Мұсаның 5-жазбасы
28 Ехоба Құдайларыңның айтқандарына құлақ асып, бүгін мен арқылы бұйырып отырған заңдарының бәрін ұқыптылықпен орындайтын болсаңдар, Ехоба Құдайларың міндетті түрде сендерді жер бетіндегі барлық халықтардан жоғары қояды+. 2 Егер Ехоба Құдайларыңның айтқанын тыңдасаңдар, сендерге батасын үйіп-төгіп, молынан жарылқайды+.
3 Сендерді қалада да, далада да жарылқайды+.
4 Өздеріңді үбірлі-шүбірлі етіп+, жерлеріңді өніммен, ірілі-ұсақты малдарыңды төлмен жарылқайды+.
5 Өнім жинайтын себеттеріңді, қамыр ашытатын ыдыстарыңды жарылқайды+.
6 Қайда барсаңдар да, не істесеңдер де, бәрін жарылқайды.
7 Ехоба сендерге қарсы көтерілген жауларыңды көз алдарыңда қырып салады+. Олар сендермен соғысуға жұмыла бір жақтан келіп, жеті жаққа қашатын болады+. 8 Ехоба қамбаларыңды және қолға алған барлық істеріңді жарылқайды+. Ехоба Құдайларың бергелі жатқан жерде сендерге сөзсіз батасын береді. 9 Ехоба Құдайларыңның заңдарын әрдайым орындап, оның жолдарымен жүрсеңдер, берген уәдесіне сай, Ехоба сендерді өзінің қасиетті халқы етеді+. 10 Жер бетіндегі күллі халықтар сендердің Ехобаның есімімен аталатын халық екендеріңді біліп+, қорқатын болады+.
11 Ехоба сендерге беремін деп ата-бабаларыңа уәде еткен жерде+ тұрып жатқандарыңда, Ехоба бала-шағаларыңды да, отар-табындарыңды да көбейтіп, жерлеріңнің өнімін ағыл-тегіл мол етеді+. 12 Ехоба көктің бай қамбасын ашып, мезгілінде жаңбыр жаудырады+, барлық еңбектеріңе батасын береді. Сонда сендер басқа халықтарға қарыз бересіңдер, ал өздерің қарыз алмайсыңдар+. 13 Егер Ехоба Құдайларыңның мен арқылы бүгін бұйырып отырғандарына мойынсұнсаңдар, Ехоба сендерді басқалардың соңы емес, алды етеді+, олардан төмен емес, жоғары етеді. 14 Мен бүгін беріп отырған заңдардың бәрін орындап, оңға да, солға да ауытқымаңдар+, басқа тәңірлерге бет бұрып кетіп, құлшылық етпеңдер+.
15 Егер Ехоба Құдайларыңның айтқандарына құлақ аспай, бүгін мен арқылы бұйырып отырған заңдары мен нұсқауларын ұқыптылықпен орындамасаңдар, бастарыңа мына қарғыстар үйіп-төгіледі+:
16 Қалада да, далада да қарғысқа ұшырайсыңдар+.
17 Өнім жинайтын себеттеріңді, қамыр ашытатын ыдыстарыңды қарғыс атады+.
18 Бала-шағаларыңды, жерлеріңнің өнімі мен ірілі-ұсақты малдарыңның төлдерін қарғыс атады+.
19 Қайда барсаңдар да, не істесеңдер де, қарғысқа ұшырайсыңдар.
20 Өзінен бас тартып, жамандық жасағандарың үшін қырылып, тез арада жойылып кеткендеріңше, Ехоба қолға алған әрбір істеріңде сендерді абыржытып, қарғыс пен сәтсіздікке ұшыратады+. 21 Иелікке алу үшін бара жатқан жерден құрып жоқ болғандарыңша, Ехоба сендерді індеттен көз аштырмайды+. 22 Ехоба сендерді өкпе ауруына шалдықтырады, сондай-ақ денелеріңнің ыстығы көтеріліп+, қабынып, тұла бойларың өртенеді, семсер+ мен аптап желден жапа шегесіңдер, егіндерің көгеріп-шіриді+. Көздерің құрып кеткенше, бұлар қыр соңдарыңнан қалмайды. 23 Төбелеріңдегі аспан мыстай, аяқтарыңның астындағы жер темірдей болады+. 24 Жойылып кеткендеріңше, Ехоба жаңбыр орнына шаң-тозаң жаудырады. 25 Ехоба сендерді жауларыңның алдында тас-талқан етеді+. Олармен соғысуға жұмыла бір жақтан барып, жеті жаққа қашасыңдар. Жер бетіндегі патшалықтардың бәрі мүшкіл халдеріңді көріп, шошып жағаларын ұстайды+. 26 Мәйіттерің аспандағы құстарға, жердегі аңдарға жем болады. Оларды үркітіп қуатын ешкім болмайды+.
