12-тарау
Исаның шомылдыру рәсімінен өтуі
ЖАҚИЯНЫҢ уағыздап жүргеніне шамамен алты ай болды. Қазір Исаның жасы отызда. Ол Иорданда шомылдыру рәсімінен өткізіп жатқан Жақияға келді. Не үшін? Жай әншейін жолығып кету үшін бе? Әлде Жақияның қызмет барысын білу үшін бе? Жоқ, Иса Жақиядан өзін шомылдыру рәсімінен өткізуін сұрады.
Бірақ Жақия оған: “Осы рәсімнен Сіздің мені өткізгеніңіз жөн бола тұра, қалайша маған келіп тұрсыз?” — деп қарсылық білдірді. Жақия өзінің немере інісі Исаның Құдайдың ерекше Ұлы екенін біледі. Исаның анасы Мәриям келген кезде, анасының құрсағында жатқан Жақия қуаныштан тыпырлап қоя берді емес пе?! Бұл туралы кейінірек анасының Жақияға айтқаны шүбәсіз. Сондай-ақ ол періштенің Исаның туылатындығын жариялағаны және Иса туылған түні періштелердің малшыларға көрінгені туралы да айтқан болса керек.
Сонымен Жақия Исаны жақсы біледі. Ол сондай-ақ өзі өткізіп жүрген шомылдыру рәсімінің Исаға арналмағанын да түсінеді. Жақияның шомылдыру рәсімі күнәларына өкінгендер үшін, ал Иса күнәкар емес. Әйтсе де, Жақияның қарсылығына қарамастан, Иса: “Қазір осылай болсын. Сөйтіп Құдайдың әділ еркін толық орындауға тиіспіз”,— деп түсіндірді.
Неліктен Исаның шомылдыру рәсімінен өткені жөн? Өйткені оның шомылдыру рәсімінен өтуі — күнәлары үшін өкінгендігінің емес, өзін Әкесінің еркін орындауға арнағандығының белгісі. Осы уақытқа дейін ол ағаш ұстасы болып келді, бірақ енді Ехоба Құдайдың оны жерге жібергендегі еркін орындайтын уақыты келіп жетті. Исаны шомылдыру рәсімінен өткізіп жатқанда, Жақия қандай да бір құбылысты күтті ме?
Кейінірек Жақия: “Мені шомылдыру рәсімін орындауға жіберген Құдай маған: “Киелі Рухтың Біреуге қонғанын көргенде, Киелі Рухқа Шомылдырушының Соның Өзі екенін білесің” деген болатын”,— дейді. Демек, Жақия шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан адамдардың біріне Құдайдың киелі рухы қонатындығын біледі. Сондықтан судан шыққан кезінде ‘көгершін бейнесіндегі Киелі Рух Оның [Исаның] үстіне қонғанын’ көрген Жақия аса қатты таңғалмаған болуы да мүмкін.
Бірақ Иса шомылдыру рәсімінен өтіп жатқанда, басқа да оқиға болды. Оған ‘көк ашылды’. Бұл нені білдіреді? Бұл — шомылдыру рәсімінен өткен кезде, оның адами өміріне дейінгі көктегі өмірі қайта есіне түсті дегенді білдірсе керек. Осылайша, көктегі рухани өмірі мен сол кездері Құдайдың айтқандарының бәрі толығымен Исаның есіне түсті.
Оның үстіне, шомылдыру рәсімінен өтіп жатқанда, көктен: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!” — деген дауыс естілді. Бұл кімнің даусы? Исаның өз даусы ма? Әрине, оның даусы емес! Бұл — Құдайдың даусы. Иса — Құдайдың Ұлы екені анық. Көпшіліктің ойлайтынындай, Иса Құдай емес.
Дегенмен Иса, Адам ата сияқты, Құдайдың адами ұлы болып табылады. Лұқа деген шәкірті Исаның шомылдыру рәсімінен өтуі туралы жазғаннан соң былай дейді: “Иса Өзінің қызметін бастаған кезде жасы шамамен отызда еді. Жұрттың ойынша Ол Жүсіптің ұлы болатын. Ал Жүсіптің шыққан ата-тегі мынау: Еліден... Дәуіттен... Ыбырайымнан... Нұхтан... Адам атадан туған, ал Адам атаны Құдай жаратқан”.
Адам ата сияқты Иса да — Құдайдың адами ұлы. Ол — тарихтағы ең ұлы адам. Бұл бізге оның өмірін зерттеген кезімізде айқын болады. Алайда шомылдыру рәсімінен өткен кезде, Иса мен Құдайдың арасында жаңа қарым-қатынас пайда болып, ол Оның рухани да Ұлы болды. Қазір Ехоба Исаны жаңа өмір жолына аттандырып отыр. Осы өмір жолы біткенде, ол өзінің адами өмірін өлім жазасына кесілген адамзат үшін біржолата құрбан етеді. Демек, бұл — Құдай Исаны қайтадан көкке шақырып отыр деген сөз. Матай 3:13—17; Лұқа 3:21—38; 1:34—36, 44; 2:10—14; Жохан 1:32—34; Еврейлерге 10:5—9.
▪ Жақия Исаны қайдан біледі?
▪ Неге Иса еш күнәсі болмаса да шомылдыру рәсімінен өтті?
▪ Исаның үстіне Құдайдың киелі рухы қонғанын көргенде, Жақия неліктен таңғалмаған болуы мүмкін?