Езекиел
8 Алтыншы жылдың алтыншы айының бесінші күні менің үйіме Яһуда ақсақалдары келді. Солармен бірге отырғанымда, Әлемнің Әміршісі Ехоба маған құдіретін қондырды. 2 Қарасам, біреудің сұлбасы тұр екен, ол отқа ұқсайтын: белі сияқты болып көрінген жерінен төменгі жағы от болды+, ал белінен жоғарғы жағы алтын мен күмістің қоспасындай жарқырап тұрды+. 3 Ол қол сияқты бірдеңені созып, шашымнан ұстады. Сонда рух мені көтеріп алып, көк пен жердің арасымен Құдай берген аянда Иерусалимге апарды. Ол мені Құдайдың қаһарын туғызатын мүсін тұрған жерге+, солтүстікке қарап тұрған ішкі қақпаның аузына апарды+. 4 Қарасам, сол жерде бұдан бұрын жазық далада көргенімдей+, Исраил Құдайының салтанаты тұр екен+.
5 Ол маған: “Адам ұлы, солтүстікке қарашы”,— деді. Мен қарағанымда, құрбандық ошағына апаратын солтүстік қақпа мен оның алдында тұрған Құдайдың қаһарын туғызатын сол мүсінді көрдім. 6 Ол сөзін жалғап: “Адам ұлы, Исраил үйінің мұнда не істеп жатқанын көрдің бе? Мені ғибадатханама жолатпау үшін+, олар сұмдық, жеркенішті істермен айналысып жатыр+. Бірақ сен бұдан да жеркеніштісін көресің”,— деді.
7 Сосын ол мені ауланың кіреберісіне әкелді. Қарасам, дуалда тесік бар екен. 8 Сонда ол: “Адам ұлы, дуалдағы тесікті үңгіп, арғы жағына өтші”,— деді. Мен үңги түсіп едім, әрі қарай өтетін жерді көрдім. 9 Ол маған: “Ішке кіріп, олардың қандай жиренішті істермен айналысып жатқанына қара”,— деді. 10 Кіргенімде, қабырғаларға айналдыра ойып салынған неше түрлі бауырымен жорғалаушылар, жеркенішті аңдар+ мен Исраил үйінің жеркенішті пұттарының бейнелерін көрдім+. 11 Олардың алдында Исраил үйінің 70 ақсақалы тұрды, араларында Шафан+ ұлы Язаниях та бар еді. Әрқайсысының қолында хош иісті зат түтететін ыдыстары бар екен. Ыдыстарындағы түтетілген хош иісті заттардан шыққан түтін жоғары көтеріліп жатты+. 12 Ол тағы да маған мынаны айтты: “Адам ұлы, Исраил үйінің ақсақалдары “бізді Ехоба көрмейді, Ехоба бұл жерді тастап кеткен”+ деп, қараңғыда, ойып жасалған пұт бейнелері бар түпкі бөлмелерінде, не істеп жатқандарын көрдің бе?”
13 Бұдан кейін ол: “Сен олардың бұдан да сорақы, жеркенішті нәрселер жасап жатқанын көресің”,— деді. 14 Сосын мені Ехобаның киелі үйінің солтүстік қақпасының алдына апарды. Сол жерде Таммуз тәңірін жоқтап, жылап отырған әйелдерді көрдім.
15 Сонда ол: “Адам ұлы, мынаны көрдің бе? Сен әлі бұдан да сорақы, жеркенішті нәрселерді көресің+”,— деді де, 16 мені Ехобаның киелі үйінің ішкі ауласына апарды+. Мен Ехобаның ғибадатханасының алдында, яғни кіреберіс пен құрбандық ошағының арасында, 25 шақты кісінің Ехобаның ғибадатханасына теріс қарап, жүздерін шығысқа беріп тұрғанын көрдім. Олар Күнге табынып жатыр екен+.
17 Ол маған былай деді: “Адам ұлы, көріп тұрсың ба? Яһуда үйі осындай жеркенішті істермен айналысқаны аз болғандай, енді елді зұлымдыққа толтырып+, мені қорлауын қояр емес. Олар бұтақшаларын* мұрныма тықпыштайды. 18 Сондықтан мен қаһарлана әрекет етемін. Оларды еш аямаймын, жаным да ашымайды+. Құлағыма бар дауыстарымен айқайласа да, естімеймін+”.