11-САБАҚ
Жылулық және сезім
СЕЗІМ — адам өмірінің ажырамас бөлігі. Сезімін білдіре отырып, адам жүрегінде не бар екенін, яғни ішкі дүниесі қандай екенін, айналасында болып жатқандар мен адамдарға қалай қарайтынын көрсетеді. Өмірлері қиын болғандықтан немесе мәдениеттері солай әсер еткендіктен, көп адамдар өз сезімдерін ашық білдіре бермейді. Бірақ Ехоба бізді жақсы қасиеттерді дамытып, оларды өмірде көрсете білуге шақырады (Рим. 12:10; Сал. 1-х. 2:7, 8).
Сезімімізді сөзбен білдіруге болады, бірақ сөзіміз бен сөйлеу мәнеріміз бір-біріне сай келмесе, адамдар біздің шынайылығымызға күмәндануы мүмкін. Тиісті сезіммен айтылған сөздер, керісінше, баяндаманы бай әрі көркем етіп, тыңдаушыларымыздың жүрегіне әсер етеді.
Жылулық. Кей адамдар туралы ойлағанда, әдетте жүрегімізге жылы сезім ұялайды. Сол сияқты Ехобаның тартымды қасиеттері жайлы айтқанда немесе оның қайырымдылығына ризашылық білдіргенде, үнімізден жылулық сезіліп тұру керек (Иш. 63:7—9). Адамдармен сөйлескенде де, жылулық байқалып тұру керек.
Бірде Исаға алапеспен ауырған бір кісі келіп, одан өзін сауықтыруын өтінеді. Сондағы Исаның: “Қалаймын, құлан-таза сауығып кет!”— дегенді қандай үнмен айтқанын елестетіп көрші (Мар. 1:40, 41). Сондай-ақ он екі жыл бойы қан кетіп ауырған әйелдің Исаның арт жағынан байқатпай келіп, шапанының шашағына қолын тигізгенін көз алдыңа елестетші. Байқаусыз қалмағанын түсінгенде, әйел қалтырап-дірілдеп, Исаның аяғына жығыла кетіп, өзінің не себептен олай істегенін және сол сәтте-ақ қалай сауығып кеткенін бүкіл халықтың алдында ашық айтады. Сол кезде Исаның: “Замандас, сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер”,— дегенді қалай айтқанын елестетші (Лұқа 8:42—48). Исаның сондағы көрсеткен жылулығы бүгінде біздің де жүрегімізді тебірентеді.
Иса сияқты біздің де адамдарға жанымыз ашып, оларға шын жүректен көмектескіміз келсе, бұл қалай сөйлегенімізден көрініп тұрады. Жылулықты осылай көрсеткеніміз тым әсіреленген не жасанды емес, шынайы болады. Жылулық адамдардың көзқарасына әсер ете алады. Уағыздау қызметінде айтатын сөзіміздің басым көпшілігі жанға жылу беретіндей етіп айтуды қажет етеді. Бұл әсіресе бірге ой жүгірткенде, жігерлендіргенде, бір нәрсеге талпындырып немесе жұбатқанда қажет-ақ.
Егер адамдарды шынымен жылы тартып тұрсаң, бұл жүзіңнен анық көрінетін болсын. Жүзіңнен жылулықты сезсе, тыңдаушылар суық түндегі отқа ұмтылғандай сені тыңдауға ұмтылады. Ал егер олай болмаса, өздеріне шын ықылас қойып тұрғаныңа күмәнданулары мүмкін. Жылулық киіп-шешетін бетперде сияқты емес. Ол шынайы болу керек.
Жылулық сонымен қатар даусыңнан да біліну керек. Егер даусың жуан әрі қарлығып шығатын болса, жылулықты білдіру қиындау болады. Десе де, жаттыға отырып, уақыт өте мұны ретке келтіре аласың. Сөйлеу техникасына байланысты ескеретін бір жайт бар: қысқа әрі үзік-үзік шыққан дыбыстар дөрекі естіледі. Сондықтан дауысты дыбыстарды созыңқырап айтуды үйрен. Сонда сөзің құлаққа жылы естіледі.
Алайда ең маңыздысы — сенің не туралы ойлап тұрғаның. Егер тыңдаушыларыңды ойлап, оларға пайдалы мәліметті жеткізуді шын жүректен қаласаң, бұл міндетті түрде сөйлеу мәнеріңнен байқалып тұрады.
Жігерлі, жалынды сөйлейтін адам әдетте тыңдаушыларды қызықтырып әкетеді, бірақ жылы сезімдердің де маңызы зор. Өйткені айтқандарымызды тек санаға емес, жүрекке де жеткізуіміз керек.
Басқа да сезімдер. Мазасыздық, қорқыныш пен күйзеліс сияқты сезімдерді адам қандай да бір бақытсыздыққа тап болғанда сезінеді. Қуаныш — өмірімізде басым болу керек сезім, өзгелермен сөйлескенде біз оны көп көрсетеміз. Бірақ мәсіхшінің болмысына мүлдем жат эмоциялар да бар, оларды жүгендей білу керек (Ефес. 4:31, 32; Філіп. 4:4). Жалпы алғанда, сезім таңдаған сөздерімізден, қалай және қандай дауыспен сөйлегенімізден, ым-ишарамыздан байқалады.
Киелі кітапта адам эмоцияларының барлық түрі келтіріледі. Оларды кейде жай атап өтеді, ал кейде оқиғаның баяндалуынан не айтылған сөздерден байқауға болады. Осындай мәліметті дауыстап оқығанда, ондағы сезімдерді жеткізе білсең, мұның өзіңе де, тыңдаушыларыңа да әсері күштірек болады. Ол үшін өзіңді сол оқып жатқан адамдарыңның орнына қойып көр. Бірақ баяндама айту театрдағы көрініс емес, сондықтан әсірелеп айтудан аулақ бол. Тыңдаушыларың оқиғаны көздеріне айқын елестете алатындай болсын.
Мәтіннің мазмұнына сай болуы. Шабыттану сияқты жылулық пен басқа да сезімдерді жеткізу, негізінен, не айтып жатқаныңа байланысты.
Матай 11:28—30 дейінгі тармақтарды ашып, онда не туралы айтылғанын қарашы. Сонан соң Матай 23-тараудан Исаның дін мұғалімдері мен парызшылдарды қалай айыптағанын оқы. Осындай өткір сөздерді Исаның әрең не селсоқ айтқанын көзге елестету қиын.
Жаратылыс кітабының 44-тарауындағы Яһуданың өз інісі Буниямин үшін жалынғанын қандай сезіммен оқу керек деп ойлайсың? 13-тармақтан көруге болатын сезімдерге көңіл бұршы. Болған жағдайдың себебін айтқанда, Яһуданың не сезінгенін 16-тармақтан қалай көруге болады? Сондай-ақ Жаратылыс 45:1-де Жүсіпті қандай сезім билегеніне назар аудар.
Сонымен, сөйлегенде де, дауыстап оқығанда да, адамның жүрегіне әсер ету үшін біз тек сөздер мен ойларды ғана емес, оларды қандай сезіммен айту керектігін де ойлануымыз керек.