Мұздаған жүректі еріткен мейірімділік
НИДЕРЛАНДЫДАҒЫ Жорже мен Мэнон есімді ерлі-зайыпты Куәгерлер бір әжейге ізгі хабар айтқанда, ол суық қабақ көрсетті. Бауырластар оның екі күйеуінен және ұлынан айырылғанын, оның үстіне, артриттің ауыр түрімен ауыратынын білді. Олар біраз әңгімелесті, бірақ оның қабағы сол күйі жылымады.
Сонда Жорже мен Мэнон ешкімі жоқ әрі сондай қатулы болып көрінген осы әжеге бір шоқ гүл алып, қайта баруды ұйғарды. Олардың бұл әрекеті Рия әжейдің жүрегіне жылы тиді. Алайда оның қолы бос болмағандықтан, олар басқа уақытта келуге келісті. Жорже мен Мэнон келісілген уақытта қайта оралғанда, үйде ешкім болған жоқ. Сосын олар әртүрлі уақытта келіп көрді, бірақ бәрібір оны үйінен таба алмады. Олар тіпті ол қашқақтап жүр деп ойлай бастады.
Ақырында Жорже Рия әжейді үйінен тапты. Ол уәдесінде тұрмағанына кешірім сұрап, ауруханада жатқанын айтты. “Сен екеуің кеткен соң менің не істегенім үш ұйықтасаң да түсіңе кірмейді,— деді ол.— Мен Киелі кітапты оқи бастадым!” Сол күні олардың әңгімесі жарасып, артынша Киелі кітап зерттеу сабағы басталды.
Бұрын үнемі қабағы жазылмайтын Рия әжей Киелі кітап зерттей жүріп мейірімді де жайдары жанға айналды. Денсаулығы болмағандықтан, ол үнемі үйде отыратын. Алайда шындықты білген күннен бастап ол үйге келіп-кеткен адамдардың бәріне уағыздайтын. Ол қауым кездесулеріне де жиі бара алмады, сондықтан бауырластардың қонаққа келгені оны қатты қуантатын. 82 жасқа толған күні ол аудандық конгреске қатысып, Құдайға бағышталғанының белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтті.
Бірнеше айдан соң Рия бауырлас қайтыс болды. Көп ұзамай оның жазып қалдырған өлең шумақтары табылды. Өлең жолдарында Рия бауырлас қарт адамдардың жалғыздықтан қалай қиналатынын айтып, мейірімділіктің маңыздылығына баса назар аударыпты. “Оның өлеңі жан дүниемді тебірентті,— дейді Мэнон.— Ехоба бізді оған мейірімділік көрсетуге талпындырғанына қатты қуанамын”.
Иә, Ехобаның үлгісі бізге сүйіспеншілік пен мейірімділік танытуға қозғау салады (Ефес. 5:1, 2). Олай болса, әрі қарай да мейірімділігімізбен “өзімізді Құдайдың қызметшісі ретінде танытайық”. Сонда Құдай ісінде жемісті болатынымыз шүбәсіз (Қор. 2-х. 6:4, 6).