Самуилдің 1-жазбасы
20 Дәуіт Рамақтағы Найоттан қашып кетті де, Жонатанға келіп: “Мен не істеп қойдым сонша+? Не жазығым бар? Әкең мені өлтіргісі келетіндей қандай күнә жасадым?”— деп сұрады. 2 Ол: “Бұлай бола қоймас+! Сен өлмейсің! Қандай іс болмасын, әкем маған айтпай істемейді. Ол мұндай жоспарын менен жасырмас еді. Бұлай болуы мүмкін емес”,— деп жауап берді. 3 Дәуіт болса: “Сенің маған оң көзбен қарайтыныңды әкең жақсы біледі+. Сондықтан: —Жонатанға бұл ауыр тиер, мұны ол білмей-ақ қойсын,— деп ойлаған болар. Тірі Құдай Ехобаның және сенің алдыңда шын айтамын*, менің өмірім қыл үстінде тұр+!”— деп тағы ант етті.
4 Жонатан оған: “Жаның не қаласа, сен үшін орындаймын”,— деді. 5 Сонда Дәуіт мынаны өтінді: “Ертең болатын Жаңа туған ай мейрамында+ мен патшамен дастарқандас болуым керек. Бірақ рұқсат етсең, қала сыртына барып, бүрсігүні кешке дейін жасырына тұрайын. 6 Әкең мені іздесе, оған: —Ол тездетіп өз қалам Бетлехемге+ барып келейін деп, қоярда-қоймай менен сұранып кетті. Бүкіл отбасы сонда жыл сайынғы құрбандығын шалып жатыр екен,— дерсің+. 7 Егер “жарайды” десе, онда қызметшіңе еш қауіп жоқ. Ал қатты ашуланса, маған жамандық жасауға бел буды дей бер. 8 Ехобаның алдында сертпен бекіткен достығымыз үшін+ қызметшіңе айнымас сүйіспеншілік таныта көр+. Ал қандай да бір айыбым болса+, мені өзің-ақ өлтіре сал. Әкеңе апарудың қажеті не?”
9 Бұған Жонатан: “Жоқ, олай деме! Ал әкемнің шынымен саған жамандық жасамақ ойы болса, міндетті түрде ескертемін”,— деді+. 10 Дәуіт одан: “Әкең саған қатал жауап берсе, маған бұл туралы кім айтады?”— деп сұрады. 11 Ол: “Жүр, сыртқа шығайық”,— деді де, екеуі сыртқа шықты. 12 Жонатан оған мынаны айтты: “Исраилдің Құдайы Ехоба куә: ертең не бүрсігүні әкеммен сөйлесемін. Оның көзі саған оң болса, міндетті түрде хабарлаймын. 13 Әкемнің саған жамандық істейтін ойы рас болса, бұл жайлы да хабарлап, аман-есен жөніңе жіберемін. Егер осы уәдемде тұрмасам, Ехоба мені жазалаған үстіне жазаласын. Әкеме жар болғандай+, Ехоба саған да жар болсын+. 14 Сен маған көзімнің тірісінде де, тіпті көз жұмғаннан кейін де Ехоба танытқандай айнымас сүйіспеншілік танытасың ғой+?! 15 Ехоба Дәуіттің жауларын жер бетінен құртып жібергенде де, менің үй ішімді айнымас сүйіспеншілігіңнен ешқашан айырма+”. 16 Осылай Жонатан Дәуіт үйімен келісім жасасып: “Ехоба сенің жауларыңды жауапқа тартады”,— деді. 17 Жонатан Дәуітке қайтадан ант бергізіп, сүйіспеншілігі туралы сертін жаңғыртқызды. Өйткені ол Дәуітті жанындай жақсы көретін+.
18 Бұдан кейін Жонатан мынаны айтты: “Ертең Жаңа туған ай мейрамында+ орның бос тұратындықтан, жоқ екенің білініп қалады. 19 Ал бүрсігүні сені іздейтіні сөзсіз. Сен болсаң бұған дейін* жасырынған жеріңе барып, тастың маңында бол. 20 Ал мен бір нысананы көздегендей болып, сол жаққа қарай үш рет садақ атамын. 21 Сосын қызметшімді жебелерді тауып әкелуге жұмсаймын. Оған “Жебелер бергі жағыңда жатыр, оларды алып кел” десем, шығып келе бер. Тірі Құдай Ехобаның алдында шын айтамын*, демек, саған еш қауіп төніп тұрған жоқ. 22 Ал “Жебелер әріректе, алдыңда жатыр” десем, онда кете бер. Демек, Ехобаның сені жібергені. 23 Бір-бірімізге берген сертімізге келер болсақ+, бұған Ехоба мәңгі куә болсын+”.
