6-Тарау
Неге біз қартаямыз және өлеміз?
1. Ғалымдар адамзаттың өмірі туралы нені түсіндіруге дәрменсіз?
ҒАЛЫМДАР адамдардың неге қартаятынын және өлетінін білмейді. Клетканың жаңару процесі тоқтамау керек, ал біз мәңгілік өмір сүруіміз керектей болып көрінеді. “Гистология негіздері” (Hyojun Soshikigaku) кітабында былай делінеді: “Клетканың және адамның қартаюы мен өлімінің арасындағы байланыс — ақыл жетпейтін құпия”. Көптеген ғалымдар мұның негізгі себебі — “табиғи, ұрық қуалаған” өмірдің шегі деп есептейді. Сен қалай ойлайсың, олардың ойы дұрыс па?
2. Өмірдің өткінші екенін көргенде, кейбіреулер не істеді?
2 Адамдар әрқашан ұзақ өмір сүруге ұмтылған және мәңгілікке жетуге тырысқан. Мәңгілік өмір бере алатындай болып көрінген дәрілер б. з. б. IV ғасырдан бастап қытай ақсүйектерінің назарын аударды. Кейінірек кейбір Қытай әміршілері сынаптан дайындалған өмір беретін сиқырлы сусын деген нәрсені қабылдап, жазым болған. Өлімді тіршіліктің соңы деп есептемейтін адамдар дүние жүзінде бар. Буддистер, индустар, мұсылмандар тағы басқа да көптеген адамдар өлгеннен кейін өмір сүру үмітіне сенеді. Мәсіхші әлемінде көп адамдар о дүниелік көктегі шадымандықты күтеді.
3. а) Адамдар неге мәңгі өмір сүргілері келеді? ә) Өлім туралы қандай сұрақтардың жауабын анықтауымыз керек?
3 Өлгеннен кейінгі бақытты өмір туралы түсінік адамда мәңгілік өмір сүру құштарлығы барына куәлік етеді. Бойымыздағы Құдайдың берген мәңгілік өмір құштарлығы жөнінде Киелі кітапта былай делінген: “Олардың жүректеріне тіпті Ол мәңгілікті салған” (Екклесиаст 3:11, ЖД). Құдай алғашқы адам жұбын жерде мәңгілік өмір сүру келешегімен жаратты (Жаратылыс 2:16, 17). Онда неге адамдар өледі? Өлім дүниеге қалай енді? Құдай туралы білім осы сұрақтарға жарығын төгеді (Забур 118:105).
ЖАУЫЗ НИЕТ
4. Исаның айтуынша, адамзаттың өліміне жауапты кім?
4 Қылмыскер ізін жасыруға тырысады. Миллиардтаған адамдарды өлімге алып келген қылмысқа жауапты әлдекім дәл соны істеуде. Ол адамзаттың өлімі құпия болып қалу үшін бәрін істеуде. Иса Мәсіх өзінің өлімін қалаған адамдармен сөйлескенде, бұл қылмыскердің атын атады: “Сендердің рухани аталарың — әзәзіл (ібіліс, шайтан), соның құмарлықтарын орындағыларың келеді. Ол әуел бастан кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ” (Жохан 8:31, 40, 44, сілтемені қара).
5. а) Ақырында, Шайтан Ібіліске айналған өзіндік қасиеттері бар тұлға қайдан пайда болды? ә) “Шайтан” және “ібіліс” деген сөздер нені білдіреді?
5 Иә, Ібіліс — жауыз “кісі өлтіруші”. Киелі кітап оны адам жүрегіндегі жай ғана зұлымдық емес, нақты өзіндік қасиеттері бар тұлға ретінде баяндайды (Матай 4:1—11). Алайда әділ періште болып жаратылса да, ол “ақиқат жағында тұра алмады” (ЖД). Сондықтан Шайтан Ібіліс деп әбден әділетті аталған! (Аян 12:9). Ол Ехобаға қарсылық көрсеткендіктен, “шайтан” немесе “қарсылас” деген атқа ие болған. Сонымен қатар бұл қылмыскер “өтірікші” дегенді білдіретін “ібіліс” деп те аталған, өйткені ол Құдайға тіл тигізіп, оны жаманатты етіп көрсетті.
6. Неліктен Шайтан Құдайға қарсы шықты?
6 Шайтанның Құдайға қарсы көтерілуіне не түрткі болды? Ашкөздік. Шайтан өзіне адамдардың Ехобаға сиынғандай сиынуларын құмарта көкседі. Ібіліс Жаратушыға ғана арналған ғибадатты қалаудан бас тартпады. (Езекиел 28:12—19 салыстыр.) Оның орнына, Шайтанға айналған періште тізгінсіз құмарлық дамытып, мұның ақыры күнәға әкеліп соқтырды (Жақып 1:14, 15).
