Самуилдің 1-жазбасы
25 Біраз уақыт өте Самуил+ көз жұмды. Күллі Исраил жиналып, аза тұтып, оның мәйітін Рамақтағы үйінің жанына қойды+. Бұдан кейін Дәуіт Паран шөліне қарай түсті.
2 Мағонда+ бір өте бай кісі тұратын. Ол 3000 қойы мен 1000 ешкісін Кармилдегі*+ жайылымында ұстайтын. Бұл кезде ол Кармилде қойларын қырқып жатты. 3 Халеп+ ұрпағынан шыққан бұл кісінің аты Набал+, әйелінің аты Әбигел+ еді. Әбигел ақылды да әдемі, ал күйеуі қатал әрі жаман адам болатын+. 4 Шөл далада жүрген Дәуіт Набалдың қой қырқып жатқаны туралы естіді. 5 Сонда ол он жігітін жұмсап, мынаны тапсырды: “Кармилге көтеріліп, менің атымнан Набалдан амандық сұрап, 6 былай деңдер: —Өзіңізге ұзақ өмір мен амандық, үй ішіңіз бен бүкіл иелігіңізге де амандық тілеймін. 7 Сіздің қой қырқып жатқаныңызды естідім. Шопандарыңыз қасымызда қойларын бағып жүргенде, біз оларды жәбірлемедік+. Кармилдегі малыңыздан бірде-бір тұяқ жоғалған емес. 8 Жігіттеріңізден сұрасаңыз, олар мұны растайды. Қуанышты күні келген екенбіз, жігіттерімді жылы жүзбен қабылдай көріңіз. Қызметшілеріңізге және балаңыз Дәуітке қолыңызда бардан берсеңіз екен+”.
9 Содан жігіттер Набалға келіп, Дәуіттің сәлемін жеткізді. Олар сөздерін аяқтағанда, 10 Набал мынаны айтты: “Есей ұлы Дәуіт кім сонша? Бүгінде не көп, қожайындарынан қашып жүрген құл көп+. 11 Наным мен суымды, қырқымшыларыма сойған малымды қайдағы біреулерге беруім керек пе?!”
12 Жігіттер кері қайтып, Дәуітке оның сөздерінің бәрін айтып берді. 13 Дәуіт мұны ести сала, жігіттеріне: “Семсерлеріңді белдеріңе байлаңдар!”— деп бұйырды+. Сөйтіп, бәрі де, Дәуіттің өзі де семсерін беліне байлап алды. Оған 400-ге жуық адам ерді, ал 200-і тұрақтаған жерлеріндегі жүк басында қалды.
14 Осы аралықта Набалдың қызметшілерінің бірі оның әйелі Әбигелге келіп, былай деп хабарлады: “Шөл далада жүрген Дәуіт жігіттерін жіберіп, қожайынымыздың амандығын сұраған еді, бірақ Набал оларды қорлап, қайтарып жіберді+. 15 Олар бізді еш жәбірлеген жоқ, қайта, өте мейірімді болды. Жайлауда қастарында жүрген кезімізде ештеңеміз жоғалған емес+. 16 Қайта, қастарында қой баққан кезіміздің бәрінде бізді қамал іспетті күні-түні қорғап жүрді. 17 Ал енді не істейтініңізді ойланып көріңіз. Өйткені қожайынымыз бен оның үй ішінің бәріне қауіп төніп тұр+. Қожайынымыз болса өте қатал адам+, оған ешкім сөйлей алмайды”.
18 Сонда Әбигел+ дереу 200 күлше, екі үлкен құмыра шарап, бес қойдың етін, бес дорба* қуырылған дән және 100 мейіз күлше, 200 інжір күлше алып, есектерге тиеді де+, 19 қызметшілеріне: “Алдыма түсіп жүре беріңдер. Мен арттарыңнан еремін”,— деді. Ал күйеуіне ештеңе айтпады.
20 Әбигел есекке мініп, таудың ық жағымен түсіп бара жатқанда, алдынан Дәуіт пен жігіттері шықты. Осылай олар кезігіп қалды. 21 Дәуіт былай деп келе жатқан еді: “Шөл далада оның мал-мүлкін қарап, біреуін де жоғалтпай бекер күзетіппін+. Енді, міне, жақсылығыма жамандықпен қайтарып отыр+. 22 Таң атқанша оның үйінде еркек кіндіктілердің біреуін қалдырсам, Құдай Дәуіттің жауларын* жазалаған үстіне жазаласын!”
