66-тарау
Шыбық күрке мейрамында
ИСА шомылдыру рәсімінен өткелі үш жылға жуық уақыт өтті және де сол аралықта ол өте танымал болды. Сан мыңдаған адамдар оның кереметтерін көрді, әрі оның іс-әрекеттері туралы хабар бүкіл елге тарады. Енді Шыбық күрке мейрамына жиналған жұрт оны да мейрамға келеді деп күтуде. “Ол қайда?” — деп олардың білгісі келді.
Иса туралы пікірлер әр түрлі. Біреулері: “Ол жақсы кісі”,— десе, басқалары: “Жоқ, халықты азғырып жүр”,— деді. Осы сияқты астыртын әңгімелер мейрамның алғашқы күндері көп айтылуда. Алайда Исаны жақтап ашық сөйлеуге ешкімнің батылы бармады, өйткені бәрі яһуди дінбасыларының бәле-жаласынан қорқады.
Иса мейрамның жартысы өте келіп, ғибадатханаға барды. Онда жұрт оның үйрету қабілетіне таңғалысты. Иса ешқашан раббылар дайындайтын мектепте білім алмағандықтан, яһудилерде: “Арнайы дайындықсыз Мынау Киелі жазбаларды қалай түсіне алады?” — деген сұрақ туды.
“Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі,— деп түсіндірді Иса.— Соның еркін орындағысы келген әркім осы ілім Құдайдан ба, әлде Мен өз бетіммен сөйлеп тұрмын ба, соны білетін болады”. Исаның ілімдері Құдай Заңымен тығыз байланысты болғандықтан, оның өзінің емес, Әкесінің даңқы шыққанын көздегені түсінікті болу керек. “Сендерге Мұса пайғамбар Таурат заңын бермеп пе еді?” — деді Иса. Сосын олардың кінәларын бетіне басып: “Шындығында бірде-біреуің сол заңға бағынбайсыңдар”,— деді.
Кейін ол: “Әйтпесе неге Мені өлтірмексіңдер?” — деп сұрады.
Мейрамға басқа жақтан келгендер мұндай пиғыл барын білмесе керек. Олардың ойларына осындай керемет ұстазды біреудің өлтіргісі келеді деген тіпті кіріп те шықпайды. Сондықтан олар Исаға осындай ой келген болса, онда оған бірдеңе болған екен деген тұжырымға келіп: “Жын соқты ма? Кім Сені өлтірмек?” — деді.
Яһудилердің дінбасыларының Исаны өлтіргісі келетіні халықтың ойына да кіріп шығар емес. Ал олар Исаны осыдан бір жарым жыл бұрын, діни демалыс күні бір кісіні сауықтырғаннан кейін, өлтірмекші болған еді. Енді Иса олардың пікірлерінің еш қисыны жоқ екендігін көрсетіп: “Мұсаның заңы бұзылмасын деп, балалар демалыс күні де сүндеттеліп келеді. Ендеше біреуді демалыс күні ауруынан құлантаза сауықтырғаным үшін қалайша Маған ашуланасыңдар? Сырт көрінісіне ғана қарамай, әділ шешіңдер!” — деді.
Болған жағдайдан хабардар Иерусалимнің тұрғындары енді былай деді: “Басшылар өлтіреміз деп жүрген кісі Осы емес пе? Қараңдар, Ол емін-еркін де ашық сөйлейді, ал Оған ештеңе демейді. Сонда Оның Мәсіх екеніне басшылардың көздері шынымен жеткені ме?” Қаланың тұрғындары Исаның Мәсіх екендігіне өздерінің неліктен сенбейтінін былай түсіндірді: “Мәсіх келгенде, Оның қай жақтан шығатынын ешкім білмейді. Мынаның қай жерлік екенін білеміз ғой”.
Сонда Иса: “Менің кім екенімді, қайдан шыққанымды білесіңдер. Мен өз бетіммен келген жоқпын. Бірақ Мені жіберген — сендер білмейтін Ақиқаттың Өзі. Ал Мен Оны білемін, себебі Содан келдім. Мені Сол жіберді”,— деді. Осыдан кейін олар Исаны ұстап алмақ болды: түрмеге жабу не өлтіру үшін болса керек. Алайда мұны іске асыра алмады, себебі Исаның өлетін уақыты әлі келген жоқ.
Сөйтсе де көпшілік адамдар Исаға сенді, әрі бұған негіз жоқ емес. Шынында да Иса судың бетімен жүрді, желді, теңіз үстіндегі дауылды басты, бар болғаны бірнеше ғана балық және күлшемен мыңдаған адамды керемет түрде тамақтандырды, аурулар мен сал болғандарды сауықтырды, зағиптардың көзін ашты, алапестерді тазартты, тіпті өлгендерді де тірілтті. Сондықтан жұрт: “Құтқарушы Мәсіх келгенде, Ол Бұдан артық кереметтер көрсетер деймісің?” — деп сұрады.
Халықтың осындай нәрселерді айтып жатқанын ести сала, парызшылдар мен басты діни қызметкерлер Исаны тұтқындауға қызметшілерді жіберді. Жохан 7:11—32.
▪ Иса мейрамға қай кезде келді және жұрт ол туралы не деуде?
▪ Кейбіреулердің Исаны жын соққан деуіне нендей нәрсе себеп болуы мүмкін?
▪ Иерусалимнің тұрғындары Иса туралы қандай пікірде?
▪ Дегенмен де неліктен көпшілігі Исаға сенді?