Дүние шын мәнінде кімнің билігінде?
Жоғарыда қойылған сұраққа адамдардың көпшілігі Құдайдың билігінде деп жауап берер еді. Бірақ ескеретін бір жай, осы дүниені Иса Мәсіх немесе оның Әкесі билеп отыр деп Киелі кітаптың еш жерінде айтылмаған. Керісінше, Иса: “Осы дүниенің әміршісі қуылады”,— деген. Тағы Ол былай деді: “Осы күнәкар дүниенің әміршісі жақындап келе жатыр. Оның Маған билігі жүрмейді” (Жохан 12:31; 14:30; 16:11).
Демек, осы дүниенің әміршісі Исаға қарсы әрекет жасауда. Бұл кім болды екен?
Жауабын дүниедегі жағдайлардан табамыз
Адамдардың ең игі ниетпен күш салуына қарамастан, бүкіл тарих бойында дүние сұмдық қасірет шекті. “Бейбітшілік орнаған жер беті — бұл бәрінің де арманы. “Адамдарға деген ізгі ниет”— бұны адамдардың бәрі де сезінеді. Олай болса, себеп неде? Адамдардың табиғи қалауына қарамастан, неге соғыс қаупі төнуде?”— деп айтқан редакция мақалаларының авторы марқұм Дейвид Лоренсті таң қалдырғандай, бұл басқада ойшыл адамдарды таң қалдырады.
Бұл бір-бірімен келіспейтін шындық сияқты, солай ма? Адамдардың бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруге ықыластары болғанымен, олардың арасында жеккөрушілік пен аяусыз кісі өлтіру кең өріс алған. Жан түршігерлік мейірімсіздіктің жүгенсіздігіне қарашы. Аяусыз қинап, жаппай кісі өлтіруде адамдар газ камераларын, концентрациондық лагерлерді, от атқыш қаруларды, напалм бомбаларын және басқа әдістерді қолданған.
Бар ықыласымен бейбітшілік пен бақытты аңсайтын адамдар өзінен-өзі басқаларға қарсы жан төзбейтін зұлымдық жасай алады деп ойлайсың ба? Адамдарға осыншалық жаман істерді жасататын немесе оларды жауыздық жасауға мәжбүр ететін жағдайлар тудырып, оларды шебер қолданатын қандай күштер? Сен өзіңе: “Осындай озбырлық әрекеттерді істеуге адамдарға көрінбейтін зұлым күш әсерін тигізіп жатқан жоқ па екен?”— деген сұрақ қойғансың ба?
Дүниені кім билеп жатқандығы анықталды
Бұл сұрақ жөнінде жорамалдаудың қажеті жоқ, өйткені Киелі кітап адамдарға да, ұлттарға да басшылық жүргізіп жатқан көзге көрінбейтін ақыл-есі бар тұлға екенін айқын көрсетіп отыр. Онда былай делінген: “Бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр”. Киелі кітап тағы: “Ібіліс және шайтан деп аталған, бүкіл әлемді алдап арбаушы”,— деп, оның кім екендігін анықтап отыр (Жоханның 1-хаты 5:19; Аян 12:9).
Бір жолы Иса “шайтаннан сыналып” жатқанда, оның осы дүниенің басқарушысы екендігіне күмән келтірмеді. Болған оқиғаны Киелі кітап былай баяндайды: “Шайтан Оны өте биік бір тауға апарып, Оған дүниенің барлық мемлекеттерін және олардың сән-салтанатын көрсетті: Егер жығылып маған табынсаң, осылардың бәрін Саған беремін,— деді. Сонда Иса оған: Менен аулақ кет, шайтан”,— деді (Матай 4:1, 8—10).
Осы туралы ойланшы. Шайтан Исаны “дүниенің барлық мемлекеттерін” ұсыну арқылы сынады. Егер Шайтан шын мәнінде осы мемлекеттердің әміршісі болмаса, оның бұл ұсынысы нағыз сынақ болар ма еді? Әрине, жоқ. Ескерші: Осы дүниенің барлық мемлекеттері Шайтаның билігінде екені жалған болса, Иса оны сөзсіз жоққа шығарар еді. Сондықтан Шайтан Ібіліс шынында да дүниенің көзге көрінбейтін әміршісі! Киелі кітап оны шындығында да “осы дүниенің құдайы” дейді (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Бірақ қалайша бұндай зұлым тұлға осындай дәрежеге жетіп отыр?
Шайтанға айналған жаратылыс Құдайдың періштесі болатын, бірақ ол Құдайдың мәртебесіне қызғанышпен қарай бастады. Ол Құдайдың жүргізіп отырған заңды билігіне қарсы болды. Осы ойымен жыланды құрал ретінде қолданып, тұңғыш әйел — Хауаны алдады да, сол арқылы күйеуі — Адам екеуіне Құдайдың бұйрығын бұздырып, өз қалауын орындатқызды (Жаратылыс 3:1—6; Қорынттықтарға 2-хат 11:3). Сондай-ақ ол Адам мен Хауаның әлі туылмаған ұрпақтарын дәл осылайша Құдайдан әкете аламын деген наразылық білдірді. Сондықтан Құдай осы наразылығының себепті екенін дәлелдеуге Шайтанға уақыт берді, алайда шайтан оны дәлелдей алмады (Әйүп 1:6—12; 2:1—10).
