73-ТАРАУ
Нағыз сүйіспеншілік танытқан самариялық кісі
МӘҢГІЛІК ӨМІРГЕ ЖЕТУДІҢ ЖОЛЫ
ҚАЙЫРЫМДЫ САМАРИЯЛЫҚ КІСІ
Иса әлі де Иерусалимге жақын жерде тәлім беріп жүр. Оған яһудилер келді, кейбірінің ниеті оны тыңдау болса, өзгелерінікі сынау. Содан араларында Заңды жетік білетін бір кісі Исадан: “Ұстаз, мәңгілік өмірге ие болуым үшін не істеуім керек?”— деп сұрады (Лұқа 10:25).
Иса бұл адамның жай сұрамағанын байқады. Ол Исаны яһудилердің көңіліне тиетін жауап беруге итермелегісі келсе керек. Бұл мәселеде оның қалыптасқан көзқарасы бар екенін білгендіктен, Иса тікелей жауап бермеді. Қайта, оны өзінің ойын айтуға шақырды.
“Заңда не деп жазылған? Оны қалай түсінесің?”— деп сұрады Иса. Ол Құдай Заңын жақсы білгендіктен, соған негіздеп жауап берді. Мұсаның 5-жазбасы 6:5 және 3-жазбасы 19:18-ден үзінді келтіріп: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, бар күш-қуатыңмен және барлық ақыл-ойыңмен сүй!” Сондай-ақ “өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”,— деді (Лұқа 10:26, 27). Ол дұрыс жауап берді ме?
Иса оған: “Дұрыс жауап бердің. Осылай істей бер, сонда мәңгілік өмірге ие боласың”,— деді. Бірақ әңгіме мұнымен бітпеді. Яһуди бұл жауапқа қанағаттанбады. Ол өз көзқарасының дұрыстығын дәлелдеп, осылай өз іс-әрекетін ақтау үшін: “Сонда мен нақты кімді сүюім керек?”— деп сұрады (Лұқа 10:28, 29). Қарапайым болып көрінген бұл сұрақтың астарында терең мән жатқан еді. Қандай?
Яһудилер тек өз дәстүрлерін ұстанатындарға ғана сүйіспеншілік таныту керек деп есептейтін. Осы көзқарасты Мұсаның 3-жазбасы 19:18-дегі сөздер де растайды деп ойласа керек. Олар яһуди емес адамдармен араласуға тіпті “заң тыйым салады” дейтін (Елшілердің істері 10:28). Сондықтан әлгі кісі де, бәлкім Исаның кейбір шәкірттері де, яһудилерге жақсылық жасауды әділдіктің белгісі деп білетін. Ал яһуди еместерге жақсылық жасамайтын, тіпті жасау керек деп те есептемейтін.
Иса сұрақ қойған кісінің және басқа яһудилердің қитығына тимей, жаңсақ көзқарастарын қалай түзетер екен? Ол бір әңгіме айтып берді: “Бір адам Иерусалимнен Иерихонға ылдилап бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оны тонап, ұрып-соғып, шала-жансар етіп тастап кетеді. Сонда сол жолмен келе жатқан бір діни қызметкер оны көреді де, жолдың арғы бетіне өтіп, кете береді. Сол сияқты, жаңағы жермен өтіп бара жатқан бір леуілік оны көреді, ол да жолдың арғы бетіне өтіп, кете береді. Ал сол жолмен жолаушылап бара жатқан бір самариялық кісі оны көріп, аяп кетеді” (Лұқа 10:30—33).
Иерихонда діни қызметкерлер мен ғибадатханадағы қызметке көмектесетін леуіліктер көп тұратын. Олар ғибадатханадан қайтарда 23 шақырымдай жолмен ылдилап түсетін. Қарақшылардың кесірінен сол жолмен жүру қауіпті болған. Мұның бәрін әлгі яһуди жақсы біледі. Сонымен діни қызметкер не леуілік хал үстінде жатқан яһуди бауырына көмектесу керек емес пе? Исаның әңгімесінде олар көмектеспей, қасынан өтіп кете берді. Бейшараға қамқорлық көрсеткен адам яһудилерге жеккөрінішті самариялық кісі болып шықты (Жохан 8:48).
Самариялық кісі соққыға жығылған яһудиге қалай көмектесті? “Жанына барып, жараларына май мен шарап құйып, таңады,— деді Иса. —Сосын есегіне отырғызып, бір қонақүйге әкеліп, қамын жасайды. Ертесіне қонақүйдің иесіне екі динар беріп: — Мына кісіге қамқорлық көрсетіңіз. Егер артық шығын шығарсаңыз, қайтып оралғанда төлеймін,— дейді” (Лұқа 10:34, 35).
Оқиғаны айтып берген соң, Ұлы Ұстаз әлгі кісіні ойлануға талпындыратын сұрақ қойды: “Осы үшеуінің қайсысы қарақшылардың қолына түскен кісіге сүйіспеншілік танытты деп ойлайсың?” Самариялық екенін айтқысы келмесе керек, ол: “Оған қайырымдылық жасағаны”,— деп жауап берді. Сосын Иса оқиғадан қандай сабақ алу керектігін анық көрсетіп: “Ендеше, бар да, сен де солай істе”,— деді (Лұқа 10:36, 37).
Бұл — тәлім берудің қандай тиімді әдісі десеңші! Егер Иса яһуди еместерге сүйіспеншілік таныту керек екенін айта салғанда, әлгі кісі мен басқа яһудилер мұны қабыл алар ма еді? Қабыл алуы екіталай. Иса тыңдаушыларына таныс жайттарды қолданып, қарапайым әңгіменің көмегімен “Нақты кімді сүюім керек?” деген сұраққа анық етіп жауап берді. Киелі жазбалардың нұсқауы бойынша, адам барлық адамға сүйіспеншілік таныту керек.