17-тарау
Нікөдімге тәлім беру
ОТЫЗЫНШЫ жылы, Құтқарылу мейрамын тойлап жатқан уақытта, Иса таңғаларлық белгілер немесе кереметтер жасады. Осының нәтижесінде көп адамдар оған сенді. Жоғарғы кеңестің, яғни Яһудеяның жоғарғы сотының, мүшесі Нікөдімге бұл қатты әсер қалдырып, көбірек білгісі келді. Содан ол түн жамылып Исаға келіп отыр: сірә, яһудилік өзге дінбасылардың алдында беделінен айырыламын деп қорықса керек.
“Ұстаз, Сіздің Құдайдан келген мұғалім екендігіңізді білеміз, себебі Сіздің кереметтеріңізді Құдайдың қолдауынсыз ешкім де жасай алмайды”,— деді ол. Сонда Иса оған Құдай Патшалығына кіру үшін “қайта туылуға тиісті” екенін айтты.
Сонда адам қалай қайта туыла алады? “Шешесінің құрсағына еніп, екінші рет дүниеге келуі мүмкін бе?” — деп сұрады Нікөдім.
Жоқ, бұл ондай мағынадағы “қайта туылу” емес. “Кімде-кім судан және Киелі Рухтан туылмаса,— деп түсіндірді Иса,— Құдайдың Патшалығына кіре алмайды”. Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, үстіне киелі рух қонғанда, “судан және Киелі Рухтан” туылған болатын. Көктен Құдай: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!” — деген сөздерді айта отырып, көктегі Патшалыққа кіруі тиіс рухани Ұлдың туылғандығын хабарлаған еді. Кейінірек, б. з. 33 жылының Сабантой мейрамында, шомылдыру рәсімінен өткен басқа адамдарға киелі рух төгіліп, олар да Құдайдың қайта туылған рухани ұлдары болды.
Бірақ Құдайдың ерекше адами Ұлының атқаратын рөлінің маңызы зор. “Мұса пайғамбар айдалада мыс жыланды жоғары көтеріп қойған,— деді Иса Нікөдімге,— дәл солай көктен келген Билеуші де көтеріліп қойылуға тиіс. Сонда Оған сенуші әркім мәңгілік өмірге ие болады”. Иә, улы жылан шаққан исраилдіктер тірі қалу үшін, мыс жыланға қараулары керек болғаны сияқты, бүгінде өлімнен құтылу үшін адамдар Құдайдың Ұлына сенулері керек.
Осыдан кейін Иса Нікөдімге бұл жерде Ехобаның сүйіспеншілігінің үлкен рөл атқаратындығына нұсқап: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді оған сенуші әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие болады”,— деді. Осылайша, Иерусалимде қызмет еткеніне бар-жоғы алты ай болғанда, Иса өзінің Ехобаның адамзатты құтқаратын құралы екендігін көрсетті.
Содан кейін Иса Нікөдімге “Құдай Өзінің рухани Ұлын адамзатты соттау” үшін, яғни адамзатқа үкім шығарып, өлім жазасына кесу үшін жібермегендігін түсіндірді. Керісінше, адамзатты “құтқаруға” жіберген еді.
Нікөдім Исаға күндіз келуге қорқып, түн жамылып келіп отыр. Сондықтан Иса онымен болған әңгімесін былай аяқтады: “Ал соттың мәні мынандай: “Құдайдың Нұры [Исаның өмірі мен ілімдері арқылы бейнеленген]” жерге келді, бірақ адамдар Одан гөрі түнекті жақсы көрді, себебі олардың істері жаман еді. Жамандық істеген әркім Нұрды жек көріп, жасаған істері әшкереленбес үшін Нұрға жоламайды. Ал шындыққа сай өмір сүретін әркім өз істерінің Құдайдың көмегімен жасалғандығы көрініп тұрсын деп Нұрға шығады”. Жохан 2:23—3:15, 16 (ЖД), 17—21; Матай 3:16, 17; Елшілердің істері 2:1—4; Руларды санау 21:9.
▪ Нікөдімнің Исаға баруына не себеп болды және ол неге түнде барды?
▪ “Қайта туылу” деген нені білдіреді?
▪ Иса бізді құтқаруға қатысты өзінің рөлін қалай суреттеді?
▪ ‘Иса адамзатты соттау үшін келген жоқ’ деген нені білдіреді?