Езекиел
33 Ехоба маған сөзін арнап былай деді: 2 “Адам ұлы, өз халқыңның ұлдарына+ мына хабарымды жеткіз: —Мен бір елге қарсы жау семсерін жібергенімде+, сол елдің адамдары бір кісіні таңдап алып, күзетші етіп қойды делік. 3 Елге семсер төніп келе жатқанын көрген күзетші керней тартып, жұртты ескертеді+. 4 Кімде-кім керней үнін естіп, бірақ ескертуді елемегендіктен+ семсерден өлсе, оның қаны өз мойнында болады+. 5 Ол керней үнін естігенмен, ескертуге құлақ аспады, сондықтан оның қаны өз мойнында болады. Себебі ескертуге құлақ асқанында, ол жанын аман алып қалар еді.
6 Ал егер күзетші елге семсер төніп келе жатқанын көре тұра, керней тартып, жұртты ескертпесе+, әрі жау біреуді жанынан айырса, ол кісі өз күнәсі үшін өледі, бірақ мен оның қаны үшін күзетшіні жауапқа тартамын+.
7 Адам ұлы, мен де сені Исраил үйіне күзетші етіп тағайындадым. Сен менің аузымнан шыққан сөзді тыңдап, оларға ескертуімді жеткізуге тиіссің+. 8 Егер мен зұлым адамға “Ей, зұлым, сен өлесің!”+ десем, ал сен оны жолынан қайтуы үшін ескертпесең, ол зұлым болғандықтан өз күнәсі үшін өледі+, бірақ қаны сенің мойныңда болады. 9 Алайда сен ескертсең, бірақ ол алған бетінен қайтпаса, ол күнәсі үшін өледі+, ал сен өз жаныңды аман алып қаласың+.
10 Адам ұлы, Исраил үйіне хабарымды жеткіз! Олар: “Мойнымыздағы бүлігіміз бен күнәларымыздың кесірінен құрып бара жатсақ+, қалай аман қаламыз+?”— дейді. 11 Сен оларға сөзімді жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім — мен зұлым адамның өлгеніне қуанбаймын+, қайта, теріс жолдан қайтып+, өмір сүргеніне қуанамын+. Ей, Исраил үйі, кері қайт, теріс жолыңды таста+, өзіңді өлімге душар етіп қайтесің+?
12 Адам ұлы, халқыңның ұлдарына мынаны айт: —Әділ адам бүлік шығарса, әділдігі оны құтқара алмайды+. Зұлым адам зұлымдығынан қайтса, бұрын зұлым болғаны үшін жапа шекпейді+. Тап сол сияқты, әділ адам күнә жасаса, кезінде әділ болғаны үшін өмірін сақтап қала алмайды+. 13 Егер мен әділ адамға “Сен өмір сүресің!” десем, бірақ ол әділдігіне сеніп, жамандық жасаса+, оның әділ істерінің ешқайсысы еске алынбайды, ол жасаған жамандығы үшін өледі+.
14 Ал егер зұлым адамға “Сен өлесің!” десем, бірақ ол күнә жасауын қойып, заңды да әділ әрекет ете бастап+, 15 алған кепілі+ мен тонаған затын қайтарса+, жамандық жасамай, өмірге бастайтын жарлықтарымды ұстанып жүрсе, ол өлмейді, өмір сүре береді+. 16 Оның күнәларының ешқайсысы еске алынбайды+. Ол заңды да әділ әрекет еткені үшін міндетті түрде өмір сүретін болады+.
17 Бірақ сенің халқыңның ұлдары: “Ехобаның бұлай еткені әділдікке жатпайды”,— дейді. Негізінде, менің емес, олардың істері әділдікке жатпайды.
18 Егер әділ адам әділдігінен тайып, әділетсіздік жасаса, ол сонысы үшін өлуі тиіс+. 19 Зұлым адам жасап жүрген зұлымдығын қойып, әділ де дұрыс әрекет ете бастаса, сонысы үшін өмір сүреді+.
20 Бірақ сендер: “Ехобаның бұлай еткені әділдікке жатпайды”,— дейсіңдер+. Ей, Исраил үйі, мен әрқайсысыңа істеріңе қарай үкім шығарамын”.
21 Жер аударылғанымызға 12 жыл болғанда, оныншы айдың бесінші күні, Иерусалимнен қашып келген бір кісі+ маған “Қала тас-талқан болды!”+ деген хабар әкелді.
22 Мұның алдындағы кеште Ехоба құдіретін дарытып, таңертең әлгі кісі келмес бұрын маған тіл бітірген еді. Сондықтан мен қайтадан сөйлей алатын болдым+.
23 Ехоба маған сөзін арнап былай деді: 24 “Адам ұлы, мына қираған қаланың тұрғындары+ Исраил жері туралы: “Ыбырайым жалғыз болса да, осы жерді иемденген еді+. Ал біз көппіз ғой, оның біздің иелігімізге берілгені сөзсіз”,— дейді.
25 Сондықтан оларға хабарымды жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Сендер етті қанын ағызбай жейсіңдер+, жеркенішті пұттарға арқа сүйейсіңдер, қан төгуді де қоймайсыңдар+. Сөйте тұра осы жерді иемденгілерің келе ме? 26 Сендер семсерлеріңе сенесіңдер+, жиренішті қылықтар жасайсыңдар, әрқайсысың жақыныңның әйелін арамдайсыңдар+. Сөйте тұра осы жерді иемденгілерің келе ме+?
27 Оларға менің сөздерімді айт! Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Өз атыммен ант етемін*, қираған қалада тұрып жатқан халық семсерден қырылады, одан тысқарыда жүргендерін жабайы аңдарға жем қыламын, ал қамалдар мен үңгірлерде тұрып жатқандары індеттен өледі+. 28 Мен елді қаңыраған қу далаға айналдырамын+. Сонда оның асқақтаған өркөкіректігінен түк те қалмайды. Исраилдің бос қалған таулары арқылы ешкім өтпейтін болады+. 29 Жасаған күллі жеркенішті істері+ үшін елді қаңыраған қу далаға айналдырғанымда+, олар менің Ехоба екенімді білетін болады.
30 Адам ұлы, сенің халқың дуалдың жанында, үйлердің кіреберістерінде тұрып, сені әңгіме қылады+. Олар бір-біріне, әрқайсысы өз бауырына: “Жүр, Ехобадан келген сөзді тыңдап қайтайық”,— дейді. 31 Сөйтіп, олар менің халқым сияқты сенің алдыңа жиналып, сөзіңді тыңдайды, бірақ орындамайды+. Олар майда тілмен саған жағымпазданғанмен, жүректері арам пайда көксейді. 32 Міне, сен олар үшін ішекті аспапта шебер ойнайтын, әдемі дауыспен махаббат әндерін айтатын әнші іспеттісің. Олар сөзіңді тыңдайды, бірақ ешкім соған сай әрекет етпейді. 33 Бірақ мұның бәрі жүзеге асқанда, ал бұл міндетті түрде жүзеге асады, олар араларында пайғамбардың болғанын білетін болады+”.