Септуагинттегі Тетраграмматон
ҚҰДАЙДЫҢ Ехоба деген есімі тетраграмматон түрінде, яғни еврейдің יהוה (ИҺВҺ) деген төрт әрпімен берілген. Көп уақыт бойы “Септуагинттің” көшірмелерінде тетраграмматон кездеспейді деген сенім болған еді. Сол себепті мәсіхшілердің Грек Жазбаларын жазғандар, Еврей Жазбаларын келтіргенде Құдайдың есімін қолданбаған деген көзқарас қалыптасқан болатын.
Соңғы жүз жыл шамасында ашылған көптеген жаңалықтар “Септуагинтте” Құдайдың есімі кездескенін паш етті. Бір мәлімет көзінде былай делінген: “Эллинизмнің ықпалына түскен еврейлер қасиетті Құдайдың есімінің өзгеріссіз сақталғанын қалағандары сонша, Еврей Жазбаларын грек тіліне аударған кезде, еврей әріптерімен жазылған тетраграмматонды грек тіліндегі мәтінге өзгеріссіз енгізген”.
Сол жақтағы суретте көрсетілген шиыршық қиындысы біздің уақытқа дейін жеткен көптеген қиындылардың бірі ғана. Оксиринхуста (Мысыр) табылған, № 3522 деп белгіленген бұл қиынды б. з. бірінші ғасырында жазылған деген тұжырым жасалғанa. Оның көлемі 7×15 сантиметр және онда Әйүп 42:11, 12-нің үзінділері жазылған. Бұл үзіндіде еврей әріптерімен жазылған тетраграмматон (қоршауға алынған) кездеседіb.
Олай болса, мәсіхшілердің Грек Жазбаларының ежелгі көшірмелерінде Құдайдың есімі кездесе ме? Киелі кітапты зерттеуші Джордж Ховард былай дейді: “Тетраграмматон І ғасырдағы шіркеу қолданған Грек Жазбаларының (Септуагинттің) көшірмелерінде кездесетін болғандықтан, грек тіліндегі Ж[аңа] Ө[сиет] Жазбалардан үзінді келтірілген кезде, тетраграмматон сақталған деген тұжырымға келу ақылға қонымды”. Алайда көп кешікпей, Киелі кітапты көшіріп жазушылар Құдайдың есімін Ки́риос (Ие) және Тео́с (Құдай) деген сөздермен алмастырғанға ұқсайды.
[Сілтемелер]
a Оксиринхустан табылған шиыршық жөнінде көбірек мәлімет алғыңыз келсе, “Күзет мұнарасының” 1992 жылғы 15 ақпанындағы нөмірін қараңыз, 26—28 беттер, (ор.).
b Ежелгі грек көшірмелеріндегі Құдайдың есімі туралы өзге де мәліметтер алғыңыз келсе, “Киелі Жазбалардың Жаңа Дүние Аудармасы” түсініктемелерімен қараңыз, 1С қосымшасы, (ағ.).
[20-беттегі сурет рұқсатымен]
The Egypt Exploration Society-дің мейірімге толы рұқсатымен