“Істері онымен бірге барады”
ЕХОБА куәгерлерінің Басқарушы кеңесінің мүшесі болған Теодор Ярач 2010 жылғы маусым айының 9-жұлдызында сәрсенбі күні таңертең жердегі өмірін аяқтады. Ол 84 жаста еді. Оның артында 53 жыл бойы бірге өмір сүрген әйелі Мелита және әпкесі мен оның үш баласы қалды.
1925 жылдың 28 қыркүйегінде АҚШ-тағы Кентукки штатының Пайк-Каунти қаласында дүниеге келген Ярач бауырлас 1941 жылдың 10 тамызында он бес жасқа толғанда, Ехобаға бағышталуының белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтті. Екі жылдан кейін жасы он жетіге келгенде ізашарлық қызметті бастап, 67 жыл бойы толық уақытты қызмет етті.
1946 жылы жасы жиырмаға келген Ярач бауырлас Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебінің жетінші сыныбына шақырылды. Ғалақад мектебін бітірген соң, ол Огайо штатындағы Кливленд қаласына (АҚШ) аралаушы бақылаушы болып тағайындалды. Ал 1951 жылы Ярач бауырлас Австралиядағы филиалдың бақылаушысы болды. 1983 жылғы “Ехоба куәгерлерінің жылнамасында” Ярач бауырластың “теократиялық тәртіпті ұстануымен және уағыз ісінде жақсы басшылық беруімен сол елдегі бауырластарды қатты жігерлендіргені” жайлы жазылған еді.
АҚШ-қа қайта оралған соң, 1956 жылдың 10 желтоқсанында Ярач бауырлас Мелита Ласко есімді бауырласқа үйленді. Олар некелік өмірлерін аралаушы бақылаушылық қызметпен бастап, Құрама Штаттардың үлкен аумағын қамтитын аудандар мен облыстарды аралады. 1974 жылдың соңына таман Ярач бауырлас Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесінің мүшесі болуға шақырылды.
Ярач бауырлас жан-тәнімен теократиялық қызметке атсалысқан Ехобаның адал қызметшісі ретінде ұзақ уақытқа есімізде қалады. Ол сүйіспеншілікке толы әрі қамқор күйеу болатын және басқалардың мүддесін өзінікінен жоғары қоятын еді (Қор. 1-х. 13:4, 5). Оның өзгелердің мүддесін шын жүректен ойлағаны барлық істің әділдікпен және қайырымдылықпен жасалуын қадағалайтынынан көрінетін. Сондай-ақ оның құлшыныспен уағыз қызметіне атсалысқаны адамдарға деген сарқылмас сүйіспеншілігін және олардың қамын ойлағанын көрсетеді.
Дүниежүзілік бауырластықтың және Бетел отбасының еңбекқор мүшесінің дүниеден өткені өкінішті. Алайда Ярач бауырластың жылдар бойы Ехобаға адалдықпен қызмет еткеніне қуаныштымыз. Оның адал болып, “мәңгілік өмір тәжін” алғанына сенімдіміз (Аян 2:10). Сондай-ақ “істері онымен бірге баратыны” шүбәсіз (Аян 14:13 ЖД).