126-тарау
“Бұл Адам шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!”
ИСАНЫ бағанаға шегелегеннен кейін көп ұзамай, тал түсте, айналаны үш сағатқа созылған түсініксіз қараңғылық басты. Мұның себебін Күннің тұтылуы деуге болмайды, өйткені Күн жаңа Ай туғанда тұтылады, ал Құтқарылу мейрамы — Ай толғанда болатын мейрам. Оның үстіне, Күннің тұтылуы бірнеше минутқа ғана созылады. Демек, бұл қараңғылықтың Құдайдан болғаны! Исаны келеке етушілер мұны көргенде асып-сасып, тіпті ауыздарын аша алмай қалса керек.
Егер бұл қорқынышты құбылыс қарақшылардың бірі серігін кінәлап, Исадан өзін ұмытпауын өтінгенге дейін болған болса, онда оның тәубеге келуіне дәл осы жағдай түрткі болуы да мүмкін. Сірә, осы қараңғылық басқан уақытта болса керек, төрт әйел — Исаның шешесі, оның әпкесі Салома, мағдалалық Мәриям және кіші Жақыптың шешесі Мәриям бағанаға жақындады. Олармен бірге Исаның сүйікті шәкірті Жохан да келді.
Ана сүтін беріп, мәпелеп өсірген баласының бағанада қиналғанын көргенде, шешесінің жүрегі “қылышпен тілгілегендей” ауырды. Алайда Иса өзінің азабын емес, шешесінің жағдайын ойлады. Басын әрең Жоханға изеп, шешесіне: “Апа, енді мынау — сіздің ұлыңыз!” — деді. Сонан соң Мәриямға нұсқап, Жоханға: “Енді осы кісі — сенің анаң!” — деді.
Осылайша, Иса жесір шешесін елшілерінің ішіндегі ең жақсы көретін шәкіртіне қамқорлық жасасын деп табыс етті. Оның бұлай еткен себебі — Мәриямның өзге ұлдары әзірге Исаға сенбейтін. Иса шешесінің тек тәндік қана емес, рухани қажеттілігін де қамтамасыз ету арқылы керемет үлгі көрсетті.
Күндіз сағат үш шамасында Иса: “Мен шөлдеп тұрмын”,— деді. Адалдығын соңына дейін сынау үшін, ол Әкесінің, былайша айтқанда, өзін қорғансыз қалдырғанын сезді. Сондықтан ол дауыстап айқайлап: “Құдайым, Құдайым! Неліктен Мені жалғыз қалдырдың?” — деді. Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері мұны естіп: “Ол Ілияс пайғамбарды шақырып жатыр”,— десті. Солардың біреуі дереу жүгіріп барып, бір сорғышты шарапқа батырып алды да, оны үсоп бұтағына бекітіп, Исаға ішуге ұсынды. Ал басқалары: “Күте тұрайық, Ілияс келіп, Оны түсіріп алар ма екен көрейік!” — десті.
Исаға шарап берген кезде, ол дауыстап: “Енді түгел орындалды!” — деді. Иә, Иса Әкесі жерге не үшін жіберген болса, соның бәрін де орындады. Ақырында Иса: “Әке, Сенің қолыңа рухымды тапсырамын!” — деді. Иса өзінің өмірлік күшін Әкесінің қолына тапсырды, өйткені Құдайдың оны қайтарып беретініне толық сенімді. Ол басын иіп, жан тапсырды.
Исаның демі біткен кезде, қатты жер сілкініп, жартастар жарылып кетті. Сілкіністің күшті болғаны соншалық, Иерусалимнің маңындағы қабір үңгірлері қирап, ашылып қалды да, ішіндегі мәйіттерді сыртқа шығарып жіберді. Мұны өтіп бара жатып көргендер қалаға айтып барды.
Бұдан басқа, Иса өлген мезгілде, Құдайдың ғибадатханасындағы Ғибадат орны мен Ең қасиеттіні бөліп тұратын шымылдық жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді. Бұл ұзындығы 18 метр шымылдық әдемі әшекейленген және өте ауыр болса керек. Бұл таңғаларлық керемет Құдайдың өз Ұлын өлтірушілерге деген қаһарын ғана көрсетіп қоймай, Исаның өлімінің арқасында Ең қасиеттіге, яғни көктің өзіне, жол ашылғандығын білдіреді.
Жердің сілкінгенін сезінгенде, сондай-ақ айналада болып жатқандарды көргенде, адамдардың үрейі ұшты. Сол жерді күзетіп тұрған жүзбасы: “Бұл Адам шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!” — деп жар салып, Құдайды мадақтады. Сірә, бұл жүзбасы Пилаттың алдында Исаның Құдайдың ұлы ма, жоқ па екенін қарастырып жатқан кезде, сол жерде болған болса керек. Ал қазір Исаның шынында да Құдайдың Ұлы екендігіне, оның тарихтағы ең ұлы адам екендігіне жүзбасының көзі анық жетті.
Осы болған кереметтер басқа адамдарға да қатты әсер етті. Олар қатты қайғырып, ар-ұяттары мазалап, үйлеріне қайтты. Болған оқиғаларға қатты тебіренген әйелдер әріректе осының бәрін бақылап тұрды. Ол жерде елші Жохан да бар. Матай 27:45—56; Марқа 15:33—38, 39 (ЖД), 40, 41; Лұқа 23:44—49; 2:34, 35; Жохан 19:25—30.
▪ Неліктен үш сағатқа созылған қараңғылық Күннің тұтылуынан болуы мүмкін емес?
▪ Қарт ата-анасы барларға Иса өлер алдында қандай керемет үлгі көрсетті?
▪ Иса өлерінің алдында қандай сөздер айтты?
▪ Жер сілкінісінің нәтижесінде не болды және ғибадатханадағы шымылдықтың екіге бөлінуі нені білдіреді?
▪ Болған кереметтер жүзбасына қалай әсер етті?