68-тарау
Иса жетінші күні де тәлім береді
ШЫБЫҚ күрке мейрамының соңғы жетінші күні. Иса ғибадатхананың “қазына сақталатын қоймасында” тәлім беруде. Бұл — садақа жинайтын жәшіктер тұрған әйелдердің ауласы деп аталатын жер болса керек.
Мейрам кезіндегі түндері ғибадатхананың осы бөлігі ерекше жарық болады. Мұнда майға толы, көлемді төрт тостағаны бар үлкен төрт шам қойғыш орнатылған. Жанып тұрған он алты шырақтың жарығы әжептеуір кең аумақты қамтып тұр. Исаның айтып жатқандары тыңдаушылардың есіне, бәлкім, осы шырақтарды түсірсе керек. Ол былай деді: “Мен дүние үшін Нұрмын. Маған ерген кісі енді түнекте жүрмей, шынайы өмірдің Нұрына ие болады”.
Парызшылдар оған наразылық білдіріп:
— Сен Өзіңе куәсің, сондықтан куәлігің жарамайды,— деді.
— Мен Өзіме куә болсам да, куәлігім жарап тұр. Себебі Мен қайдан келгенімді, қайда баратынымды білемін. Ал сендер Менің қайдан келгенімді, қайда баратынымды білмейсіңдер,— деді де, кейін тағы: — Мен Өзіме куәмін, ал Мені жіберген Әкем де Маған куә,— деп қосты.
— Әкең қайда? — деп сұрады парызшылдар.
— Сендер Мені де, Әкемді де білмейсіңдер. Егер Мені білсеңдер, онда Әкемді де білер едіңдер,— деп жауап берді Иса.
Исаны тұтқынға алу туралы ойларынан парызшылдар әлі қайтпағанымен, оған ешкім тимеді.
— Мен бұл жерден кетемін,— деді ол қайтадан.— Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар.
Яһудилер: “Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар” дегені Оның Өзін өлтірмек болғаны ма? — деп таңғалды.
“Сендер жерденсіңдер,— деп түсіндірді Иса,— Мен көктенмін; сендер осы күнәкар дүниенің адамысыңдар, ал Мен осы дүниелік емеспін”. Сосын былай деп толықтырды: “Егер Менің Сол екеніме сенбесеңдер, күнәларыңды арқалап өлетін боласыңдар”.
Бұл сөздермен Иса өзінің жерге келмей тұрғандағы өміріне және өзінің уәде етілген Мәсіх екендігіне нұсқады. Бірақ олар менсінбей: “Осы Сен кімсің?” — деп сұрады.
Оны көз алдында мойындамай тұрғандықтан, Иса: “Несіне мен сендермен сөйлесіп тұрмын?” — деді. Сөйтсе де ол былай деп жалғастырды: “Мені Жіберген — Хақ, Одан естігендерімді дүниеге білдіремін”. Сосын: “Сендер көктен келген Билеушіні жоғары көтеріп қойған кезде Менің Сол екенімді, әрі еш нәрсені өз еркіммен істемей, тек Әкем қалай үйретсе, солай сөйлейтінімді ұғатын боласыңдар. Мені жіберген Ол Өзіммен бірге, Мен әрқашан Оған ұнайтынын істейтіндіктен, Әкем Мені жалғыз қалдырмайды”.
Иса осыны айтқан кезде көпшілігі оған сене бастады. Енді ол сенім білдіргендерге қарап былай деді:
— Егер сендер айтқандарымды естеріңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар. Сонда ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді.
— Біз Ыбырайымның ұрпағымыз,— деп қарсыластары наразылық білдірді,— ешқашан да біреудің құлы болған емеспіз! Қалайша бізге “азаттыққа жетесіңдер” деп айтасың?
Яһудилер жиі бөтен жерлік басқыншылардың қол астында болып отырғанымен, ешкімді өзінің қожайыны ретінде мойындамайды. Олар құл деп аталудан бас тартып тұр. Бірақ Иса олардың құл екендіктерін анық көрсетті. Қалайша? “Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім күнә жасаса, сол — күнәның құлы”,— деді ол.
Күнәның құлы екендіктерін мойындаудан бас тарту арқылы яһудилер өздерінің жағдайларын ауырлатып тұр. “Құлы емес, ұлы ғана қожайынның үйінде мәңгі қалады”,— деп түсіндірді Иса. Құлдың мұрагер болуға құқығы жоқ, оны кез келген сәтте қуып жіберуге болады. Бірақ ұл, туған не асырап алған болса да, үйде “мәңгі”, яғни өмір бойына қалады.
“Сонымен, егер Құдайдың рухани Ұлы сендерді азаттыққа жеткізсе ғана, шынымен азат боласыңдар”,— деп жалғастырды Иса. Азаттыққа жеткізетін ақиқат — Құдайдың Ұлы, Иса Мәсіх, туралы ақиқат. Соның құрбандыққа берген кемелді адами өмірінің арқасында ғана адамдар өлім әкелетін күнәдан азат етіледі. Жохан 8:12—24, 25 (ЖД), 36.
▪ Жетінші күні Иса қай жерде тәлім берді? Ол жердің түні қандай және Иса мұны әңгімесінде қалай ескерді?
▪ Өзінің тегі туралы Иса не деді және бұл оның кім екендігіне қалай нұсқады?
▪ Неліктен яһудилер құл болып табылады және қандай ақиқат оларды азаттыққа жеткізбек?