129-ТАРАУ
“Міне, сол адам!” деп Пилат жар салды
МАТАЙ 27:15—17, 20—30 МАРҚА 15:6—19 ЛҰҚА 23:18—25 ЖОХАН 18:39—19:5
ПИЛАТ ИСАНЫ БОСАТПАҚ БОЛДЫ
ЯҺУДИЛЕР БАРАББАНЫ СҰРАДЫ
ИСАНЫ МАЗАҚ ЕТТІ, ҰРЫП-СОҚТЫ
Исаны өлтіргісі келген тобырға Пилат: “Сендер таққан айыптарға еш негіз таппадым. Ирод та таппады”,— деді (Лұқа 23:14, 15). Исаны құтқарып қалуға тырысқан ол тағы бір амал тауып, жиналған жұртқа: “Өз салттарың бойынша Құтқарылу мейрамында бір тұтқынды босатып беремін. Яһудилердің патшасын босатқанымды қалайсыңдар ма?”— деді (Жохан 18:39).
Пилат түрмеде Барабба есімді аты шулы қарақшының, бүлікші әрі кісі өлтірушінің отырғанын білетін. Сондықтан ол: “Кімді босатқанымды қалайсыңдар: Бараббаны ма, әлде Мәсіх деп аталатын Исаны ма?”— деп сұрады. Жоғарғы діни қызметкерлердің арандатуымен жұрт Исаны емес, Бараббаны босатуын сұрады. Пилат тағы да: “Екеуінің қайсысын босатқанымды қалайсыңдар?”— дегенде, тобыр: “Бараббаны!”— деп айғайлады (Матай 27:17, 21).
Әбден сасқан Пилат: “Ендеше, Мәсіх деп аталатын Исаға не істейін?”— деді. Сонда жұрт: “Ол бағанаға ілінсін!”— деп шулады (Матай 27:22). Олар жазықсыз адамның өлгенін қалайды. Пилат Исаны қорғаштап: “Не үшін? Ол қандай жамандық істеді? Оны өлім жазасына кесетіндей ештеңе тапқан жоқпын. Сондықтан жазалап, босатып жіберемін”,— деді (Лұқа 23:22).
Пилат қанша тырысса да, сырттағы жұрт бір ауыздан: “Ол бағанаға ілінсін!”— деп айғайлады (Матай 27:23). Егер сол жерде Исаның шәкірттері де тұрған болса, олар ешкімнің көзіне түспей, үнсіз тұр. Дінбасыларының арбауына түсіп, ессіздікке берілген жұрт қан тілеп тұр! Жауыз қылмыскердің емес, кінәсіз жанның қаны төгілгенін қалайды. Бес күн бұрын ғана Иса Иерусалимге Патша ретінде кіргенде, олар оны қуана қарсы алған болатын.
Пилат әрекетінен түк шықпағанын көрді. Сырттағы шу күшейе түскен соң, су алдыртып, жұрттың алдында қолын жуып тұрып: “Мына кісінің қанына мен жауапты емеспін. Енді өздерің біліңдер”,— деді. Бұл да жұртты райынан қайтармады. Олар тіпті: “Оның қаны біздің және балаларымыздың мойнында болсын!”— деп айғайлады (Матай 27:24, 25).
Ақырында әмірші өзі дұрыс деп есептегенін істеуден гөрі, жұрттың талабын орындауды жөн көрді. Содан Бараббаны босатып, алдарына шығарып берді. Сосын Пилат Исаның киімін шешкізіп, дүре соқтырды.
Исаны ұрып-соққан соң, сарбаздар оны әміршінің сарайына апарды. Сол жерге бүкіл жасақ жиналып, оны әрі қарай азаптады. Басына тікеннен өрілген тәж кигізіп, үстінен нығыздап басты. Оң қолына қамыс таяқ ұстатып қойып, үстіне патшалар киетін ал қызыл жамылғы жапты. Сосын: “Амансың ба, яһудилердің патшасы”,— деп оны мазақ етті (Матай 27:28, 29). Бұл аздай, Исаның бетіне түкіріп, шапалақпен ұрды. Кейін қолындағы таяқты жұлып алып, басынан соқты. Сонда онсыз да батып тұрған “тәждің” үшкір тікендері құйқасын тесіп кетті.
Осыншама қорлыққа қарамастан, Исаның бойын тік ұстап, мойымай тұрғаны Пилатқа қатты әсер етті. Оны тағы да құтқарып қалуға әрекеттеніп, жұртқа: “Қараңдар! Одан еш айып таппағанымды білсін деп, оны алдарыңа алып шығамын”— деді. Пилат бет-аузы көгеріп, қанталаған Исаның күйін көргенде, жұрттың жүрегі жібиді деп ойлаған шығар. Мейірімсіз тобырдың алдына тұрған Исаны көрсетіп, Пилат: “Міне, сол адам!”— деді (Жохан 19:4, 5).
Иса соққы жеп, үсті-басы жаралы болса да, өзін ірі ұстап, сабырлы қалпынан айнымады. Оның жай адам емес екенін тіпті Пилат мойындаса керек. Өйткені оның сөзінен аяушылықпен қатар Исаға деген құрмет сезілді.