44-ТАРАУ
Құдайды жақсы көретін адамдармен дос бол
ДОСТАР деп бір-бірімен әңгімелесуді және бірге уақыт өткізуді ұнататын адамдарды айтады. Алайда достарды дұрыс таңдау маңызды. Сеніңше, кім бізге ең жақсы дос бола алады? ~ Иә, Ехоба Құдай.
Біз шынымен Құдайдың досы бола аламыз ба? ~ Киелі кітапта ежелде өмір сүрген Ыбырайым “Ехобаның досы” деп аталған (Жақып 2:23). Қалайша ол Ехобаның досы бола алғанын білесің бе? ~ Киелі кітаптың айтуынша, Ыбырайым Құдайға мойынсұнған. Тіпті айтқанын орындау қиын болса да, ол Құдайдың тілін алған. Демек, Ехобамен дос болу үшін, Ыбырайым және Ұлы Ұстазымыз сияқты, үнемі оған ұнамды нәрселерді істеуіміз керек (Жаратылыс 22:1—14; Жохан 8:28, 29; Еврейлерге 11:8, 17—19).
Иса елшілеріне: “Егер өсиет еткендерімді орындасаңдар, онда менің достарымсыңдар”,— деп айтқан (Жохан 15:14). Исаның айтқан өсиеттері Ехобанікі еді. Сондықтан оның айтқысы келгені мынау: өзімен дос болғысы келген адамдар Ехобаның өсиеттерін орындау керек. Расында да, Исаның достарының бәрі Құдайды жақсы көрген.
Ұлы Ұстаздың ең жақын достары елшілер еді. Сен оларды 75-беттегі суреттен көре аласың. Иса елшілерімен көп уақыт өткізген. Елшілер онымен бірге сапар шеккен және уағыздау ісінде көмек берген. Олар бірге тамақтанған, Ехоба жайында сөйлескен және түрлі істер атқарған. Алайда Исаның басқа да көптеген достары болған. Ол солардың үйлеріне жиі тоқтайтын және олармен араласқанды жақсы көретін.
Сондай достарының бірі Иерусалимге жақын жерде орналасқан Бетания қалашығында тұратын. Олардың кім екені есіңде ме? ~ Мәриям, Марта және інілері Елазар. Иса Елазарды досым деп атаған (Жохан 11:1, 5, 11). Исаның осы достары Ехобаны жақсы көріп, оған қызмет еткен. Сондықтан Иса бұл отбасын жақсы көрген және олармен бірге болғанды ұнатқан.
Сонымен қатар Иса Құдайға қызмет етпейтін адамдарға да мейірімділік танытқан. Ол мұндай адамдардың үйіне барып, дастарқандас болған. Сондықтан кейбіреулер Исаны “салықшылар мен күнәкарлардың досы” деп атаған (Матай 11:19). Бірақ Иса олардың үйлеріне өмір салттары ұнағандықтан емес, Ехоба туралы айту үшін баратын. Иса оларға жаман істерін тастап, Құдайға бет бұруларына көмектескісі келген.
Бірде Иерихон қаласында осындай жағдай болды. Иерусалимге бара жатқан жолда Иса Иерихонға кіреді. Бұл қалада Зақай деген кісі тұратын. Ол Исаны қатты көргісі келді, бірақ қалың жұрттың арасынан оны көре алмады. Өйткені Зақайдың бойы аласа болатын. Содан ол алға жүгіріп барып, ағаштың басына шығып алады. Осылайша жанынан өтетін Исаны анығырақ көрмекші болады.
Иса сол ағаштың жанына келгенде, жоғарыға қарап: “Зақай, тез төмен түс! Бүгін сенің үйіңде тоқтауым керек”,— деді. Зақай дұрыс емес істермен айналысатын бай кісі еді. Неліктен Иса осындай адамның үйіне бармақ болды? ~
Иса оның үйіне бұрыс істерін құптағандықтан барайын деп жатқан жоқ. Оған Құдай туралы айтқысы келді. Өйткені Зақай Исаны көру үшін ағаш басына шыққан еді. Оның мұндай әрекеті Құдай туралы тыңдауға бейім екенін көрсетті. Сондықтан Иса қолайлы сәтті пайдаланып, Құдайға ұнамды болу үшін қалай өмір сүру керектігін Зақайға айтпақ болды.
Сонымен, бұл оқиға немен аяқталды деп ойлайсың? ~ Зақайға Исаның берген тәлімі ұнады. Ол адамдарды алдағанына қатты өкінді. Сөйтіп, заңсыз жолмен алған ақшалардың бәрін қайтарамын деп уәде берді. Сосын, ол Исаның ізбасары болды. Тек содан кейін ғана Иса мен Зақай дос болды (Лұқа 19:1—10).
Ұлы Ұстазға еліктеп, досымыз емес адамдардың үйіне барамыз ба? ~ Иә, барамыз. Бірақ олардың жаман істерін құптамаймыз әрі қайталамаймыз. Біз олардың үйіне Құдай туралы айту үшін барамыз.
Алайда жақын достар деп көбінесе бірге уақыт өткізгенді ұнататын адамдарды айтады. Біз Құдайға ұнайтын адамдармен ғана жақсы дос боламыз. Бірақ кейбіреулер Ехобаны танымайды. Егер олар Құдай туралы білгісі келсе, қуана көмектесеміз. Уақыт өте келе олар да Ехобаны біз сияқты жақсы көретін болса, сонда ғана біз олармен жақын дос бола аламыз.
Адамның жақсы дос бола алатынын анықтау үшін, оның іс-әрекетіне қарау керек. Ол біреуге қиянат жасап, артынан оны мазақтап күле ме? Әрине, бұл дұрыс емес, келісесің бе? ~ Ол әр нәрсеге ұрынып жүре ме? Оның қасында жүріп, біз де бір пәлеге ұшырағымыз келмейді, солай ғой? ~ Әлде ол ешкімге байқатпай жамандық жасай алатындықтан, өзін ақылды санай ма? Оның не істегенін адамдар көрмесе де, Құдай көріп тұр, солай емес пе? ~ Қалай ойлайсың, осындай адамдар бізге жақсы дос бола ала ма? ~
Енді қолыңа Киелі кітабыңды алшы. Достар өмірімізге қалай әсер ететіні жайлы оқып көрейік. Қорынттықтарға арналған 1-хаттың 15-тарауының 33-тармағын аш. Таптың ба? ~ Онда: “Алданбаңдар, жаман орта жақсы әдеттен айырады”,— делінген. Бұл дегеніміз — егер жаман адамдармен аралассақ, өзіміз де жаман болып кетеміз. Ал егер жақсы адамдармен дос болсақ, олар бізге жақсы әдеттер дамытуға көмектеседі.
Біздің ең жақсы досымыз Ехоба екенін ешқашан ұмытпайық. Онымен достығымызды жоғалтқымыз келмейді ғой, иә? ~ Сондықтан тек Ехобаны жақсы көретін адамдармен ғана дос болып жүрейік!
Жақсы дос таңдаудың маңыздылығын келесі тармақтардан көруге болады: Забур 118:115; Нақыл сөздер 13:20; Тімөтеге 2-хат 2:22 және Жоханның 1-хаты 2:15.