп қойыңдар. 5 Сонымен қатар Ехоба Құдайларыңа арнап сол жерде тастан құрбандық орнын тұрғызыңдар. Тастарға темір құрал-сайман тимесін+. 6 Ехоба Құдайларыңа арналған құрбандық орнын қашалмаған бүтін тастардан тұрғызыңдар. Оның үстінде Ехоба Құдайларыңа түгел өртелетін құрбандықтар ұсыныңдар. 7 Сол жерге татулық құрбандықтарын+ да әкеліп, етін жеп+, Ехоба Құдайларыңның алдында қуаныңдар+. 8 Ал тастарға осы бүкіл Заңда айтылған сөздердің бәрін анық етіп жазып қойыңдар+”.
9 Сосын Мұса мен леуілік діни қызметкерлер күллі Исраил халқына сөз жолдап: “Уа, Исраил, үндемей тұрып, тыңдап алыңдар! Бүгін сендер Ехоба Құдайларыңның халқы болдыңдар+. 10 Ехоба Құдайларыңның сөзіне құлақ асып, бүгін мен арқылы беріп тұрған заңдары+ мен нұсқауларын орындайтын болыңдар”,— деді.
11 Сол күні Мұса халыққа былай деп бұйырды: 12 “Иорданның арғы бетіне өткен соң, халыққа бата беру үшін Гаризим тауының+ етегінде тұратын рулар мыналар: шимон, леуі, яһуда, исахар, жүсіп, бениямин. 13 Ал қарғыс айту үшін Евал тауының+ етегінде тұратын рулар мыналар: рубен, ғад, ашир, забулон, дан, нафталим. 14 Леуіліктер Исраилдің күллі халқына қатты дауыспен былай десін+:
15 —Ехобаға жеркенішті+ тәңірдің мүсінін не бейнесін қашап не балқытып құйып+, ұстаның қолынан шыққан осы нәрсені құпия жерге орнатып қоятын адамды қарғыс атсын! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)
16 Әке-шешесін қорлаған адамды қарғыс атсын+! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)
17 Көршісінің мұралық жерінің шегара белгісін жылжытқан адамды қарғыс атсын+! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)
18 Соқырды жолынан адастырған адамды қарғыс атсын+! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)
19 Жатжерліктің, жетім-жесірдің+ ісін қарастырғанда, әділдікті бұрмалаған адамды қарғыс атсын+! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)
20 Әкесінің әйелімен жақындасқан адамды қарғыс атсын, өйткені ол әкесінің абыройын төкті+! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)
21 Жануармен жақындасқан адамды қарғыс атсын+! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)
22 Әпкесімен не қарындасымен, әкесінің немесе анасының қызымен жақындасқан адамды қарғыс атсын+! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)
23 Қайын енесімен жақындасқан адамды қарғыс атсын+! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)
24 Тасадан тап беріп, біреуді өлтірген адамды қарғыс атсын+! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)
25 Ақша алып, жазықсыз жанның қанын төккен адамды қарғыс атсын+! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)
26 Осы Заңның сөздерін орындамай, елеусіз қалдырған адамды қарғыс атсын+! (Сонда күллі халық: “Аумин!”— десін.)