Сеніміңді қорғауға дайынсың ба?
СЕНІМІҢДІ қорғау керек болған жағдайға кезіккенсің бе? Парагвайда тұратын 16 жасар Сюзанамен болған жағдайды қарастырайықшы. Мектепте этика сабағы кезінде бір оқушы Ехоба куәгерлері “Көне өсиетке”, Иса Мәсіхке және Мәриямға сенбейді деп айтады. Ал басқа біреуі Куәгерлерді медициналық көмектен бас тартатын тақуалар деп атайды. Мұндай жағдайда сен не істер едің?
Сюзана Ехобаға дұға етіп алады да, қолын көтереді. Сабақ аяқталып қалған болатын, сондықтан ол оқытушы әйелден Ехоба куәгерлері ретінде өз сенімін түсіндіруге мүмкіндік беруін сұрайды. Мұғалім келісе кетеді. Содан соң Сюзана екі апта бойы “Ехоба куәгерлері. Олар кімдер? Олар неге сенеді?” деген кітапшаның көмегімен сабаққа дайындалады.
Куәлік беретін күн де жетті. Сюзана Ехоба куәгерлері деген атаудың мәнін түсіндіреді. Сондай-ақ болашаққа деген үмітіміз жайлы және қаннан бас тартуымыздың себебін айтып береді. Сонан соң ол оқушыларды өзіне сұрақ қоюға шақырады. Көбісі қол көтеріп, сұрақ қояды. Мұғалім жас қыздың Жазбаларға негіздеп жауап бергеніне таңғалады.
Бір оқушы: “Мен Патшалық сарайында болғанмын, ол жерде ешбір бейне көрген жоқпын”,— дейді. Мұғалім мұның себебін білгісі келеді. Сонда Сюзана Забур 113:12—16 және Мысырдан шығу 20:4-ті оқып береді. “Киелі кітапта бейнелерге табыну айыпталған болса, онда шіркеуіміз неліктен бейнелерге толы?”— деп, ол аң-таң болады.
Сұрақ-жауап ретінде өткен талқылау 40 минутқа созылады. Сюзана оқушыларға “Қаннан бас тарту. Медицина көзқарасын өзгертуде” деген бейнефильмді ұсынғанда, бәрі де көргісі келеді. Сондықтан мұғалім келесі күні де кездесу өткізуді жоспарлайды. Бейнефильмді көріп болғаннан кейін Сюзана Ехоба куәгерлері қолданатын қан құймай емдеудің әдістерін түсіндіріп береді. Сонда мұғалім: “Қан құймай емдеудің осыншама көп әдісі бар екенін бұрын-соңды білмеппін де; оның әлдеқайда пайдалы екені жайлы да ойламаппын. Бұл әдістер Ехоба куәгерлеріне ғана арналған ба?”— деп сұрайды. Оның барлық адамға арналғанын естігенде, ол: “Келесі жолы Ехоба куәгерлері үйіме келгенде, мен міндетті түрде олармен сөйлесемін”,— дейді.
Сюзананың 20 минут болады деп дайындалған талқылауы үш сағатқа созылады. Келесі аптада шіркеулерінде үйрететін ілімдерін басқа оқушылар да айтып береді. Соңында оларға көптеген сұрақ қойылады, бірақ олар сенімдерін қорғай алмай қалады. Мұғалім олардан: “Ехоба куәгері болып табылатын сыныптастарың сияқты сенімдеріңді қорғай алмағандарың қалай?”— деп сұрайды.
Сонда ол: “Олар Киелі кітапты шындап зерттейді. Біз олай етпейміз ғой”,— деген жауап естиді.
Осыдан кейін мұғалім Сюзанаға бұрылып, былай дейді: “Шынында да, сендер Киелі кітапты зерттейсіңдер және соған сай әрекет етесіңдер. Сендер мақтауға лайықсыңдар”.
Сюзананың үндемей қалуына болар еді. Алайда ол сенімін қорғап сөйлеп, мұнысымен есімі белгісіз исраилдік тұтқын қыздың үлгісіне еліктеді. Ол қыз Сирияның әскербасы Нағыманның үйінде қызметші болатын. Нағыман алапестен азап шегіп жүргендіктен, ол қожайын әйелге: “Әттең, менің мырзам Самариядағы [пайғамбарда] болса, ол оны алапестен арылтар еді!”— дейді. Кішкентай қыздың шынайы Құдай жайлы батыл куәлік бергенінің нәтижесінде қожайыны Нағыман Ехобаға ғибадат етуші болады (Пат. 4-ж. 5:3, 17).
Осы қыз сияқты Сюзана да тайсалмай Ехоба мен оның халқы жайлы куәлік берді. Ілімдерінің дұрыстығына күмән келтіргенде, Сюзана өз сенімін қорғап, батыл сөйлей алды. Осылайша ол Жазбалардағы келесі бұйрыққа мойынсұнды: “Жүректеріңнен Мәсіхке қасиетті Иеміз деп ерекше орын беріңдер! Іштеріңдегі үмітті түсіндіруді сұраған кез келген адамға жауап беруге әрдайым дайын болыңдар. Тек ілтипат, құрмет танытып сөйлеңдер” (Пет. 1-х. 3:15). Мүмкіндік туғанда, үндемей қалмай, сеніміңді қорғап сөйлеуге сен де дайынсың ба?
[17-беттегі сурет]
Сеніміңді қорғауға көмектесетін құралдар