7. а) Адамдар неге өледі? ә) Күнә деген не?
7 Сонымен, адамдардың өліміне кім жауапты екенін біз анықтадық. Дегенмен адамдар неге өледі? Киелі кітап былай дейді: “Өлім тудыратын “улы тіс” — күнә” (Қорынттықтарға 1-хат 15:56). Ал күнә деген не? Бұл сөздің нені білдіретінін түсіну үшін Киелі кітап жазылған тілдерде ол қандай мағынаға ие болғанын қарастырайық. Әдетте, “күнә жасау” сөзімен аударылатын еврей және грек етістіктері “мүлт кету” немесе нысанаға тигізе алмауды білдіреді. Қандай нысанаға ешқайсысымыз дәл тигізе алмаймыз? Бұл нысана — Құдайға мүлтіксіз бойсұну. Алайда дүниеге күнә қалай енді?
ЖАУЫЗ НИЕТ ҚАЛАЙ ПІСІП ЖЕТІЛДІ?
8. Шайтан адамдарды өзіне ғибадат еткізу үшін алдын ала қандай әрекеттер жасады?
8 Шайтан өзі ойлағандай, адамзат үстінен билік етуге және барлық адамдарды өзіне ғибадат етуге әкелетін айлалы жоспар құрды. Ол бірінші адам жұбын, Адам мен Хауаны, Құдайға қарсы күнә жасатуға бел буды. Ехоба біздің түп атамыз бен анамызға мәңгілік өмірге жетелейтін білім берді. Олар Жаратушының өте мейірімді екенін білді, өйткені ол оларды ғажап Едем бағына қоныстандырды ғой. Кейінірек Құдай Адамға көмекшісі ретінде ғажайып сүйкімді әйел бергенде, ол көктегі Әкесінің ерекше сүйіспеншілігін сезінді (Жаратылыс 1:26, 29; 2:7—9, 18—23). Бірінші адам жұбының қалған бар өмірлері Құдайға бойсұнуларына байланысты болды.
9. Құдай алғашқы адам жұбына қандай бұйрық берді және неге бұл орынды болды?
9 Құдай Адамға: “Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады. Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемейсің! Себебі одан жеген кезде өлесің”,— деп бұйырды (Жаратылыс 2:16, 17). Жаратушы ретінде Ехоба Құдай өзінің жаратылыстарына құлықтылық нормаларын және олар үшін ненің жаман, ненің жақсы екенін белгілеуге құқылы еді. Бұл орынды бұйрық болды, өйткені Адам мен Хауа бақтағы барлық басқа ағаштардың жемістерін еркін жей алатын. Олар өздерінің жеке құлықтылық нормаларын орнатпай, бұл бұйрықты орындауларымен Ехобаның әділетті басшылығына ризашылық білдіре алар еді.
10. а) Шайтан алғашқы адамдарды өз жағына шығару үшін олармен қалай сөйлесті? ә) Шайтан Ехобаға қандай жала жапты? б) Шайтанның Құдайға қарсы жасаған әрекеті туралы сен не ойлайсың?
10 Ібіліс алғашқы адамдарды Құдайдан алып кетуді жоспарлады. Оларды иландырып, өз жағына шығару үшін Шайтан өтірікке салынды. Ерін қимылын байқатпай сөйлейтін кісі қуыршақты қалай қолданса, Ібіліс те жыланды солай қолданып, Хауадан былай деп сұрады: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?” Хауа Құдайдың бұйрығын айтқанда, Шайтан: “Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер!”— деді. Сонан соң ол: “Қайта, сендер осы жемісті жеген кезде көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін айырып, Құдай сияқты болатындарыңды Ол жақсы біледі”,— деуімен Ехобаға жала жапты (Жаратылыс 3:1—5). Осылайша Шайтан оларды Құдай өз жаратылыстарынан жақсы бір нәрсені жасырып отыр деп сендірді. Көктегі адал да сүюші Әкеміз Ехобаға тағылған қандай жалған айып десеңші!
11. Адам мен Хауа қалай Шайтанның сыбайласы болды?
11 Хауа ағашқа тағы қарады. Енді оның жемісі ерекше жағымды болып көрінді. Ол жемісті үзіп алды да, жеді. Кейінірек оның жұбайы да Құдайға бойсұнбаушылық әрекетке қосылып, өз талғамын жасады (Жаратылыс 3:6). Хауа алданып қалғанымен, ол Адам екеуі Шайтанның адамзат үстінен басшылық ету жоспарының жүзеге асуына септігін тигізді. Осылайша олар Шайтанмен сыбайлас болды (Римдіктерге 6:16; Тімотеге 1-хат 2:14).
