Сұрақтарға қалай жауап беруіміз керек?
1. Біреулер сұрақ қойғанда, неліктен Исаға еліктеп жауап бергеніміз дұрыс?
1 Исаның сұрақтарға қалай жауап бергені адамдарды әлі күнге дейін таңғалдырады. Бізге де адамдар түрлі сұрақтар қойып жатады. Оларға жауап бергенде, Исаға еліктегеніміз дұрыс (Пет. 1-х. 2:21).
2. Сұраққа жақсы жауап бере алу үшін не істеуге болады?
2 Алдымен тыңдап ал. Иса сұрақ қойған адамның ой-ниетін анықтап алатын. Біз де кей кезде адамның не айтқысы келгенін түсіну үшін сұрақ қоюымыз керек. Мысалы, “Құдай бар ма, өзі?” деп сұраған адам, негізінде, оның не себепті қайғы-қасіретке жол беріп отырғанын түсінгісі келуі мүмкін. Адамның ниетін анықтасақ, онымен анағұрлым жақсы пікір алысамыз (Лұқа 10:25—37).
3. Жазбаларға негіздеп жауап беруге көмектесетін қандай құралдарымыз бар?
3 Құдай Сөзін қолданып жауап бер. Әдетте сұрақтың жауабын Киелі кітаптың өзінен көрсеткен дұрыс (Тім. 2-х. 3:16, 17; Евр. 4:12). “Пікір алысу” басылымы мен “Жаңа дүние аудармасындағы” Киелі кітапқа негізделген талқылауға арналған тақырыптар жауап беруге жақсы көмек болып табылады. Сұрақ қойған адам тіпті Киелі кітапты бедел тұтпайтын болса да, ілтипаттылықпен Жазбаларға назарын аудара аларсың. Адамды Киелі кітаптағы уақыт сынағынан өткен дана кеңестерге ден қоюға шақыр. Исаға еліктесек, жауабымыз “күміс табаққа салынған алтын алмадай тамаша” болады (Нақ. с. 25:11).
4. Қандай жағдайларда сұрақтарға жауап берудің қажеті жоқ?
4 Әрбір сұраққа жауап беруіміз керек пе? Қойылған сұрақтың жауабын білмейтін болсаң: “Мен бұл сұрақтың жауабын білмеймін, бірақ зерттеу жүргізіп, келесі жолы жауап берейін”,— десең болады. Осындай қарапайымдылық пен жеке қызығушылық танытқаныңды көріп, үй иесі қайта кездесуге келісуі мүмкін. Ал адамның дауласқысы келіп тұрғанын аңғарсаң, Исаға еліктеп, әңгімені доғарғаның жөн (Лұқа 20:1—8). Сондай-ақ шындыққа айтарлықтай қызығушылығы жоқ адаммен сөз таластырғанша, ілтипатпен әңгімені тоқтат та, бағалы уақытыңды ақжүрек адамдарды іздеуге жұмса (Мат. 7:6).
5. Иса сұрақтарға жауап беруге қатысты қандай үлгі қалдырды?
5 Иса “шындыққа куәлік ету”, яғни адамдардың шын көңілден қойған сұрақтарына жауап беру, тапсырмасын орындай алу үшін Ехобаға арқа сүйеу керектігін түсінген (Жох. 18:37). Исаға еліктей отырып, “мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандардың” сұрақтарына жауап беру — біз үшін зор мәртебе! (Ел. іс. 13:48 ЖД).