77-ТАРАУ
Құдық басындағы әйел
Құтқарылу мейрамы біткеннен кейін көп ұзамай Иса шәкірттерімен Ғалилеяға жол тартты. Олар Самария арқылы жүрмекші болды. Сихар қаласына жақындаған кезде, Иса “Жақып құдығы” деп аталатын құдықтың басына келіп отырды. Ал шәкірттері Иса демалып алғанша, қаладан тамақ сатып әкелуге кетті.
Сол кезде құдықтан су алуға бір әйел келді. Иса одан: “Маған ішетін су берші”,— деп сұрады. Ол былай деп жауап берді: “Сіз қалайша маған сөйлеп тұрсыз? Мен самариялық әйелмін. Әдетте яһудилер самариялықтармен сөйлеспеуші еді ғой”. Иса оған былай деді: “Менің кім екенімді білсең, өзің менен су сұрар едің. Сонда мен саған өмір беретін су берер едім”. Бірақ әйел: “Не айтып тұрғаныңызды түсінбедім. Сіздің тіпті су алатын шелегіңіз де жоқ қой”,— деді. Иса оған: “Мен беретін судан ішкен адам ешқашан шөлдемейді”,— деді. Сонда әйел: “Мырза, маған сол суыңыздан беріңізші”,— деді.
Иса әйелге: “Барып, күйеуіңді шақырып кел”,— деді. Әйел: “Менің күйеуім жоқ”,— деп жауап берді. Иса оған былай деді: “Дұрыс айтасың. Сен бес рет күйеуге шыққансың. Ал қазір сенімен бірге тұрып жатқан адам — күйеуің емес”. Сонда әйел Исаға былай деді: “Сіз пайғамбар екенсіз. Менің халқым Құдайға осы тауда ғибадат ету керек дейді. Ал яһудилер Құдайға тек Иерусалимде ғана ғибадат ету керек деп сенеді. Бірақ мен Мәсіх келгенде бізге қалай ғибадат ету керектігін үйрететініне сенімдімін”. Сол кезде Иса оған әлі ешкімге айтпаған бір нәрсені айтты. Ол оған: “Мен Мәсіхпін”,— деді.
Әйел дереу қалаға барып, самариялықтарға былай деді: “Мен Мәсіхті тапқан сияқтымын. Ол мен туралы бәрін біледі екен. Жүріңдер, өздерің көріңдер!” Олар әйелге еріп, құдық басына келді. Сол жерде олар Исаның тәлімдерін мұқият тыңдады.
Самариялықтар Исадан қаладан кетпеуін өтінді. Иса екі күн бойы оларға тәлім берді. Олардың көбісі оған сенді. Олар әлгі самариялық әйелге: “Бұл адамды тыңдап, оның шынымен де дүниенің құтқарушысы екенін білдік”,— деді.
“Шөлдегендердің бәрі де келсін. Өмір суын алғысы келгендердің бәрі оны тегін алсын” (Аян 22:17).