Ешуа
6 Иерихон тұрғындары исраилдіктерден қорқып, қақпаны тас қылып бекітіп алды. Қаладан ешкім шықпады да, кірмеді де+.
2 Сонда Ехоба Ешуаға былай деді: “Міне, Иерихонды, оның патшасы мен мықты сарбаздарын сенің қолыңа бердім+. 3 Сендердің барлық сарбаздарың қаланы сыртынан күніне бір рет айналып өтсін. Олар алты күн осылай етсін. 4 Жеті діни қызметкер келісім сандығының алдында жеті керней* алып жүрсін. Ал жетінші күні қаланы жеті рет айналыңдар, діни қызметкерлер болса кернейлетсін+. 5 Кернейдің ұзақ тартылған үнін естіген бойда, бүкіл жауынгер бар даусымен атой салсын. Сол кезде қала қабырғасы жермен-жексен болып қирайды+, сонда әрқайсысы тұрған жерінен қалаға лап қойсын”.
6 Нұн ұлы Ешуа діни қызметкерлерді шақырып алып: “Ехобаның келісім сандығын көтеріп жүріңдер, жеті діни қызметкер оның алдында жеті керней алып жүрсін+”,— деді. 7 Ал сарбаздарға: “Барыңдар да, қаланы айналып шығыңдар. Ехобаның келісім сандығының алдында қарулы әскер жүрсін+”,— деп тапсырды. 8 Бәрі Ешуаның айтқанына сай орындалды: жеті діни қызметкер бір-бір керней алып, Ехобаның алдында кернейлетіп жүрді, олардың артынан Ехобаның келісім сандығын көтеріп жүргендері ілесті. 9 Кернейлетіп келе жатқан діни қызметкерлердің алдында қарулы әскер, ал сандықтың артында оны қорғайтын сарбаздар жүрді. Осы уақытта тоқтамастан керней үні шығып тұрды.
10 Ешуа сарбаздарға: “Мен сендерге “Атой салыңдар!” демейінше, айғайламаңдар, үн де шығармаңдар, ауыздарыңнан бірде-бір сөз шықпасын!”— деп бұйырды. 11 Осылай Ехобаның сандығы қаланы сыртынан бір айналып шыққан соң, олар қостарына қайтып, сонда түнеді.
12 Келесі күні Ешуа таңертең ерте тұрды, діни қызметкерлер Ехобаның сандығын көтеріп+ жолға шықты, 13 ал Ехобаның сандығының алдында кернейлерін алып жүрген жеті діни қызметкер үздіксіз кернейлетіп жүрді. Олардың алдында қарулы әскер, ал Ехобаның сандығының артында оны қорғайтын сарбаздар жүрді. Осы уақытта тоқтамастан керней үні шығып тұрды. 14 Екінші күні де олар қаланы бір рет айналып шығып, қостарына оралды. Олар алты күн осылай етті+.
15 Жетінші күні олар таң қылаң бере тұрды да, қаланы жеті рет осылай айналып шықты. Осы күні ғана олар қаланы жеті рет айналды+. 16 Діни қызметкерлер жетінші рет кернейлеткенде, Ешуа сарбаздарға былай деді: “Атой салыңдар+! Ехоба қаланы сендерге берді. 17 Қала да, ондағының бәрі де түгел жойылуы тиіс+. Өйткені мұның бәрі Ехобаға тиесілі. Тек жезөкше Рахаб+ пен оның үйіндегілердің барлығы аман қалсын, өйткені ол біз жіберген адамдарды жасырып, аман алып қалған болатын+. 18 Ал сендер жойылуы тиіс нәрселерге қызығып, арасынан бірдеңе алғыларың келмес үшін+ оларға жоламаңдар+. Әйтпесе Исраил қосын жойылуға лайық етіп, пәлеге ұшыратасыңдар+. 19 Бар күміс пен алтын, сондай-ақ мыс пен темірден жасалған бұйымдар болса Ехоба үшін қасиетті+. Мұндай заттар Ехобаның үйінің қазынасына түсу керек+”.
20 Кернейлердің үні естілгенде, сарбаздар атой салды+. Олар кернейлердің үнін естіп, атой салғаны сол-ақ екен, қала қабырғасы жермен-жексен болып қирап қалды+. Ал сарбаздар әрқайсысы тұрған жерінен қалаға лап қойып, оны жаулап алды. 21 Олар қаладағыларды әйел-еркек, жас-кәрі демей — бәрін де, сондай-ақ бұқаларын, қойлары мен есектерін де семсермен өлтірді+.
22 Осы жерді барлауға келген екі тыңшыға Ешуа: “Әлгі жезөкше әйелдің үйіне барып, уәделеріңе сай өзін де, үй ішіндегілерді де алып шығыңдар”,— деді+. 23 Сонда тыңшы жігіттер барып, Рахабты, оның әке-шешесі мен бауырларын, үйіндегілерінің бәрін, күллі отбасын аман алып шығып+, Исраил қосының сыртына әкелді.
24 Ал исраилдіктер қала мен ондағының бәрін өртеп жіберді. Тек күміс пен алтынды, мыс пен темірден жасалған бұйымдарды Ехобаның үйінің қазынасына берді+. 25 Ешуа жезөкше Рахаб пен оның әкесінің үй ішін ғана аман алып қалды+. Рахаб Иерихонды барлауға келген адамдарды жасырып, аман алып қалғаны үшін+, әлі күнге дейін исраилдіктердің арасында тұрып жатыр+.
26 Сол кезде Ешуа жұртқа: “Иерихон қаласын қайта тұрғызған адамды Ехобаның алдында қарғыс атсын! Мұндай адам қаланың іргетасын қалағанда тұңғышынан, қақпаларын орнатқанда кенжесінен айырылады”+,— деген ант берді*.
27 Ехоба Ешуаға жар болып жүрді+, әрі оның атағы шартарапқа тарады+.