Шайтан дүниеге жалғыз өзі билік етіп отырған жоқ. Ол кейбір періштелерді Құдайға қарсы бүлігіне қосылуға иландырды. Олар жын-перілерге немесе оның сыбайластарына айналды. Киелі кітап бізге табандылықпен кеңес бере отырып, олар жайында былай дейді: “Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуларың үшін Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықтаныңдар! Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне, дүниені билеп-төстеушілерге — көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз” (Ефестіктерге 6:11, 12).
Зұлым рухтарға қарсы тұр
Көзге көрінбейтін осы зұлым дүниенің басқарушылары бүкіл адамзатты Құдайға мінажат етуден тайдырып, теріс жолға түсіруге бекінген. Зұлым рухтардың осындай әрекеттерінің бір әдісі — Құдай Сөзі өлілердің сана-сезімде болмайтындығын анық көрсетсе де, өлгеннен кейін тіршілік бар дегенді қолдау (Жаратылыс 2:17; 3:19; Езекиел 18:4; Забур 145:3, 4; Екклесиаст 9:5, 10). Осыған сәйкес, зұлым рух өлген адамның даусына салып, марқұмның туысқандарымен немесе оның достарымен сөйлесу үшін, спиритизмдік медиумдарды немесе көзге көрінбейтін әлемнен келген “дауысты” қолданады. Бұл “дауыс” өзін марқұммын деп сендіреді, бірақ шын мәнінде ол жын-пері!
Сондықтан осындай дауыстарды естісең, алданып қалып жүрме. Олар саған не айтса да Иса сияқты: “Менен аулақ кет, шайтан!”— деп, сөздеріне құлақ салма (Матай 4:10; Жақып 4:5, 7). Рухани әлемге деген қызығушылық зұлым рухтармен байланысқа әкеліп жүрмесін. Бұл байланыс спиритизм деп аталады, ал Құдай өзіне мінажат етушілерге оның барлық түрінен аулақ жүруді ескертеді. Киелі кітап “бал ашушыны, ...спиритизм медиумдарымен кеңесушіні, оқиға болжауды кәсіптенгендерді және өлгендерден сұрап білушіні” айыптайды (Заңды қайталау 18:10—12, ЖД; Ғалаттықтарға 5:19—21; Аян 21:8).
Спиритизм адамды жын перілердің ықпалына түсіретіндіктен, қаншалықты қызық немесе әсерлі болғанына қарамай, оның барлық түріне қатысудан бас тарт. Бұның іс жүзінде қолданылатын түрлеріне бал ашу, рухтарды шақыру, тәуіпшілік, алақан қарау (хиромантия) және жұлдызнама жатады. Жын-перілер иелік етіп алған үйлерде дауыстар шығарып, басқа да физикалық құбылыстар көрсетеді.
Оған қоса зұлым рухтар әдебиеттерде, кинофильмдерде және теледидар бағдарламаларында әдепсіз әрі табиғатқа жат жыныстық қатынастарды жарнама етіп, адамдардың күнәға бейімділіктерін пайдаланады. Жаман ойлардан дер кезінде құтылмасақ, олар санамызда із қалдырып, әдепсіздік жасатқызатынын жын-перілер біледі. Өйткені осындай жағдайға өздері ұшырап отыр (Жаратылыс 6:1, 2; Салониқалықтарға 1-хат 4:3—8; Иуда 6).
Рас, дүние зұлым рухтардың билігінде дегенге көпшілігі күлуі мүмкін. Бірақ бізді бұндай сенімсіздік таң қалдырмайды, өйткені Киелі кітап: “Шайтанның өзі нұр періштесінің кейіпін алады”,— дейді (Қорынттықтарға 2-хат 11:14). Оның ең шебер айласының бірі өзінің де, жын-перілерінің де шын мәнінде бар екендігін жасырып, шындықты білуге көпшілігінің көзін соқыр етуінде. Алданып қалып жүрме! Ібіліс пен оның жын перілерінің бар екендігі рас, сондықтан оларға қарсы тұруыңды тоқтатпауың керек (Петірдің 1-хаты 5:8, 9).
Бақытымызға орай, Шайтан мен оның жақтастары бұдан былай болмайтын уақыт өте жақын! Киелі кітап: “Осы дүние [оның жын-пері билеушілерімен қоса] ...өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— деп сендіреді (Жоханның 1-хаты 2:17). Осы зұлым күштердің ықпалы жойылғанда қандай еркіндікке ие боламыз десеңші! Сондықтан Құдайдың еркін орындап, Оның әділ жаңа дүниесінде мәңгі қуанатындардың арасында болайық (Забур 36:9—11, 29; Петірдің 2-хаты 3:13; Аян 21:3, 4).
Егер басқаша көрсетілмесе, Киелі Жазбалардың үзінділері қазақ тіліндегі “Киелі кітаптан” алынған.
[4-беттегі сурет]
Дүниедегі мемлекеттер Шайтанның қолында болмаса, ол оларды Исаға ұсына алар ма еді?