71-тарау
Парызшылдардың қасарысып сенбеуі
ЗАҒИП болып туылған жігіттің әке-шешесі парызшылдар шақырып жатқанын естігенде, зәрелері қалмады. Олар Исаға сенген әркімнің қабылданған шешімге сәйкес, мәжілісханадағы қауымнан шығарылатынын біледі. Адамдардан бөлініп қалатын болса, әсіресе кедей отбасы, үлкен қиындықтарға кезігуі мүмкін. Сондықтан зағип жігіттің әке-шешесі әрбір сөзін байқап сөйлейді.
— Соқыр боп туды деген балаларың мынау ма? Енді ол қалайша көретін болды? — деп сұрады парызшылдар.
— Бұның баламыз екенін және соқыр боп туғанын білеміз. Ал енді ол қалай көретін болды, оны білмейміз. Көзін кім ашқанын да білмейміз,— деп жауап қатты әкесі мен шешесі. Зағип жігіт әке-шешесіне бәрін айтқаны сөзсіз, десе де олар сақтықпен: — Өзінен сұраңыздар, бала емес қой, өзі айтып берсін,— деді.
Парызшылдар әлгі жігітті тағы да шақыртуға бұйрық берді. Енді олар Исаға қарсы дәлелдері көп екендігіне меңзеп, оны қорқытпақшы:
— Құдай алдында шыныңды айт! Ана Кісінің күнәкар екенін білеміз.
— Ол күнәкар ма, жоқ па, оны білмеймін,— деп әлгілердің таққан айыбына наразылық білдірместен жауап берген ол былай деп қосты: — Білетінім бір-ақ нәрсе: мен соқыр едім, енді көретін болдым.
Сылтау іздеген парызшылдар қайтадан:
— Ол саған не істеді? Көзіңді қалай ашты?
— Мен сіздерге жаңа айттым ғой, бірақ тыңдаған жоқсыздар. Неменеге тағы да естігілеріңіз келеді? — деп наразы болған ол:— Мүмкін, сіздер де Соның жолын қуушы болғыларыңыз келетін шығар? — деді.
— Соның жолын қуушы сенсің,— деп ашуланды парызшылдар,— ал біз Мұса пайғамбардың жолын қуушымыз! Құдайдың Мұсамен сөйлескенін білеміз, ал Ананың қайдан келгенін білмейміз.
— Оның қайдан келгенін білмейтіндеріңіз қызық екен. Ол менің көзімді ашты ғой,— деп таңғалды әлгі момын кедей.
Бұдан қандай қорытынды шығады? Әлгі кедей бәріне белгілі шындықты айтып тұр:
— Құдай күнәкарларға құлақ салмайды; бірақ кім Оны қастерлеп, еркін орындаса, Құдайдың соған құлақ салатынын білеміз. Дүние жаратылғаннан бері іштен соқыр боп туған кісінің көзін біреу ашты дегенді бұған дейін ешкім естіген емес,— ал енді бұдан шығатын қорытынды айдан анық: — Құдайдан келмесе, осы Кісі ештеңе де істей алмас еді.
Мұндай қисынды сөзге парызшылдардың айтары жоқ, бірақ шындықпен де келісер емес. Сондықтан олар әлгіге: “Сен тұла бойың түгел күнәкар боп тудың, енді бізге ақыл үйретпексің бе?!” — деді де, оны қуып шықты, шамасы, мәжілісханадан аластатқан болса керек.
Болған жайды естіген Иса әлгі жігітті тауып алып:
— Көктен келген Билеушіге сенесің бе? — деді.
— Мырза, Соның кім екенін айтыңызшы, мен Оған сенейін,— деді көзі ашылған кедей.
— Сенімен сөйлесіп тұрған — Соның Өзі.
— Ием, Сізге сенем! — деп кідірместен айтқан ол Исаның аяғына жығылды.
Сосын Иса: — Мен бұл дүниеге “соқырлардың” көзі ашылсын, ал “көретіндер” “соқыр” болсын деп, айыру үшін келдім,— деді.
Мұны естіген парызшылдар: “Сонда біз де “соқырмыз” ба?” — деп сұрады. Олар өздерінің рухани жағынан соқыр екендіктерін мойындаған жағдайда, олардың Исаны қабыл алмағанын кешіруге болар еді. Иса оларға: “Егерде соқыр болсаңдар, кінәларың болмас еді”,— деді. Алайда олар соқыр емеспіз, бізге рухани жағынан ағарту керек емес деп қасарысып тұрып алды. Сондықтан Иса: “Ал қазір сендер “көзіміз көреді” деп мақтанғандықтан, кінәларың мойындарыңда қалады”,— деп қорытынды жасады. Жохан 9:19—41.
▪ Неге зағип жігіттің әке-шешесі парызшылдар шақырғанда қатты қорықты және олардың әрбір сөзіне абай болғаны неден көрінеді?
▪ Бұрын зағип болған жігітті парызшылдар қалай қорқытпақ болды?
▪ Жігіттің келтірген қандай қисынды дәлелдері парызшылдардың ашуын шақырды?
▪ Неге парызшылдардың Исаны қабылдамағанын кешіру мүмкін емес?