107-тарау
Үйлену тойы туралы астарлы әңгіме
ИСА екі астарлы әңгіменің көмегімен дін мұғалімдері мен бас діни қызметкерлерді әшкерелеген болатын, сондықтан олар енді оны өлтірмекші. Алайда Исаның оларға әлі де айтатыны бар. Ол тағы да мынадай бір астарлы әңгіме айтты:
“Құдай Патшалығындағы жағдайды мынамен салыстыруға болады: бір патша баласының үйлену тойын өткізуге дайындалып, қызметшілерін шақырылған кісілерді алып келуге жібереді. Алайда сол адамдардың келгілері келмейді”.
Ехоба Құдай — өзінің баласының, яғни Иса Мәсіхтің, үйлену тойын өткізгелі жатқан Патша. 144 000 майланған мәсіхшілерден құралған қалыңдық нәтижеде көкте Исамен бірігеді. Патшаның қол астындағы азаматтары, бұл — б. з. б. 1513 жылы келісім Заңына отырған “діни қызметкерлер патшалығы” болуға мүмкіндік алған Исраил халқы. Дәл сол кезден бастап исраилдіктер осы үйлену тойына шақырылған болатын.
Алайда олар бірінші рет тек б. з. 29 жылының күзінде Иса мен шәкірттері (патшаның құлдары) Патшалық туралы хабарды уағыздай бастағанда ғана шақырылды. Бірақ құлдар 29 жылдан 33 жылға дейін Исраилден тараған ұрпақты шақырғанда, олардың келгісі келмеді. Сонда Құдай шақырылған халыққа тағы бір мүмкіндік берді. Иса былай деп жалғастырды:
— Патша басқа қызметшілерін жұмсап: “Шақырылғандарға айтыңдар, мен қонақасымды әзірлеп қойдым, өгіздер мен бордақыланған торпақтар сойылып, бәрі дайын тұр. Тойға келе беріңдер!” Шақырылғандарды екінші және соңғы рет 33 жылы Алғашқы өнім мейрамы кезінде, Исаның ізбасарларына киелі рух қонған кезде, шақыра бастады. Бұл жолы олар 36 жылға дейін шақырылды.
Бірақ исраилдіктердің көпшілігі бұл шақыруды да өр көкіректікпен қабыл алмады. “Бірақ олар,— деді Иса,— шақыруды елемей, біреуі егіндік жеріне, біреуі саудасына кетіп қалады. Тағы басқалары қызметшілерін ұстап алып, қорлап, өлтіріп тастайды”. “Мұны естіген патша қаһарланып, әскерін жұмсап, әлгі кісі өлтірушілердің көздерін құртып, олардың қаласын өртеп жібереді”,— деп жалғастырды ол. Бұл б. з. 70 жылы римдіктер келіп, Иерусалимді іргетасына дейін қиратып, сол кісі өлтірушілерді жойған кезде орындалды.
Иса әрі қарай: — Содан кейін [Патша] қызметшілеріне: “Той дайын, ал шақырылғандар оған лайықсыз болып шықты, енді жол тораптарына барып, кімді кездестірсеңдер, соларды тойға шақырып, алып келіңдер!” — дейді. Қызметкерлері оның айтқанын орындады. Сөйтіп “той болған жер адамдарға лық толады”.
Жол тораптарынан адамдарды жинау б. з. 36 жылы басталды. Рим әскерінің жүзбасы Корнел мен отбасы сүндеттендірілмеген яһуди еместерден келгендердің алғашқысы болатын. Алғашқыда келуден бас тартқандардың орнын толтыруы керек яһуди еместерді жинау ХХ ғасырға дейін созылды.
Үйлену тойына арналған бөлме тек ХХ ғасырда ғана толады. Одан кейін не болатынын Иса былай әңгімеледі: “Патша келгендерді көруге кіргенде, тойға сай киім кимеген біреуді көріп, одан: — Достым, мұнда той киімінсіз қалай кірдің? — деп сұрайды. Ол үнсіз қалады. Патша нөкерлеріне: — Мынаның аяқ-қолын байлап, сырттағы қара түнекке лақтырыңдар! — деп бұйырады.— Сол жерде еңіреп жылап, қинала тістенетін болады”.
Тойға лайықты киім кимеген адам христиан әлемінің жалған дінге табынушыларын білдіреді. Құдай оларды ешқашан ерекше белгісі бар рухани исраилдіктер деп таныған жоқ және Патшалықтың мирасқорлары ретінде киелі рухпен ешқашан майлаған да емес. Сондықтан оларды өлім жазасы күтіп тұрған сырттағы қара түнекке лақтырады.
Иса өзінің астарлы әңгімесін былай деп аяқтады: “Себебі шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз”. Иә, көптеген исраилдіктер Мәсіхтің қалыңдығының мүшесі болуға шақырылған еді, бірақ таңдап алынған исраилдіктер аз болды. Көктегі сыйға ие болатын 144 000 қонақтың көпшілігі исраилдіктер емес. Матай 22:1—14; Мысырдан шығу 19:1—6; Аян 14:1—3.
▪ Үйлену тойына алғашқыда кімдер шақырылды және олар қай кезде “шақырылғандар” атанды?
▪ Бұл шақырылғандар бірінші рет қай кезде шақырылды және оларды шақырған құлдар кімдер?
▪ Олар екінші рет қай кезде шақырылды және бұдан кейін кімдер шақырылды?
▪ Тойға лайықты киім кимеген адам кімдерді бейнелейді?
▪ Көптеп шақырылғандар мен таңдап алынғандар кімдер?