27 Ехоба сендерге Мысырдың іріңді жараларын, көтеу, қотыр* және бөртпе жібереді, олардан еш айыға алмайсыңдар. 28 Сондай-ақ Ехоба ақыл-естеріңнен айырып, көздеріңді соқыр етіп+, жүректеріңді абыржытады. 29 Тас түнекте жүрген соқырдай, сендер тал түсте сипаланып қаласыңдар+. Не істесеңдер де, істерің өрге баспайды. Үнемі алданып, тоналып жүресіңдер, сендерді құтқаратын ешкім болмайды+. 30 Қыз айттырасыңдар, бірақ оларды біреулер зорлап кетеді. Үй соғасыңдар, бірақ онда тұрмайсыңдар+, жүзімдік егесіңдер, бірақ өнімін жемейсіңдер+. 31 Бұқаларың көз алдарыңда сойылады, бірақ етінен ауыз да тимейсіңдер. Есектеріңді көз алдарыңда ұрлап кетеді, бірақ оны қайтара алмайсыңдар. Қойларыңды жауларың алып кетеді, бірақ көмектесетін ешкім болмайды. 32 Ұл-қыздарыңды көздеріңше бөтен халықтар алып кетеді+. Оларды аңсап сағынасыңдар, бірақ ештеңе істей алмайсыңдар. 33 Жерлеріңнің өнімі мен бар азық-түліктеріңді танымайтын халықтар ішіп-жейтін болады+. Үнемі алданып, жәбір көріп жүресіңдер. 34 Осылардың бәрін өз көздеріңмен көргенде, ақыл-естен адасасыңдар.
35 Ехоба тізелерің мен сандарыңа, табандарыңнан төбелеріңе дейін жанға бататын, жазылмайтын іріңді жаралар қаптатады. 36 Ехоба сендерді тағайындаған патшаларыңмен қоса, өздерің де, ата-бабаларың да білмеген халықтың арасына бытыратып жібереді+. Сол жерде ағаштан және тастан жасалған тәңірлерге құлшылық етесіңдер+. 37 Ехоба сендерді бытыратып жіберген халықтардың бәрі мүшкіл халдеріңді көріп шошынатын болады, мысқыл сөзге айналдырып, келеке-мазақ етеді+.
38 Танаптарыңа көп тұқым себесіңдер, бірақ аз өнім аласыңдар+, өйткені оны шегіртке жалмап кетеді. 39 Жүзімдік отырғызып, өңдеп-баптайсыңдар, бірақ одан түк жинамайсыңдар, шарап та ішпейсіңдер+, өйткені бәрін құрт жеп қояды. 40 Бүкіл өлкелеріңде зәйтүн ағаштары өссе де, денелеріңе май жақпайсыңдар, өйткені жемістері жерге төгіліп қалады. 41 Дүниеге ұл-қыздар әкелесіңдер, бірақ олар қастарыңда болмайды, өйткені тұтқынға әкетіледі+. 42 Күллі ағаштарың мен жер өнімін құжынаған құрт-құмырсқа қаптап кетеді. 43 Араларыңда тұратын жатжерліктер барған сайын жоғарылай түседі, ал сендер төмендей бересіңдер. 44 Олар сендерге қарыз береді, ал сендер қарыз бере алмайсыңдар+. Олар алда, сендер соңында боласыңдар+.
45 Ехоба Құдайларыңның айтқанына құлақ аспай, оның бұйырған заңдары мен нұсқауларын орындамайтын болсаңдар, осы қарғыстың бәрі бастарыңа келіп+, құрып жоқ болғандарыңша+, қыр соңдарыңнан қалмайды+. 46 Өздерің де, ұрпақтарың да осы қарғыстарға ұшырағанда, бұл басқаларға белгі әрі ескерту болады+. 47 Себебі молшылыққа кенеліп отырсаңдар да, Ехоба Құдайларыңа қуанышқа толы жүрекпен шаттана қызмет еткен жоқсыңдар+. 48 Сондықтан Ехоба жіберген жауларыңа арып-ашып+, шөлдеп, жалаңаш болып, жоқшылық көріп жүріп қызмет ететін боласыңдар+. Олар сендерді құртып жібермейінше, мойындарыңнан темір мойынтұрықты* түсірмейді.