12. Алғашқы адамдардың Құдайға қарсы әрекеті неге әкеліп соқты?
12 Адам мен Хауаны істеген істері үшін жаза күтіп тұрды. Олар Құдай сияқты болған жоқ, ешқандай ерекше білімге де ие болмады. Оның орнына ұялып, жасырынып қалды. Ехоба Адамды жауапқа тартып, келесі үкімді шығарды: “Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп жүріп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың!” (Жаратылыс 3:19). “Сол күні”, яғни жамандық пен жақсылықты танытатын ағаштың жемісін татып көрген кезде, түп атамыз бен анамызды Құдай айыптады да, олар оның көз алдында өліге тең болды. Олар Жұмақтан қуылып, ақыр аяғында өлімге апаратын жолға түсті.
КҮНӘ МЕН ӨЛІМ ҚАЛАЙ ТАРАДЫ?
13. Қалай күнә барлық адамзатқа тарады?
13 Шайтан адамдарды өзіне сиындырып, мақсатына жетті деуге болады. Алайда ол өзіне бас июшілердің өмірін сақтап қалуға дәрменсіз. Адам мен Хауа күнә жасағаннан кейін өз ұрпақтарына кемелділік бере алмады. Түп атамыз бен анамыздың тұқымына күнә тасқа түскен таңбадай терең басылды. Осылайша олар жарық дүниеге тек кемелсіз ұрпақ қана әкеле алатын болды. Адам мен Хауаның балаларының барлығы олардың күнәсынан кейін туылғандықтан, күнә мен өлімді мұра етті (Забур 50:7; Римдіктерге 5:12).
14. а) Өздерінің күнәкар екендіктерін мойындамайтын адамдар кімге ұқсайды? ә) Исраилдіктердің күнәкар екендіктері қалай көрсетілді?
14 Әйтсе де, бүгінде көпшілігі өздерін күнәкармыз деп есептемейді. Дүниенің кейбір бөліктерінде мұра етілген күнә туралы түсінік мүлдем белгісіз. Бірақ бұл — күнә жоқ деген сөз емес. Бет-аузы кір-қожалақ балақай бетім таза деп батыл айтуы мүмкін, бірақ егер ол айнаға қарайтын болса, онда оған мұнымен келісуден басқа шара жоқ. Ежелгі исраилдіктерге Мұса арқылы Құдайдың Заңы берілген кезде, олар осындай балаға ұқсайтын. Заң күнә бар екенін анық көрсетті. Елші Пауыл: “Заң болмағанда күнә туралы білім болмас та еді”,— деп түсіндіреді (Римдіктерге 7:7—12). Өзін айнадан анықтап қараған бала іспетті, исраилдіктер Заң айнасына қарап, Ехобаның алдында өздерінің таза емес екендіктерін көре алатын еді.
15. Құдай Сөзінің айнасына қарасақ, не анықталады?
15 Егер біз Құдай Сөзінің айнасына қарап, оның нормаларына көңіл аударсақ, өзіміздің кемелсіздігімізді байқаймыз (Жақып 1:23—25). Мысалы, Иса Мәсіхтің Матай 22:37—40 дейінгі тармақтарда шәкірттеріне Құдай мен жақынына деген сүйіспеншілік туралы айтқандары жайында ойлап көрші. Адамдар мұны істеуді қалай жиі ұмытады десеңші! Көп адамдар Құдай мен жақынына сүйіспеншілік көрсетпегендеріне ар-ұждандары қинамайды да (Лұқа 10:29—37).
ШАЙТАННЫҢ ТОРЫНАН САҚТАН!
16. Шайтанның қастық әрекетінің құрбаны болып қалмау үшін не істеуіміз керек және бұл неге оңай емес?
16 Шайтан бізді әдейі күнә жасатуға тырысуда (Жоханның 1-хаты 3:8). Оның қастық әрекетінің құрбаны болмау мүмкін бе? Иә. Бірақ ол үшін күнәкар бейімділікпен күресу қажет. Бұл оңайға соқпайды, өйткені барлығымызда туа біткен өте күшті күнәға бейімділік бар (Ефестіктерге 2:3). Пауыл осы бейімділікпен күрескен. Неге? Өйткені оның бойында күнәкар құмарлық болды. Егер Құдайдың мақұлдауына ие болуды қаласақ, бізге де бойымызға туа біткен күнәкар бейімділікпен күресу керек (Римдіктерге 7:14—24; Қорынттықтарға 2-хат 5:10).
17. Біздің күнәкар бейімділігімізге қарсы күресімізді не қиындатады?
