Жақып
5 Байлар, енді сендер тыңдаңдар: бастарыңа қасірет түскелі тұр+, сондықтан зар еңіреп жылаңдар. 2 Сендердің байлықтарың шіріп, киімдерің күйеге жем болды+. 3 Алтын мен күмістеріңді тот басты. Солардың тоты өздеріңе қарсы айғақ болып, тәндеріңді жалмап жоқ қылады. Соңғы күндерге арнап жинап-тергендерің от іспетті болады+. 4 Міне, танаптарыңда егін жинағандардың төленбеген еңбекақысы үн қатып айқайлауда, орақшылардың көмек сұраған дауысы Әскербасы Ехобаның құлағына жетті+. 5 Сендер жер бетінде шалқып, тән құмарлықтарына беріліп өмір сүрдіңдер. Ішіп-жеп, сойылатын күнге арнап бордақыланған мал іспетті семіріп алдыңдар+. 6 Сендер айыптадыңдар, әділ адамды өлімге кестіңдер. Қалайша ол сендерге қарсы шықпасын?
7 Бауырластар, Иеміздің осында болатын кезі келгенше+, шыдамды болыңдар. Қараңдаршы, диқан жерден құнды өнім күтіп, күзгі және көктемгі жаңбыр+ түскенше, шыдамдылық танытады. 8 Сендер де шыдамды болыңдар+. Жүректеріңді мызғымастай етіңдер, өйткені Иеміздің осында болатын кезі таяп қалды+.
9 Бауырластар, сотталмауларың үшін бір-біріңе налымаңдар+. Міне, Соттаушы есік алдында тұр. 10 Бауырластар, азап шегіп, шыдамды+ болуға қатысты Ехобаның атынан сөйлеген пайғамбарлардан үлгі алыңдар+. 11 Біз қиындықтарға төзгендерді бақытты деп айтамыз+. Сендер Әйүптің төзімділігі+ жайлы естігенсіңдер, соңында Ехобаның оған қалай батасын бергенін де білесіңдер+. Бұдан Ехобаның өте жанашыр әрі мейірімді екенін көрдіңдер+.
12 Ал бәрінен бұрын, бауырластарым, аспанмен, жермен не тағы басқа нәрсемен ант етуді доғарыңдар! Құдай сендерді соттамау үшін, “иә” дегендерің “иә”, “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын+.
13 Араларыңдағы біреу азап шегіп жүр ме? Онда ұдайы дұға етсін+. Көңілі көтеріңкі ме? Онда мадақтау жырларын айтсын+. 14 Араларыңдағы біреу ауырып қалды ма? Онда қауым ақсақалдарын шақырсын+. Олар Ехобаның атынан оған май жағып, дұға етсін+. 15 Сеніммен айтылған дұға науқасты* сауықтырып, Ехоба оны аяққа тұрғызады. Егер күнә* жасаған болса, онысы кешіріледі.
16 Сондықтан сауығуларың үшін, бір-біріңе күнәларыңды ашық мойындап+, бір-бірің үшін дұға етіңдер. Әділ адамның жалбарына айтқан дұғасының әсері орасан зор+. 17 Ілияс пайғамбар біздікіндей сезімі бар адам болған. Әйтсе де ол жаңбыр жаумасын деп шын жүректен дұға еткенде, сол жерге үш жарым жыл бойы жаңбыр жауған жоқ+. 18 Ол қайтадан дұға еткенде, аспаннан жаңбыр жауып, жер өнім берген еді+.
19 Бауырластарым, араларыңдағы біреуің шындық жолынан адасып, басқа біреуің оны кері қайтарсаңдар, 20 онда күнәкарды теріс жолдан қайтарған адам+ оның жанын өлімнен сақтап, көптеген күнәларын жабатынын біліңдер+.