45-САБАҚ
Көрнекі мысалдарды қолданып тәлім бер
КӨРНЕКІ мысалдарды қолдану — тәлім берудің тиімді тәсілі. Бұл — тыңдаушылардың назарын аударып, тыңдатудың керемет жолы. Мысалдар ойлануға талпындырады және есте сақтап қалуда да зор көмегі тиеді. Олар адамның сезіміне, ар-ұжданы мен жүрегіне әсер етеді. Кейде көрнекі мысалдарды жаңсақ пікірлерді түзеу үшін қолдануға болады. Тәлім бергенде сен де көрнекі мысалдарды қолданасың ба?
Бейнелі сөздер де қандай да бір мағынада көрнекі мысалдар болып келеді. Олар қысқа да нұсқа, десе де, адам санасында оқиғаны көркем де жанды етіп бейнелейді. Бейнелі сөздер жақсы таңдалса, айтылғандардың көбісінің мағынасы түсінікті болады. Әйтсе де, тәлім беруші қысқаша түсіндіру арқылы да олардың маңыздылығын арттыра түседі. Бұған қатысты Киелі кітапта біз үйрене алатын мысалдар өте көп.
Теңеу мен метафоралардан баста. Теңеу — ең қарапайым бейнелі сөздер. Мысалдарды қолдануды енді ғана үйреніп жүргендер теңеуден бастағандары дұрыс. Әдетте теңеу сияқты, секілді, тәрізді және басқа да сөздердің көмегімен, сондай-ақ -дай, (-дей, -тай, -тей), -ша, (-ше) және тағы да басқа жұрнақтардың көмегімен жасалады. Теңеу екі түрлі нәрсенің ұқсас жақтарын көрсетеді. Киелі кітапта кездесетін көптеген бейнелі сөздерде өсімдіктер, жануарлар мен аспан денелері, сондай-ақ адам өміріне қатысы бар заттар мен оқиғалар айтылады. Забур 1:3-те Құдай Сөзін үнемі оқитын адамды “су жағасындағы ағашқа”, яғни жемісті, жапырақтары еш кеуіп сембейтін ағашқа ұқсатады. Ал опасыз адам туралы үңгірде жатып жемтігін аңдыған “арыстан сияқты” делінген (Заб. 9:30). Ехоба Ыбырайымға оның ұрпағы “аспандағы жұлдыздар сияқты” және “жер бетіндегі құм түйіршіктеріндей” сансыз көп болатынын уәде еткен (Жар. 26:4; 28:14). Исраил халқына өзімен тығыз қарым-қатынаста болуға жол бергенін Ехоба былайша білдірген: “Белдіктің адам құрсағына жақын жатқаны сияқты, Мен бүкіл Исраил мен Яһуданы өзіме жақындаттым” (Ер. 13:11).
Екі түрлі нәрсенің не құбылыстың арасындағы ұқсастыққа метафораны қолдану арқылы да назар аударуға болады. Бірақ метафораның әсері күштірек. Онда бір затты екінші бір заттың орнына қойып, біріне тән қасиеттерді екіншісіне де телиді. Иса шәкірттеріне: “Сендер дүниеге “нұрсыңдар”,— деген (Мат. 5:14). Ал өзі туралы ол: “Мен — “қақпамын”,— деген болатын (Жох. 10:9). Дәуіт Ехобаға: “Менің жартасым да, қорғаным да Сенсің”,— деп жырлаған (Заб. 30:4). Жақсылап ойластырылған метафоралар әдетте түсіндіруді қажет етпейді, қажет еткен күнде де шамалы ғана түсіндірсе жеткілікті. Оның құдіреті қысқалығында. Метафорамен берілетін ой тыңдаушылардың есінде жай сөзбен айтылған ойға қарағанда әлдеқайда жақсы із қалдырады.
Гипербола — әсірелеп айту. Оны дұрыс түсінбей қалу мүмкін болғандықтан, абайлап қолдану керек. Бейнелі сөздің осы түрін қолданып, Иса: “Неге бауырыңның көзіндегі тікенді көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?”— деп, есте қаларлық көріністі суреттеп берген (Мат. 7:3). Гиперболаны не бейнелі сөздердің өзге түрін қолданардан бұрын, теңеу мен метафораларды қолдануды жақсылап үйреніп ал.
Мысалдар келтір. Тәлім беруде бейнелі сөздердің орнына мысалдарды — ойдан шығарылған не өмірден алынған оқиғаларды — қолдануға болады. Бірақ мысалдарды абайлап қолдану керек, өйткені кейде олар тым шым-шытырық болғандықтан, тыңдаушылардың ойын негізгі ойдан бұрып әкетуі мүмкін. Мысал шынында маңызды болып табылатын ойларды растау үшін қолданылып, оны тыңдаушылар оқиғаны ғана емес, оның астарында жатқан өсиет-өнегені де есте сақтап қалатындай етіп айту керек.
Мысалдардың бәрі өмірден алынбаса да, ондағы жағдайлар өмір шындығына жанасу керек. Мысалы, күнәсін мойындаған күнәкарларға қалай қарау керектігін көрсету үшін Иса жоғалтқан қойын тапқан адамның зор қуанышы жайлы айтқан (Лұқа 15:1—7). Сонымен қатар ол бір адаммен сөйлескенде, оның маңайындағыны жақсы көру туралы Заңның мәнісін жете түсінбейтінін байқап, діни қызметкер мен леуілік сияқты емес, жарақаттанған адамға көмек берген самариялық туралы оқиға айтып берген (Лұқа 10:30—37). Аңғарымпаз болуды үйрен, адамдардың қалай ойланып, қалай әрекет ететінін байқа, сонда оқытудың осы тәсілін шебер қолдана аласың.
