ОН БІРІНШІ ТАРАУ
Үй-ішінде татулық сақтаңдар
1. Отбасының берекесін қашыратын кейбір себептерді аташы?
КІМДЕ-КІМНІҢ отбасында сүйіспеншілік, ауызбіршілік және татулық орнаған болса, ондай адамдар бақытты. Сенің отбасың дәл осындай деп үміттенгіміз келеді. Бірақ, бір өкініштісі, көптеген отбасыларына қатысты бұлай айта алмайсың және түрлі себептердің кесірінен олардың берекесі жоқ. Үй-ішінің берекесін қашыратын не? Осы тарауда үш себебін қарастырмақпыз. Кейбір отбасыларында үй-іші бір дінді ұстанбайды. Екінші бір отбасыларында ата-аналардың бірі өгей. Енді біреулерінің берекесін алып отырған нәрсе — отбасын күнелтуге қажетті нәрселермен қамтамасыз етуге деген арпалыс, не болмаса мол дәулетке деген талпыныс. Сөйтсе де бір отбасының берекесін қашырып жатқан жағдайлар екінші бір отбасына еш әсер етпеуі мүмкін. Неге олай?
2. Кейбіреулер отбасы өміріне қатысты басшылықты қайдан іздейді, бірақ ондай басшылықтың ең жақсы қайнар көзі не?
2 Біріншіден, сенің көзқарасыңның маңызы зор. Өзгенің көзқарасын түсінуге шын жүректен тырысатын болсаң, үй-ішінде бірлік сақтау үшін не істеу керек екенін білу сен үшін әбден мүмкін. Екіншіден, бұл сенің басшылықты қайдан іздейтініңе байланысты. Көпшілік адамдар қызметтестерінің, көршілерінің, газет шолушыларының және басқалардың кеңестерін қолданады. Алайда кейбіреулер болса өздері тап болған жағдай туралы Құдайдың сөзінде не айтылғандығын анықтайды, сонан соң білген нәрселерін іс жүзінде қолданады. Бұл отбасында татулық сақтауға қалай көмектеседі? (2 Тімотеге 3:16, 17).
ЕГЕР КҮЙЕУІҢНІҢ ДІНІ БАСҚА БОЛСА
3. а) Басқа дінді ұстанатын адаммен некеге тұруға қатысты Киелі кітап нендей кеңес береді? ә) Бірі мәсіхші, ал екіншісі мәсіхші емес ерлі-зайыптылардың қолдануына болатын қандай негізгі принциптер бар?
3 Басқа дінді ұстанатын адаммен некеге тұрмауға Киелі кітап табанды түрде кеңес береді (Заңды қайталау 7:3, 4; 1 Қорынттықтарға 7:39). Бірақ сен Киелі кітаптағы шындықты тұрмысқа шығып қойғаннан кейін барып білген шығарсың, ал күйеуіңнің оны білгісі келмейді. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Әрине, некелік уәде өз күшін жоғалтпайды (1 Қорынттықтарға 7:10). Киелі кітап некенің еш жазылмайтын жұп екенін ерекше айта келе, ерлі-зайыптыларды келіспейтін мәселелерінен жалтармауға, керісінше, оларды шешуге шақырады (Ефестіктерге 5:28—31; Титке 2:4, 5). Күйеуің сенің Киелі кітаптың дінін ұстануыңа үзілді-кесілді қарсы болса ше? Ол сені қауым кездесулеріне жібермеуге тырысуы мүмкін немесе ол әйелінің үйден-үйге жүріп дін туралы сөйлескенін қаламайтындығын айтатын шығар. Сонда сен не істейсің?
4. Күйеуі өзімен бір дінді ұстанбаған жағдайда оны түсінуге әйелінің қалайша тырысуына болады?