49 Ехоба сендерге қарсы алыстан, жердің шетінен бір халықты әкеледі+. Тілі бөтен сол халық+ сендерге жемтігіне ұмтылған бүркіттей шүйлігеді+. 50 Ол — үлкенге құрмет, жасқа рақым көрсетуді білмейтін сұсты да жауыз халық+. 51 Сендерді қырып жібермейінше, олар малдарыңның төлін, жерлеріңнің өнімін жалмайтын болады. Көздеріңді құртпайынша, астықтан, жаңа шараптан, майдан, бұзауларың мен қозы-лақтарыңнан түк қалдырмайды+. 52 Сенім артқан биік те мықты бекіністерің құламайынша, бүкіл қалаларыңды қоршауға алып, тырп еткізбейді. Иә, олар Ехоба Құдайларың сыйлаған өлкедегі барлық қалаларыңды міндетті түрде қоршауға алады+. 53 Жауларыңның қоршауында қалып, қиналатындарың сонша — тіпті өз балаларыңды, Ехоба Құдайларың сыйлаған ұл-қыздарыңның етін, жеуге мәжбүр боласыңдар+.
54 Араларыңдағы ең биязы, сезімтал деген ер адамның өзі туған бауырына, сүйген жарына және тірі қалған балаларына аяушылық танытпайды. 55 Ол жеп отырған баласының етінен оларға бір түйір де бермейді. Өйткені жау қалаларыңды қоршауда ұстап, әбден азап шеккізгендіктен, оның жейтін басқа ештеңесі болмайды+. 56 Араларыңдағы нәзік те сезімтал, тіпті жалаңаяғын жерге тигізуді ойламаған әйелдің+ де сүйікті жарына және ұл-қызына жаны ашымайды. 57 Ол тіпті жаңа туған нәрестесін, құрсақтан шыққан оның жолдасын да басқалардан жасырынып жейтін болады. Өйткені жау қалаларыңды қоршауда ұстап, әбден азапқа салады.
58 Егер осы кітапта жазылған Заңның+ сөздерін ұқыптылықпен орындамасаңдар, сондай-ақ Ехоба+ Құдайларыңның ұлы да айбынды есімін қастерлемесеңдер+, 59 онда Ехоба өздеріңді де, ұрпақтарыңды да жаман індеттерге, ұзаққа созылатын ауыр індеттерге, азапқа салатын созылмалы ауруларға ұшыратады+. 60 Ол Мысырда жүргендеріңде қатты қорыққан аурулардың бәрін сендерге қайтадан жіберіп, көз аштырмайды. 61 Құрып жоқ болғандарыңша, Ехоба осы Заң кітабында жазылмаған небір аурулар мен індеттерді де жібереді. 62 Аспандағы жұлдыздардай көп болсаңдар да+, азғана қаласыңдар+, өйткені Ехоба Құдайларыңның айтқанын тыңдамадыңдар.
63 Ехоба кезінде сендерді өсіріп-өркендеткеніне қалай қуанса, Ехоба сендерді қырып-жоюға да солай қуанатын болады. Сендер иемденуге бара жатқан жерден түптамырларыңмен жұлынып тасталасыңдар.
64 Ехоба сендерді күллі халықтардың арасына, жердің о шеті мен бұ шетіне дейін, бытыратып жібереді+. Барған жерлеріңде өздерің де, ата-бабаларың да білмеген, ағаш пен тастан жасалған тәңірлерге құлшылық етесіңдер+. 65 Сол халықтардың арасында сендерге тыныштық болмайды+, табан тірер жер де табылмайды. Ехоба жүректеріңді абыржытып+, жанарларыңды талдырып, әбден түңілдіреді+. 66 Өмірлеріңе қауіп төніп, күні-түні дірілдеп қорқасыңдар, аман қалатындарыңа сенімді болмайсыңдар. 67 Көз алдарыңдағы жайттардан жүректерің ұшып, таңертең “тезірек кеш батса екен”, ал кешке “тезірек таң атса екен” деп тілейтін боласыңдар. 68 Ехоба сендерді кемелерге мінгізіп, мен сендерге “енді қайтып ешқашан көрмейсіңдер” деген жолмен Мысырға қайтып апарады. Сол жерде өздеріңді жауларыңа құлдыққа, күңдікке сатпақ боласыңдар, бірақ сендерді ешкім сатып алмайды”.