Даниял
5 Белшазар*+ патша мың ұлыққа арнап үлкен той-думан жасап, солардың алдында шарап ішіп отырды+. 2 Шараптың қызуымен ол әкесі* Навуходоносор кезінде Иерусалимдегі ғибадатханадан алып келген алтын-күміс ыдыстарды әкелуді бұйырды+. Осылай өзі де, ұлықтары да, кәнизактары мен кіші әйелдері де сол ыдыстармен шарап ішпек болды. 3 Сонда Құдайдың Иерусалимдегі ғибадатханасынан әкелінген алтын ыдыстарды алдыртып, патша да, ұлықтары да, кәнизактары мен кіші әйелдері де сол ыдыстармен шарап ішті. 4 Шарап ішіп отырып, олар алтын, күміс, мыс, темір, ағаш пен тастан жасалған құдайларды дәріптеді.
5 Сол сәтте адамның саусақтары пайда болып, патша сарайындағы шамдалдың артындағы сыланған қабырғаға жаза бастады. Патша жазып жатқан қолды сырт жағынан көрді. 6 Сонда оның өңі бозарып*, өз ойынан шошып кетті. Ол қалш-құлш етіп, тізелері бір-біріне соғыла бастады+.
7 Патша қатты дауыстап сәуегейлерді, халдей жұлдызжорамалшылары мен басқа да жұлдызжорамалшыларды шақыртты+. Сөйтіп, Бабылдың данышпандарына: “Кім мына жазуды оқып, мәнін түсіндіріп берсе, соның үстіне күлгін киім кигізіп, мойнына алтын алқа тағамын+, оны патшалықтың үшінші билеушісі етемін+”,— деді.
8 Данышпандардың бәрі патшаның алдына келді, бірақ олар жазуды оқи да, мәнін патшаға түсіндіре де алған жоқ+. 9 Сонда Белшазар патша одан бетер қорқып, өңі құп-қу болып кетті. Ұлықтар да әбден састы+.
10 Патша мен ұлықтардың сөзін естіген патшайым* той-думан болып жатқан жерге кіріп келді. Сөйтіп, ол былай деді: “Уа, патша, мәңгі жасаңыз! Өзіңізге келген ойлардан зәреңіз ұшпасын, өңіңіз де қашпасын. 11 Патшалығыңызда қасиетті құдайлардың рухы қонған бір кісі бар. Әкеңіздің* тұсында оның көзі ашық, ақыл-парасаты мол, құдайларға тән даналық дарыған кісі екені белгілі болған+. Әкеңіз Навуходоносор патша оны сиқыршылықпен айналысатын абыздардың, сәуегейлердің, халдей жұлдызжорамалшылары мен басқа да жұлдызжорамалшылардың үстінен басшы етіп тағайындаған болатын+. Уа, патша, әкеңіз осылай істеп еді. 12 Патша Балташазар+ деп атаған сол Даниял асқан қабілетті, білімді және зерделі адам, сондықтан түстерді жорып, жұмбақтарды, қиын мәселелердің түйінін шеше алады+. Ендеше, сол Даниялды шақыртыңыз, ол сізге мына жазудың мәнін түсіндіріп береді”.
13 Содан Даниял патшаның алдына әкелінді. Патша оған былай деді: “Әкем Навуходоносор патша Яһуда елінен жер аударып әкелген+ Даниял сенсің бе+? 14 Естуімше, сен құдайлардың рухы қонған+, көзің ашық, ақыл-парасатың мол, асқан дана адам екенсің+. 15 Мына жазуды оқып, түсіндіріп берсін деп данышпандар мен сәуегейлерді алдыртып едім, бірақ олар жазудың мәнін айта алмады+. 16 Сені құпияларды ашып+, қиын мәселелердің түйінін шеше алады деп естідім. Егер мына жазуды оқып, мәнін айтып бере алсаң, үстіңе күлгін киім кигізіп, мойныңа алтын алқа тағып, патшалықтың үшінші билеушісі етемін+”.
17 Бұған Даниял былай деп жауап берді: “Сыйлықтарыңыз өзіңізде қалсын, тартуларыңызды басқаларға беріңіз. Алайда мен мына жазуды патшаға оқып, мәнін түсіндіріп беремін. 18 Уа, патша, Алла Тағала әкеңіз Навуходоносорға патшалық, ұлылық, сый-құрмет пен атақ-даңқ сыйлады+. 19 Оны осындай ұлылыққа бөлегендіктен, барлық халықтар, ұлттар мен тілдің адамдары одан қорқып, діріл қағатын+. Патша қалаған адамын өлтіріп, қалағанын тірі қалдыратын, сондай-ақ қалаған адамын жоғарылатып, қалағанын төмендететін+. 20 Бірақ ол жүрегі тәкаппарланып, қасарысып, менмендікпен әрекет ете бастағанда+, патшалық тағынан түсіріліп, атақ-даңқынан айырылды. 21 Содан адамдар арасынан қуылып, жүрегі аңның жүрегіндей болып, құландармен бірге мекендеді, бұқалар сияқты шөп жеп, үсті-басы аспан шығына малынды. Ол Алла Тағала адамзат патшалығының Билеушісі екенін, сондай-ақ бұл билікті қалаған адамына беретінін түсінгенше, сондай күйде қала берді+.
22 Ал сіз, оның ұлы* Белшазар, осының бәрін білсеңіз де, жүрегіңізде кішіреймедіңіз. 23 Қайта, көктің Иесіне қарсы бас көтердіңіз+. Оның үйінің ыдыстарын алдыртып+, өзіңіз де, ұлықтарыңыз да, кәнизактарыңыз бен кіші әйелдеріңіз де солармен шарап ішіп, ештеңе көрмейтін, естімейтін, ештеңе білмейтін, күмістен, алтыннан, мыстан, темірден, ағаш пен тастан жасалған құдайларды+ дәріптедіңіз. Бірақ Құдайды мадақтамадыңыз, ал өміріңіз+ бен барлық жолыңыз соның қолында ғой. 24 Сондықтан ол осы қолды жіберіп, мына жазуды жаздырып отыр+. 25 Бұл жазу мынадай: МЕНЕ, МЕНЕ, ТЕКЕЛ және ПАРСИН*.
26 Бұл сөздердің мағынасы мынау: МЕНЕ — Құдай сіздің патшалығыңыздың күндерін санап, оны тоқтатты+.
27 ТЕКЕЛ — сіз таразыға тартылып, өте жеңіл деп табылдыңыз.
28 ПЕРЕС — патшалығыңыз бөлініп, мидиялықтар мен парсыларға берілді+”.
29 Сонда Белшазардың бұйрығымен Даниялдың үстіне күлгін киім кигізіліп, мойнына алтын алқа тағылды. Сөйтіп, ол патшалықтың үшінші билеушісі деп жарияланды+.
30 Дәл сол түні халдейлердің патшасы Белшазар өлтірілді+. 31 Патшалық мидиялық Дарийдің+ қолына берілді. Ол кезде Дарий шамамен алпыс екі жаста еді.