4 Өзіңнен: “Күйеуім неге бұлай ойлайды екен?” — деп сұра (Нақыл сөздер 16:20, 23). Мүмкін ол шын мәнінде немен айналысатыныңды білмегендіктен сен үшін уайым жейтін шығар. Болмаса оған, өздері маңызды деп есептейтін әдет-ғұрыптарын ұстанбай қойғаныңды байқап, туыстарың қысым көрсетіп жүрген шығар. “Үйде жалғыз қалған сәттерде мені тастап кеткендей сезінетінмін”,— дейді бір ер кісі. Бұл кісіге дін одан әйелін тартып алғандай көрінетін. Бірақ өзінің жалғызсырап жүргенін мойындауға көкірегі жібермейтін. Бәлкім саған Ехобаға деген сүйіспеншілігіңнің оған деген сүйіспеншілігіңді кемітпегенін күйеуіңе айтып отыру керек шығар. Міндетті түрде күйеуіңмен бірге уақыт өткіз.
5. Күйеуі басқа нанымдағы әйел нендей нәрседе таразыны теңгере білуі керек?
5 Дегенмен, егер парасаттылықпен әрекет еткің келсе, әлдеқайда маңызды нәрселерді ескеру керек болады. Құдайдың Сөзі әйелдерге: “Күйеулеріңе мойынсұныңдар! Иемізбен байланыстағы сендердің осылай істегендерің жөн”,— дейді (Қолостықтарға 3:18). Осылайша Киелі кітап мойынсұнбаушылық рухтан сақтандырады. Оның үстіне, бұл тармақтағы “Иемізбен байланыстағы” деген сөздер күйеуге мойынсұна отырып Иемізге деген мойынсұнуды ескеру керек екендігін көрсетеді. Таразыны теңгере білу керек.
6. Мәсіхші әйел қандай принциптерді есте ұстауы керек?
6 Қауым кездесулеріне бару мен өзінің Киелі кітапқа негізделген сенімі туралы өзгелерге куәлік ету — мәсіхшілердің немқұрайды қарауына болмайтын шынайы мінажаттың маңызды ажырамас бөліктері (Римдіктерге 10:9, 10, 14; Еврейлерге 10:24, 25). Әлдекім саған Құдайдың қандай да бір талабына мойынсұнбауды бұйырса не істер едің? Иса Мәсіхтің елшілері: “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!” — деп айтқан болатын (Елшілердің істері 5:29). Олар көптеген жағдайларда қолдануға болатын үлгі-өнеге қалдырды. Ехобаға деген сүйіспеншілігің сені Оған тиесілі шын берілгендік танытуға талпындыра ма? Сонымен қатар, күйеуіңе деген сүйіспеншілігің мен сыйластығың сені Құдайға деген осындай шын берілгендігіңді жарың ашуланбайтындай етіп танытуға тырысуға талпындыра ма? (Матай 4:10; 1 Жохан 5:3).
7. Мәсіхші әйел қандай қайсарлық көрсетуі керек?
7 Иса мұның барлық уақытта бірдей мүмкін бола бермейтіндігін айтқан болатын. Шынайы мінажат етуге деген қарсылықтың әсерінен кейбір отбасыларында сенуші адамдар өздерін араларынан семсер өтіп, бөлініп қалғандай сезінетіндігін ескерткен болатын (Матай 10:34—36). Мұны жапондық бір әйел басынан кешірді. Күйеуі оған 11 жыл қарсыласты. Ол дөрекілік көрсетті және жиі үйге кіргізбей қойып жүрді. Бірақ ол әйел табандылық көрсетті. Оған мәсіхшілер қауымындағы достары көмектесті. Ол қоймай дұға оқыды және 1 Петір 2:20-ғы сөздерден үлкен жігер алып отырды. Бұл мәсіхші әйел, егер өзі берік болып қалса, күндердің күнінде күйеуінің Ехобаға қызмет ету үшін өзіне қосылатынына сенімді еді. Ол күн де келді.
