28-тарау
Оразаға қатысты сұрақтар
ИСАНЫҢ б. з. 30 жылының Құтқарылу мейрамын тойлағанына да бір жылдай болды. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия бірнеше айдан бері түрмеде. Ол өз шәкірттерінің Исаның соңынан ергенін қалайтын, бірақ олардың бәрі бірдей олай етпеді.
Жақияның кейбір шәкірттері Исаға келіп: “Біздер де, парызшылдар да жиі ораза ұстаймыз, ал Сіздің шәкірттеріңіз неге ораза ұстамайды?” — деп сұрады. Парызшылдар діни салт-жора ретінде аптасына екі рет ораза ұстайды. Жақияның шәкірттері де осындай салтты ұстанатынға ұқсайды. Олар сондай-ақ Жақияның түрмеге жабылғанына қайғырып, ораза ұстап жүрген болуы мүмкін. Сондықтан олар Исаның шәкірттерінің өздерінің қайғыларына неліктен ортақтаспай жүргенін түсінбейді.
Сонда Иса: “Күйеу жігіт қастарында болғанда тойға келгендер қайғыра ала ма? Бірақ та “Күйеуді” қастарынан алып кететін күн туады; сол кезде олар ораза ұстайтын болады”,— деп жауап қатты.
Жақияның өзі Исаны Күйеу жігіт деп айтқан болатын. Шәкірттері мұны ұмытпаған болу керек. Иса араларында болғандықтан, Жақия да, Исаның шәкірттері де ораза ұстауды орынсыз деп тапқан болар еді. Кейіннен, Иса өлген кезде, оның шәкірттері қайғырып, ораза ұстайды. Бірақ ол қайта тіріліп, көкке көтерілгенде, әрі қарай ораза ұстауға себеп болмайды.
Кейін Иса оларға мынадай екі мысалды келтірді: “Ескі киімді жаңа матамен жамамас. Олай етсе, жамауы отырып, ескі матадан жұлынып қалып, жыртық бұрынғысынан бетер үлкен болар еді. Сондай-ақ жас шарапты ескі торсыққа құймайды. Олай етсе, быршып ашыған шарап торсықты жарып ағып кетеді, торсық та бүлінеді. Керісінше, жас шарапты жаңа торсыққа құяды. Сонда екеуі де сақталады”. Бұл мысалдардың ораза тұтуға қандай қатысы бар?
Иса Жақияның шәкірттеріне мынаны түсінуге көмектесті: ешкім Оның шәкірттерінен ораза ұстау сияқты иудаизмнің көнерген салт-жораларын ұстануды күтпеуі тиіс. Иса тұтынудан шыққалы тұрған көне ғибадат ету жүйесіне жамау салып, оны әрі қарай ұзартуға келген жоқ. Мәсіхшілік адамдар ойлап тапқан сол иудаизмнің әдет-ғұрыптарына сәйкес бейімделмеу керек болатын. Мәсіхшілік ескі киім жамалған жаңа мата немесе ескі торсыққа құйылған жас шарап сияқты болмау керек еді. Матай 9:14—17; Марқа 2:18—22; Лұқа 5:33—39; Жохан 3:27—29.
▪ Кімдер және қандай мақсатпен ораза ұстайды?
▪ Иса араларында болған кезде, шәкірттері неліктен ораза ұстамайды және неліктен кейіннен ораза ұстауға себеп болмай қалады?
▪ Иса қандай екі мысал келтірді және олар нені білдіреді?