17 Шайтан үнемі бізді алдап және Құдайдың заңдарын бұзуға мәжбүрлеуге тырысатындықтан, бізге күнәмен күресу оңай емес (Петірдің 1-хаты 5:8). Мәсіхшілер үшін алаң болып, Пауыл былай деді: “Әзәзіл жыланның қулықпен Хауа ананы алдап, күнәға батырғанындай, кейбіреулер сендердің ой-саналарыңды Мәсіхке деген адалдық пен пәк берілгендіктеріңнен ауытқытып жүрмесін деп уайымдаймын” (Қорынттықтарға 2-хат 11:3). Шайтан бүгін де осы іспетті әдістерді қолданады. Ол Ехобаның игілігіне, сондай-ақ Құдайдың парыздарына бойсұнудың пайдалы екендігіне күмән туғызуға әрекеттенуде. Ібіліс бойымыздағы туа біткен күнәға бейімділігімізді қолданып, бізді өзімшілдік, ашкөздік, жек көрушілік және нанымшылдық жолымен жүруге азғырғысы келеді.
18. Шайтан бізді күнәкар өмірге азғыру үшін осы дүниені қалай пайдаланады?
18 Ібіліс құралдарының тағы бірі — оның билігінде жатқан дүние (Жоханның 1-хаты 5:19). Егер сақ болмасақ, осы дүниенің азғын, арсыз адамдары бізді күнәкар өмірге және Құдайдың құлықтылық нормаларына немқұрайды қарауға азғыруға тырысып бағады (Петірдің 1-хаты 4:3—5). Көбісі Құдайдың заңдарына немқұрайды қарап, ар-ұждандарын елемей, ақырында, ұяттан жұрдай болып кетеді (Римдіктерге 2:14, 15; Тімотеге 1-хат 4:1, 2). Кейбіреулері уақыт өте келе, бұрын тіпті кемелсіз ар-ұждандары да ерік бермеген нәрселерді істей бастайды (Римдіктерге 1:24—32; Ефестіктерге 4:17—19).
19. Неге өнегелі таза өмір сүріп қоя салу жеткіліксіз?
19 Біздің дүниемізде өнегелі таза өмір кешудің өзі аз емес. Әйтсе де, Жаратушымызға ұнау үшін бізден көбірек нәрсе талап етіледі. Біз Құдайға сеніп, оның алдында өз жауапкершілігімізді мойындауымыз керек (Еврейлерге 11:6). Елші Жақып: “Кім жасауға тиісті жақсылықты біле тұра жасамаса, сол күнәлы”,— деп жазды (Жақып 4:17). Иә, кім саналы түрде Құдайды және оның парыздарын елемесе, күнә істейді.
20. Дұрыс әрекет етуге Шайтан саған қалай кедергі жасауы мүмкін, бірақ мұндай қысымға қарсы тұруға не көмектеседі?
20 Киелі кітапты оқып, Құдай туралы білім алуға кедергі жасау үшін Шайтан адамдарды түрткілеуі әбден мүмкін. Мұндай қысым дұрыс әрекет етуіңе кедергі болмайды деп сенеміз (Жохан 16:2). Исаның қызмет еткен уақытында, билігі бар адамдардың көбі оған сенді, бірақ шеттеп қалудан қорқып, Оны ашық мойындамады (Жохан 12:42, 43). Құдай туралы білім алуға талпынған әркімді Шайтан ешбір аяусыз үрейлендіруге тырысып бағуда. Әйтсе де, Ехобаның тамаша істерін әрқашан есіңде сақтап, әрі оны бағалауың керек. Кім біледі, мүмкін, сенің ынтаңның арқасында қарсы болушылар да түсініп, мұны бағалайтын болар.
21. Күнәкар бейімділігімізді және осы дүниені қалай жеңе аламыз?
21 Әзірше кемелсіз болғандықтан, күнә жасап қоя береміз (Жоханның 1-хаты 1:8). Бірақ бұл күресте біз жалғыз емеспіз. Иә, әзәзіл Шайтан Ібілісті бұл шайқаста жеңіп шыға аламыз (Римдіктерге 5:21). Жердегі қызметінің ақырында Иса: “Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер, алайда батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым”,— деген сөздерімен өзінің ізбасарларын жігерлендірді (Жохан 16:33). Құдайдың көмегімен тіпті кемелсіз адамдар да осы дүниені жеңе алады. Шайтанға қарсы тұрып, ‘Құдайға мойынсұнғандарға’ оның билігі жүрмейді (Жақып 4:7; Жоханның 1-хаты 5:18). Әрі қарай Құдай өлім мен күнәнің езгісінен босатудың қамын ойластырып қойғанын көреміз.
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
Ібіліс Шайтан деген кім?
Неге адамдар қартаяды және өледі?
Күнә деген не?
Шайтан бізді Құдайға қарсы әдейілеп күнә жасатуға қалай тырысуда?
[Бүкіл бетке орналасқан 54-беттегі сурет]