8, 9. Күйеуіне жоқ жерден кедергі тудырмау үшін әйел қалай іс-әрекет жасауы керек?
8 Өмірлік жардың көзқарасын өзгерту үшін талай тиімді нәрселер істеуге болады. Мысалы, күйеуіңе сенің дінің ұнамайтын болса, күнделікті өмірде, басқа жағынан, оның налуына себеп болатындай еш нәрсе істеме. Үйіңді таза ұста. Үсті-басыңның ұқыпты болуын қадағала. Сүйіспеншілік пен ризашылық танытуда жомарт бол. Сынама, керісінше, оның қолдаушысы бол. Күйеуіңе өзіңнің одан басшылық күтетініңді көрсет. Өкпелеп жүрген болсаң, кек алма (1 Петір 2:21, 23). Адам баласының кемелсіз екендігін ескер, араларыңда айтыс туа қалған жағдайда кіші пейілділікпен бірінші болып кешірім сұра (Ефестіктерге 4:26).
9 Жиналысқа баруың тамақ істеп үлгермеуіңе сылтау болуына жол берме. Сондай-ақ қызметке бару үшін жолдасың үйде болмайтын кезді таңдауға болады. Күйеуінің тыңдауға ықыласы болмай отырғанда парасатты мәсіхші әйел оған уағыздамайды. Оның орнына ол елші Петірдің: “Әйелдер, сендер күйеулеріңе мойынсұныңдар; осылайша Құдайдың сөзін мойындамайтындары сөзбен емес, сендердің таза және Құдайдан қорқатын өмірлеріңді көргенде, өз әйелдерінің өмір сүру қалпы арқылы сенімге келетіндей болсын”,— деген кеңесіне сай әрекет жасайды (1 Петір 3:1, 2). Мәсіхші әйелдер киелі рухтың игілікті жемістерін мейлінше жақсы танытуға тырысады (Ғалаттықтарға 5:22, 23).
ЕГЕР ӘЙЕЛІҢНІҢ ДІНІ БАСҚА БОЛСА
10. Әйелі басқа дінді ұстанатын болса, мәсіхші күйеу оған қатысты не істеуі керек?
10 Әйелі емес, күйеуі мәсіхші болса ше? Киелі кітапта мұндай жағдай үшін де басшылық бар. Онда былай делінеді: “Бір рухани бауырласымыздың әйелі Мәсіхке сенбейтін болып, бірақ бірге тұруға келіссе, онда ол ажыраспауға тиіс” (1 Қорынттықтарға 7:12). Киелі кітап сондай-ақ күйеулерге: ‘Әйелдеріңді сүйіңдер!’ — деп тәлім береді (Қолостықтарға 3:19).
11. Басқа дінді ұстанатын әйеліне басшылық жасауда күйеу қалай көреген әрі әдепті бола алады?
11 Егер әйеліңнің діні басқа болса, оны сыйлауға және сезімдерін ескеруге әсіресе күш жұмса. Ол ересек адам және тіпті сен онымен келіспесең де өз діни нанымын ұстануға ерікті. Сен өзіңнің дінің туралы айтсаң болғаны, ол, жаңа нәрсе үшін, қаншама уақыттан бері ұстанып келе жатқан нанымынан бас тарта қояды деп күтпе. Әйелің мен оның үй-ішінің осыншама уақыт бойы бағалап келген діни әдет-ғұрыптарын жалған деп бірден айта салудың орнына, Киелі жазбаға сүйеніп шыдамдылықпен талқылауға тырыс. Егер сен қауым жұмыстарына көп уақыт жұмсайтын болсаң, әйелің өзін тастап кеткендей сезінуі мүмкін. Бәлкім, Ехобаға қызмет етуге деген талпынысыңа әйеліңнің қарсы болу себебі — “сенің маған көбірек уақыт бөлгеніңді қалаймын!” болар. Шыдамды бол. Сенің сүйіспеншілікпен көңіл бөлгенің келе-келе әйеліңнің шынайы мінажат етуге саған қосылуына көмектесуі мүмкін (1 Петір 3:8, 9; Қолостықтарға 3:12—14).