Натан пайғамбар Дәуіт патшаның айыбын әшкерелемекші болғанда, ойдан шығарылған оқиға айтып береді. Бұндай мысалдың тиімді болу себебі онда Дәуіттің өзін ақтап шыға келуіне түрткі болатын жай тіпті де айтылмайды. Әңгімеде ұсақ малы көп болған бір бай адам мен өте жақсы көретін, бағып-қаққан кішкентай бір-ақ қозысы бар кедей адам туралы айтылады. Дәуіттің өзі де бұрын қойшы болған, сондықтан кедей кісінің сезімі оған таныс әрі түсінікті еді. Әлгі бай кедейдің жақсы көретін қозысын тартып алғанын айтқанда, Дәуіт қатты ашуланады. Сонда Натан пайғамбар оған тіке: “Сол адам өзіңсің!”— дейді. Бұл айтылғандар Дәуіттің жүрегіне жетіп, күнәсына шын жүректен өкінеді (Пат. 2-ж. 12:1—14). Адамның сезіміне қатысты нәрселерді оның көңіліне тимейтіндей әрі іс-әрекетке талпындыратындай етіп айтуды үйрен.
Тәлім беруде керемет мысалдарды Киелі жазбалардан табуға болады. Иса кейбір мысалдарды дәл содан алған. Бірде ол жай ғана: “Луттың әйелімен болған жайтты естеріңе түсіріңдер!”— деген (Лұқа 17:32). Өзінің Патшалық билікте отырғанын көрсететін белгіні егжей-тегжейлі түсіндіре отырып, ол ‘Нұх пайғамбардың заманын’ айта кеткен (Мат. 24:37—39). Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауында елші Пауыл сенімнің үлгісі ретінде он алты ер-әйелдің есімдерін атап өткен. Киелі кітаппен жақсырақ танысып, онда айтылған әр түрлі оқиғалар мен адамдар туралы білген сайын, сен одан керемет мысалдар табасың (Рим. 15:4; Қор. 1-х. 10:11).
Кейде тәлім ретінде берілген сөзді салмақты ету үшін қазіргі өмірден алынған оқиғаларды айтып беруге болады. Алайда оларды қолданғанда қаншалықты сенімді екенін тексеріп ал және әлдекімді ыңғайсыз жағдайға қалдыратын немесе айтылып жатқанға қатысы жоқ дау тудыратын оқиғалардан қашық бол. Келтіретін мысалыңның белгілі бір мақсаты болу керектігін де ұмытпа. Мақсатыңнан алыстатып жіберетін қажетсіз ұсақ-түйек нәрселерге тоқтала берме.
Тыңдаушыларыңа түсінікті бола ма? Әрбір мысалдың белгілі бір мақсаты болуы керек. Талқылап жатқан сұрағыңа мысалдың қандай қатысы бар екенін көрсетпесең, мақсатыңа жете аласың ба?
Шәкірттеріне “дүниеге “нұрсыңдар” деп айтқаннан кейін, Иса шамның әдетте қалай қолданылатыны мен бұл оларға қандай міндеттер жүктейтінін бір-екі ауыз сөзбен айтып өткен (Мат. 5:15, 16). Жоғалған қойдың табылғаны туралы көрнекі мысалды келтіргенде, күнәкар адам теріс жолдан қайтқанда, көктегілердің қалайша қуанатынын айтқан (Лұқа 15:7). Ал қайырымды самариялық туралы әңгімесін айтып болған соң, Иса сөйлесіп тұрған адамына жақсы ойластырылған сұрақ қойып, сонан соң тікелей кеңес берген (Лұқа 10:36, 37). Бірақ басқа да жағдайлар болған. Ол түрлі топырақ пен егіндікке себілген бидайық туралы мысалдарын жиналған жұрттың бәріне емес, кішіпейілділік көрсетіп, өзіне келіп сұрағандарға ғана түсіндірген (Мат. 13:1—30, 36—43). Өлімінен үш күн бұрын Иса қатыгез жүзімшілер туралы астарлы әңгіме айтып берген. Оны не үшін айтқанын түсіндірген жоқ, мұның қажеті де жоқ еді: себебі ‘діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаның өздері туралы айтқанын ұқты’ (Мат. 21:33—45). Олай болса, түсіндіру керек пе, жоқ па — егер керек болса, қаншалықты егжей-тегжейлі болу керектігі — көрнекі мысалдың өзіне, тыңдаушылардың көзқарасы мен қойған мақсатыңа байланысты.
Мысалдарды тиімді қолдануды үйрену үшін уақыт пен күш салу қажет, бірақ бұл соған тұрарлық. Жақсылап таңдалған мысалдар тек ой-санаға емес, сезімге де әсер етеді. Олар жай сөзбен келтірген дәлелдердің күші келе бермейтін нәтижеге қол жеткізуге, яғни айтқандарыңа салмақ қосып, әсерлі етуге көмектеседі.