5-ТАРАУ
“Бұл — менің Ұлым”
БАЛАЛАРДЫҢ жүріс-тұрыстары жақсы болса, ата-аналары қатты қуанады. Қызының жақсы нәрсе істегенін көріп әкесі: “Бұл — менің қызым!”— деп риза болады. Ал егер ұлы көңілінен шықса, басқаларға: “Бұл — менің ұлым!”— деп, оны мақтан етеді.
Иса әрқашан Әкесіне ұнайтынды істейді. Сондықтан Әкесі оны мақтан тұтады. Иса үш шәкіртімен болғанда, Әкесінің не істегені есіңде ме? ~ Иә, Құдайдың өзі көктен оларға: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған разымын!”— деген еді (Матай 17:5).
Иса Әкесіне ұнайтын нәрселерді әрқашан қуанышпен істейді. Неге екенін білесің бе? Өйткені ол Әкесін шынымен жақсы көреді. Егер адам бір жұмысты амалсыздан істесе, бұл оған қиын боп көрінеді. Ал шын қалап істесе, оны істеу оңай болады.
Иса жерге келмей тұрғанда да Әкесі не айтса, соны шын қалап істейтін. Себебі ол Әкесі Ехоба Құдайды жақсы көреді. Оған көкте Әкесінің жанында болу қатты ұнайтын. Бірақ Құдай Исаға ерекше тапсырма берді. Оны орындау үшін ол көктен кетіп, жерде нәресте болып туылу керек еді. Бұл тапсырма Ехобаның еркі болғандықтан, Иса оны орындағысы келді.
Иса жерде туылу үшін, оны дүниеге әкелетін ана керек болды. Құдай кімді таңдағанын білесің бе? ~ Мәриям деген қызды. Ехоба Мәриямға көктен Жәбірейіл періштені жібереді. Періште оған ұлды болатынын және оның атын Иса деп қою керектігін айтты. Ал баланың әкесі кім болады? ~ Періштенің айтуынша, баланың Әкесі — Ехоба Құдай. Сондықтан да Иса Құдай Ұлы деп аталды.
Бұл хабарды Мәриям қалай қабылдады? ~ Ол: “Мен Исаның анасы болғым келмейді”,— деді ме? Жоқ, Мәриям Құдайдың айтқанын орындауға дайын болды. Бірақ көктегі Құдай Ұлы қалайша жерде бала боп туылады? Оның туылуы басқа сәбилерге қарағанда несімен ерекше? Мұны білесің бе? ~
Құдай алғашқы Адам ата мен Хауа ананы жаратқаннан кейін, ата-аналар ерекше жолмен қосылатын болды. Содан соң ананың ішінде кішкентай бөпе пайда болып, өсе бастайды. Бұл — адамдар үшін таңғажайып құбылыс! Сен де солай ойлайтын шығарсың.
Ал Исаның жағдайында Құдай бұдан да зор керемет жасады. Ол көктегі Ұлының өмірін Мәриямның құрсағына салды. Құдай бұған дейін де, бұдан кейін де мұндай керемет жасаған емес. Сол кереметтің нәтижесінде Мәриямның ішінде Иса басқа балалар сияқты өсіп-дамыды. Кейін Мәриям Жүсіпке тұрмысқа шықты.
Иса туылатын кезде, Мәриям мен Жүсіп Бетлехемге келді. Қалада адам көп болғандықтан, олар қонатын үй таппады. Сөйтіп, мал қорада түнеді. Келесі беттегі суреттен көріп тұрғаныңдай, сол жерде Мәриям босанып, Исаны ақырға жатқызды. Ақыр деген — сиырға және басқа жануарларға жем салатын үлкен ыдыс.
Иса туылған түні бір таңғажайып оқиға болды. Бетлехемнің маңында қой күзетіп жатқан қойшыларға бір періште көрінді. Періште оларға Исаның өте маңызды адам екенін айтып: “Қараңдар! Мен барлық адамды бақытты ететін қуанышты хабар әкелдім. Бүгін бір нәресте туылды. Ол болашақта адамзатты құтқарады”,— деді (Лұқа 2:10, 11).
Сол періште қойшыларға Исаны Бетлехемде ақырда жатқан жерінен таба алатынын айтты. Сосын, кенеттен аспанда көп періште пайда болып, Құдайды мадақтай бастады. Олар: “Құдай мадақталсын! Жер бетінде оған ұнамды адамдардың арасында тыныштық орнасын”,— деп ән айтты (Лұқа 2:12—14).
Періштелер кеткен соң, қойшылар Бетлехемге барып, Исаны тапты. Сөйтіп, олар естіген жақсы хабарды Жүсіп пен Мәриямға айтып берді. Сонда Мәриям Исаның анасы болуға ықылас танытқанына қалай қуанды десеңші!
Кейінірек Жүсіп пен Мәриям Исаны алып, Назарет қаласына көшті. Исаның балалық шағы сол жерде өтті. Үлкейген соң Иса тәлім беру ісін бастады. Бұл Ехоба Құдай өз Ұлына берген тапсырманың бірі еді. Иса тәлім беру ісін бар ынтасымен атқарды. Өйткені ол көктегі Әкесін қатты жақсы көрді.
Иса Ұлы Ұстаз ретіндегі ісін бастамас бұрын, Жақияға келіп, Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өтті. Сол кезде бір керемет жағдай орын алды. Иса судан шыққанда, көктен Ехобаның даусы естілді. Ол: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған разымын!”— деді (Матай 3:17). Әкең мен анаң сені жақсы көретінін айтса, өзіңді бақытты сезінесің бе? ~ Иса да өзін солай сезінді деп сеніммен айта аламыз.
Иса әрдайым дұрыс нәрсені істеген. Ол ешқашан өзін Құдаймын деп санамаған, тіпті оған тең келуді де ойламаған. Жәбірейіл періште Мәриямға Исаның Құдай Ұлы деп аталатынын айтқан. Иса да өзін Құдайдың Ұлымын деген. Сондай-ақ ол ешқашан Әкемнен көп білемін деп айтпаған, қайта: “Әкем менен ұлы”,— деген (Жохан 14:28).
Иса көкте болғанда да, Әкесі не тапсырса, соны істеген. Ол “Жарайды, істеймін!” деп алып, басқа нәрсемен айналысып кетпейтін. Әкесін сүйгендіктен әрқашан оның тілін алатын. Жерге келгенде де, ол Әкесі тапсырған істі атқарып, уақытын басқа істерге жұмсамаған. Олай болса, Ехобаның Исаға риза болғаны бізді таңғалдырмайды!
Біз де Ехобаға ұнамды болғымыз келеді, солай емес пе? ~ Онда, Иса сияқты, Құдайды шынымен тыңдайтынымызды көрсетуіміз керек. Құдай бізге Киелі кітап арқылы сөйлейді. Құдайды тыңдаймыз деп алып, Киелі кітап айыптайтын нәрселерге сенсек және соларды істесек, дұрыс болмайды. Мұнымен келісесің ғой? ~ Есіңде болсын, Ехобаны шынымен жақсы көрсек, оған ұнайтынды қуанышпен істейтін боламыз.
Келесі тармақтардан Иса туралы нені білуіміз және неге сенуіміз керек екенін білеміз. Қазір соларды оқып шығайық: Матай 7:21—23; Жохан 4:25, 26 және Тімөтеге 1-хат 2:5, 6.