БАЛА ТӘРБИЕСІ
12. Әр түрлі діни нанымды ұстанғандарына қарамастан ерлі-зайыптылар Киелі кітап принциптерін қалай қолдануы керек?
12 Бір діни нанымды ұстанбайтын отбасыларында бала тәрбиесі кейде қиын мәселе болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Киелі кітап принциптерін қалай қолданған дұрыс? Киелі кітап балаға тәлім берудің басты жауапкершілігін әкеге жүктейді, алайда ананың да рөлі маңызды (Нақыл сөздер 1:8; Жаратылыс 18:19, салыстырыңдар; Заңды қайталау 11:18, 19). Тіпті Мәсіхтің басшылығын мойындамаса да әке отағасы болып қалады.
13, 14. Күйеуі балаларды кездесулерге апаруға немесе тіпті Киелі кітапты үйде олармен бірге зерттеуге қарсы болғанда әйелдің не істеуіне болады?
13 Кейбір мәсіхші емес күйеулер балаларына әйелінің діни нәрселерді үйретуіне қарсы емес. Екінші біреулері болса бұған қарсы. Күйеуің балаларды кездесулерге апаруыңа немесе тіпті Киелі кітапты үйде олармен бірге зерттеуіңе қарсы болса ше? Онда Ехобаға, күйеуіңнің басшылығына және сүйікті балаларыңа қатысты біраз міндеттерді таразысын тең ұстай отырып орындауыңа тура келеді. Мұның бәрін қалайша қатар істеуге болады?
14 Әрине, сен бұл туралы Құдайға дұға етіп сұрайсың (Філіпіліктерге 4:6, 7; 1 Жохан 5:14). Бірақ, ақыр аяғында, қалай іс-әрекет жасау керек екендігін өзің шешуің керек. Отағалық тізгінді өз қолыңа алуды көздемейтіндігіңді әдептілігіңмен көрсетсең, оның қарсылығы ақыр аяғында бәсеңдеуі мүмкін. Күйеуің балаларды кездесуге апаруыңа не олармен үзбей Киелі кітапты зерттеуді жүргізуіңе қарсы болғанына қарамастан, сен оларға үйрете аласың. Күнделікті әңгімең арқылы және жақсы үлгі-өнегеңмен балаларыңның бойында Ехобаға деген сүйіспеншілік, оның Сөзіне деген сенім, ата-анаға деген сый-сияпат (бұған әке де кіреді) және өзгелерге деген шынайы ықылас дарытуға тырыс, сондай-ақ оларға адал еңбекті бағалауды үйретуге талпын. Мүмкін мұндай тәрбиенің жемісін әке уақыт өте келе көріп, сенің күш салып жүргеніңді бағалар (Нақыл сөздер 23:24).
15. Құдайға сенуші күйеудің бала тәрбиелеуде қандай жауапкершілігі бар?
15 Егер өзің мәсіхші болып, әйелің сенбейтін адам болса, балаларды “ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеу” сенің жауапкершілігіңде (Ефестіктерге 6:4). Мұны, әрине, әйеліңе мейірімділік, сүйіспеншілік және парасаттылық таныта отырып істеуге тиіссің.
АТА-АНАҢНЫҢ ДІНІ БАСҚА БОЛСА
16, 17. Балалар ата-аналарынікінен басқа діни нанымды қабылдаған жағдайда Киелі кітаптың қандай принциптерін есте ұстаулары керек?
16 Тіпті кәмелетке толмаған балалардың ата-анасынікінен басқа діни көзқарасты қабылдауы әдеттегідей нәрсе болып қалды. Сенің жағдайың осындай ма? Ендеше, Киелі кітапта сен үшін де кеңес бар.