23 Әбигел Дәуітті көре сала, дереу есегінен түсіп, жерге дейін иіліп тағзым етті. 24 Сосын аяғына жығылып, былай деді: “Мырза, бар айып менде. Күңіңіздің сөйлеуіне рұқсат етіп, айтқанына құлақ сала көріңіз! 25 Өтінем, мырза, сол оңбаған Набалға+ көңіл аудармай-ақ қойыңызшы. Оның аты Набал* ғой, ақымақтығы да атына сай. Ал мен жіберген жігіттеріңізді көрмей қалдым. 26 Мырзам, тірі Құдай Ехобаның және сіздің алдыңызда шын айтамын*, Ехоба сізді өз қолыңызбен кек алып, қан төгуден+ сақтап қалды+. Жауларыңыз да, мырзама қастық ойлап жүргендер де Набалдың кебін кисін. 27 Мынау — күңіңіздің сыйы+. Мұны мырзамның қызметшілеріне+ әкелдім. 28 Мырзам, күңіңіздің кінәсін кешіре көріңіз. Ехобаның ұрпақтарыңызға мәңгілік патшалық құрғызары сөзсіз+. Өйткені сіз Ехоба үшін соғысып жүрсіз+. Өмір бақи бойыңыздан жамандық табылмасын+. 29 Әлдекім жаныңызды алмақ болып, соңыңызға түссе, асыл затын орап қалтада сақтаған адамдай, Құдайыңыз Ехоба да мырзамның жанын солай сақтайды. Ал жауларыңыздың жаны сақпанмен атылған тас іспетті лақтырылып тасталады. 30 Ехоба уәде еткен игілігінің бәрін сыйлап, сізді Исраилдің көсемі етеді+. 31 Сол кезде өз қолыңызбен кек алып+, себепсіз қан төкпегендіктен, жүрегіңізде опық та, өкініш те болмайды. Ехоба мырзама игілік сыйлағанда, күңіңізді ұмыт қалдырмағайсыз”.
32 Сонда Дәуіт оған мынаны айтты: “Сені бүгін маған жіберген Исраилдің Құдайы Ехоба мадақталсын! 33 Ақылыңмен мені қан төгіп+, өз қолыммен кек алудан сақтап қалдың. Сол үшін Құдай саған батасын берсін. 34 Саған жамандық істеуден қақпайлаған Исраилдің тірі Құдайы Ехобаның+ алдында шын айтамын*, тездетіп алдымнан шықпағаныңда+, таң атқанша Набалдың үйінде еркек кіндіктілердің біреуін де қалдырмас едім+”. 35 Осылай ол Әбигелдің әкелгендерін қабыл алып жатып: “Амандықпен үйіңе қайта бер. Міне, сөзіңе құлақ асып, өтінішіңді орындадым”,— деді.
36 Бұдан кейін Әбигел үйіне келсе, Набал патшалардікіндей ұлан-асыр той жасап жатыр екен. Көңілі көтеріңкі, өзі әбден мас болып алыпты. Әбигел оған таң атқанша ләм демеді. 37 Ертеңгісін Набалдың мастығы тарқағанда, әйелі оған болған жайтты айтып берді. Сонда оның жүрегі тоқтап қала жаздап, тұла бойы тас болып қатып қалды. 38 Он шақты күннен кейін Ехоба оны ажалға ұшыратты.
39 Дәуіт Набалдың өлгенін естігенде: “Менің ісімді өзі жүргізіп+, Набалдың қорлығынан+ құтқарған Ехоба мадақталсын! Ехоба қызметшісін жамандыққа барудан сақтап қалды+, ал Набалдың зұлымдығын өз басына келтірді!”— деді. Бұдан кейін кісі жіберіп, Әбигелді әйелдікке алмақ ниетін білдірді. 40 Дәуіттің қызметшілері Кармилге келіп, Әбигелге: “Бізді Дәуіт жіберді. Ол сізді әйелдікке алғысы келеді”,— деп оның сәлемін жеткізді. 41 Әбигел дереу орнынан тұрып, жерге дейін иіліп тағзым етті де: “Мырзамның қызметшілерінің аяғын жуатын+ күңі болуға да дайынмын”,— деп жауап берді. 42 Сосын кідірместен жолға жиналып, есегіне мінді+. Қасына бес қызметші қызын ерте шықты. Осылай Дәуіттің хабаршыларына ілесіп барып, оның әйелі болды.
43 Дәуіт езрехелдік+ Ахиноғамға да үйленген еді+, сөйтіп, оның екі әйелі болды+.
44 Ал Саул Дәуітке ұзатқан қызы Михалды+ ғалимдік Лаиш ұлы Палтиге қосты+.