52-тарау
Исаның мыңдаған адамды керемет түрде тамақтандыруы
ОН ЕКІ елшінің Ғалилея аймағындағы уағызы тамаша өтті. Қазір Исаға оралып жатқан кездері. Жақияның қаза болғанына да көп болған жоқ. Бәрі де бастарынан өткен қызық жайттарды айтуда. Иса шәкірттерінің шаршағанын көріп отыр, бірақ келіп-кетушілердің аяғы басылар емес, тіпті тамақтанып алуға да уақыт жоқ. Сондықтан Иса шәкірттеріне: “Оңаша жерге барып, біраз демалыңдар”,— деді.
Қапарнаумның маңы болса керек, олар қайыққа отырып, айдалаға жүзіп кетті. Бұл, шамасы, Иорданның шығыс жағына таман Бетсайданың арғы жағы болса керек. Адамдардың көпшілігі олардың жағадан шыққанын көрсе, өзгелері көргендерден естіп, бәрі жағалаудың бойымен жүгіре отырып, қайық тоқтайын деп жатқан жерге бұлардан бұрын жетті.
Қайықтан түсіп жатып жиналып қалған жұртты көрген Исаның оларға жаны ашыды, себебі олар бақташысы жоқ қой сияқты еді. Сондықтан ол халықты сауықтырып, оларды көп нәрсеге үйрете бастады.
Уақыт зымырап өтуде, сондықтан шәкірттері Исаға келіп: “Бұл құлазыған айдала, ал кеш түсіп барады! Адамдарды таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдар мен елді мекендерге барып, тамақ сатып алсын”,— деді.
Алайда Иса оларға: “Оларға тамақты сендер беріңдер!” — деп жауап қатты. Сосын ол не істеу керектігін өзі біліп тұрса да, Філіпті сынап: “Бұларды тамақтандыратын нанды қайдан сатып аламыз?” — деп сұрады.
Філіптің ойынша, бұл шешімін табу мүмкін емес жағдай. Себебі онда бес мыңдай ер адам бар, ал әйелдер мен балаларды қоса есептейтін болса, олардың саны он мыңнан да асып кетуі мүмкін. Філіптің берген жауабы бойынша, “тіпті екі жүз күндік жалақыға келетін нан болып, әркім бір жапырақтан жегеннің өзінде бәріне бірдей жетпес еді”.
Осыншама халықты тамақтандыру мүмкін емес екендігін көрсеткісі келгендіктен, Әндір: “Осында бір бала жүр, оның бес күлше арпа наны мен екі кепкен балығы бар. Бірақ олар осынша көп кісіге не болады?” — деді.
Б. з. 32 жылғы Құтқарылу мейрамының қарсаңы, көктем болғандықтан, жерде көк шығып қалған. Иса шәкірттеріне халықты елуден, жүзден топ-топқа бөліп, жерге жайғастыруды тапсырды. Ол бес күлше мен екі балықты қолына алды да, көкке қарап тұрып шүкіршілік етіп, сосын күлшелерді үзіп, балықтарды бөле бастады. Кейін шәкірттеріне беріп тұрды, ал олар халыққа таратты. Керемет, тамақ бәріне тойғанынша жетті!
Осыдан кейін Иса шәкірттеріне: “Рәсуа болмас үшін нанның қалдықтарын жинап алыңдар”,— деді. Жегеннен қалған тамақ он екі себетке толды! Матай 14:13—21; Марқа 6:30—44; Лұқа 9:10—17; Жохан 6:1—13.
▪ Неліктен Иса шәкірттеріне тыныш жер іздестірді?
▪ Иса шәкірттерімен бірге қайда аттанды және неге олар тыныға алмады?
▪ Кеш бата бастағанын байқаған шәкірттері Исаға не деді, бірақ ол халыққа қалай қамқорлық жасады?