Даниял
1 Яһуда патшасы Ехоякімнің+ билік құруының үшінші жылында Бабыл* патшасы Навуходоносор Иерусалимге келіп, оны қоршауға алды+. 2 Содан Ехоба* Яһуда патшасы Ехоякімді, сондай-ақ Құдай үйінің біраз бұйымын оның қолына берді+. Бабыл патшасы бұйымдарды Шинар жеріндегі*+ өз тәңірінің үйіне әкетіп, сондағы қазына қоймасына апарып қойды+.
3 Сосын патша сарайдың бас қызметкері Ашпеназға бірнеше исраилдікті, ішінде патша әулеті мен ақсүйек тұқымынан шыққандары да бар, алып келуді бұйырды+. 4 Олар еш кемтарлығы жоқ, келбетті, ақылды, білімді, ұғымтал+, патша сарайындағы қызметке қабілетті бозбалалар болуы тиіс еді. Ашпеназ оларға халдейлердің жазуы мен тілін үйрету керек болды. 5 Сондай-ақ патша өз дастарқанындағы тағам мен шараптан оларға күнделікті үлес беріп отыруды тапсырды. Үш жыл бойы тәлім-тәрбие* берілгеннен кейін, олар патша сарайындағы қызметке кірісу керек еді.
6 Бұлардың арасында яһуда руынан шыққан Даниял*+, Хананиях*, Мишаел* мен Азариях*+ есімді бозбалалар бар еді. 7 Сарайдың бас қызметкері оларға жаңа есім* беріп, Даниялды Балташазар+, Хананияхты Шадырақ, Мишаелді Мисақ, Азарияхты Әбдінего+ деп атады.
8 Алайда Даниял жүрегінде патшаның тағамын жеп, шарабын ішіп өзін арамдамаймын деп шешті. Сондықтан сарайдың бас қызметкеріне өзін арамдағысы келмейтінін айтып, өтініш жасады. 9 Құдай оның жүрегін жібітіп, Даниялға ықыласын түсіртті+. 10 Сөйтіп, ол Даниялға: “Мен патша ағзамнан қорқамын. Сендерге ішіп-жейтін тағамды тағайындаған — оның өзі. Ол сендердің басқа бозбалаларға қарағанда жүдеу екендеріңді көрсе қайтемін? Сендерге бола патшаның алдында айыпты болып, басым кетеді ғой”,— деді. 11 Сарайдың бас қызметкері Даниялдың, Хананияхтың, Мишаел мен Азарияхтың үстінен қараушы тағайындаған болатын. Даниял соған: 12 “Өтінем, қызметшілеріңізді он күн сынап көріңіз. Бізге жеуге тек көкөніс*, ішуге су беріңіз. 13 Кейін біздің сырт келбетімізді патшаның тамағынан жеп жүрген бозбалалардың сырт келбетімен салыстырып көріңіз. Соған қарап бізге не істеу керектігін шешіңіз”,— деді.
14 Қараушы кісі олардың ұсынысымен келісіп, он күн сынап көрді. 15 Он күн өткенде, бұл төртеуінің патша тамағын жеп жүргендерге қарағанда өңдірек әрі толығырақ екенін байқады. 16 Сонда қараушы кісі оларға патшаның тамағы мен шарабының орнына көкөніс беріп жүрді. 17 Құдай осы төрт бозбалаға білім алуға, небір кітаптар мен даналықты ұғынуға зеректік дарытты. Бұған қоса, Даниялға әртүрлі аяндар мен түстердің мағынасын түсінетін қабілет берілді+.
18 Патша белгілеген уақыт аяқталған соң+, сарайдың бас қызметкері жас жігіттерді Навуходоносордың алдына апарды. 19 Патша олармен сөйлесіп көргенде, араларынан Даниял, Хананиях, Мишаел мен Азарияхқа+ тең келетін ешкім болмады. Содан төртеуі патшаға қызмет етіп жүрді. 20 Даналық пен ақыл-парасат талап етілетін қандай мәселені сұрамасын, патша бұл төртеуінің күллі патшалығындағы сиқыршылықпен айналысатын абыздар мен сәуегейлерден он есе артық екенін байқады+. 21 Даниял Кир патшаның билік құруының бірінші жылына дейін сол жерде қала берді+.