24 Содан Дәуіт қала сыртында жасырынып жатты. Жаңа туған ай мейрамында патша дастарқан басына келіп, өз орнына отырды+. 25 Патша әдеттегідей қабырғаның тұсында, Жонатан оған қарама-қарсы, Әбінер+ болса жанында отырды. Ал Дәуіттің орны бос тұрды. 26 Саул: “Бір жағдай болып, арамданып қалған шығар+, әлі тазармаған ғой”,— деп ойлап, сол күні ештеңе демеді. 27 Келесі күні де Дәуіттің орны бос тұрған соң, Жонатаннан: “Неге Есейдің ұлы+ кеше де, бүгін де асқа келмеді?”— деп сұрады. 28 Ол әкесіне былай деп жауап берді: “Дәуіт менен қоярда-қоймай сұранып, Бетлехемге кетті+. 29 Ол: —Мені жіберші, отбасым қалада құрбандық шалайын деп жатыр. Ағам маған “қалмай кел” деген еді. Егер ықыласыңа ие болсам, ешкімге білдірмей, бауырларымды көріп келуге рұқсат ете көр,— деді. Сол үшін ол патшаның дастарқанына келмеді”. 30 Сонда Саул Жонатанға қатты ашуланып: “Әй, бүлікшіл әйелден туған неме! Сенің ана Есейдің ұлының жағына шығып, өзіңді де, шешеңді де масқара етіп жүргеніңді білмейді дейсің бе?! 31 Есейдің ұлы жер басып жүргенде өзіңе де, патшалығыңа да қауіп төніп тұрады+. Кәне, адам жіберіп, оны маған алдырт! Ол өлу керек+!”— деді.
32 Бірақ Жонатан әкесіне: “Өлтіретіндей ол не істеп қойды?”— деп еді+, 33 Саул оны өлтірмекші болып, найзасын лақтырып жіберді+. Бұдан ол әкесінің Дәуітті өлтіруге бел буғанын түсінді+. 34 Жонатан қатты ашуланып, дастарқан басынан ұшып тұрып, кетіп қалды. Әкесінің Дәуітті қорлағаны қатты жанына батып, ол мейрамның екінші күні нәр татпады+.
35 Келесі күні таңертең Жонатан бір жас қызметшісін ертіп, Дәуітпен келіскен жеріне барды+. 36 Ол қызметшісіне: “Атқан жебелерімді жүгіріп барып алып кел”,— деді де, жігіт жүгіріп кеткенде, жебе әрірек барып түсетіндей етіп атып жіберді. 37 Қызметші жебе түскен жерге жете бергенде, Жонатан оған: “Жебе әріректе, алдыңда жатыр!— деді де, 38 артынан: —Тез бол, кідірме!”— деп айқайлады. Ол жебелерді жинап алып, қожайынына әкелді. 39 Жігіт ештеңені аңғармады, бұның мәні Жонатан мен Дәуітке ғана белгілі еді. 40 Бұдан кейін Жонатан қызметшісіне қару-жарағын беріп: “Мыналарды қалаға алып бар”,— деді.
41 Жігіт кеткеннен кейін, Дәуіт оңтүстік жақтағы жасырынып отырған жерінен шығып, үш рет жерге дейін иіліп тағзым етті. Олар бір-бірінің беттерінен сүйіп, көз жастарын көл етті. Дәуіт көбірек жылады. 42 Сосын Жонатан онымен қоштасып, былай деді: “Аман-есен бара бер. Біз Ехобаның атымен серттесіп+, екеуміздің және сенің ұрпағың мен менің ұрпағымның арасында Ехоба мәңгіге куә болсын дедік қой+”.
Бұдан кейін Дәуіт жөніне кетті, ал Жонатан қалаға қайтты.