17 Құдай Сөзі былай дейді: “Иеміздің еркіне мойынсұнып, әке-шешелеріңнің тілін алыңдар, өйткені бұл әділетті. “Ата-анаңды сыйла [“қадірле”, ЖД]!” (Ефестіктерге 6:1, 2). Бұған ата-анаға тиесілі сый-құрмет те кіреді. Дегенмен, ата-ананың тілін алу маңызды болғанымен, шынайы Құдай жөнінде ұмытпау керек. Бала өзі шешім қабылдайтындай болып ересектердің қатарына қосылған кезде, оның істеген істеріне деген жауапкершілігі де арта түседі. Бұл осы дүниелік заңдарға ғана емес, Құдай заңдарына да қатысты. Киелі кітапта: “Әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз”,— делінген (Римдіктерге 14:12).
18, 19. Ата-ана мен бала бір дінді ұстанбаған жағдайда бала өзінің дінін ата-анасының жақсырақ түсінуіне қалай жәрдемдесе алады?
18 Өзіңнің көз жеткізген нәрселеріңе байланысты өміріңде қандай да бір өзгерістер жасау керек болса, ата-анаңның көзқарасын түсінуге тырыс. Киелі кітап ілімдерімен танысып, оларды іс жүзінде қолдану арқылы сенің сыйластығың мен тіл алғыштығың артып, ата-аналарыңның қойған талаптарын орындаудағы ынтаң бұрынғыдан күштірек болса, олардың қуануы әбден мүмкін. Алайда, өзіңнің жаңа сеніміңе байланысты ата-анаң үшін маңызды нанымдар мен әдет-ғұрыптардан бас тартсаң, олар, сен туралы, өздерінің саған мұра еткісі келген нәрселерін аяқ асты етіп жүр деген ойда болуы мүмкін. Сондай-ақ айналысып жүргенің көпшілікке аса танымал емес нәрсе болса немесе ата-анаңның ойынша, сенің материалдық жағынан жетістікке жетуіңе ықпал ететін мақсаттарыңа әсер етіп жатса, олар сенің игілігіңді ойлап қорқуы мүмкін. Өркөкіректік те кедергі болуы мүмкін. Олар сен туралы шын мәнінде ол өзін дұрыстап, бізді қателескен қылып отыр деген ойда болуы мүмкін.
19 Сондықтан ата-анаңды жергілікті қауымның қарияларының бірімен, болмаса рухани толысқан Куәгерлердің бірімен мүмкіндігінше тезірек таныстыруға тырыс. Не туралы айтылып жатқанын өздері естіп, Ехоба Куәгерлері дегендердің кімдер екенін өз көздерімен көруі үшін, оларды Патшалық Сарайына шақыр. Мүмкін, келе-келе ата-анаң жұмсағырақ қарайтын болар. Тіпті ата-ана алған бетінен қайтпай Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді жойып, балаларына мәсіхшілердің кездесулеріне баруға тыйым салуын қоймаған жағдайда да, әдетте, қандай да бір басқа жерге барып оқуға, бауырластармен әңгімелесуге, сондай-ақ — бейресми түрде — куәлік етіп, өзгелерге көмектесуге мүмкіндіктер табылып жатады. Сен сондай-ақ Ехобаға дұға ете аласың. Есейіп, ата-аналарынан бөлек тұра алатындай дәрежеге жетіп, көбірек істеуге мүмкіндік пайда болғанға дейін кейбір жас өспірімдердің күте тұруына тура келеді. Үйдегі жағдайдың қандай болғанына қарамастан ‘ата-анаңды қадірлеуді’ ұмытпа. Үйдегілермен тату-тәтті тұру үшін қолыңнан келгеннің бәрін істе (Римдіктерге 12:17, 18). Бәрінен де бастысы — Ехоба Құдаймен тату-тәтті қарым-қатынаста болуды көзде.
ӨГЕЙ БАЛАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ — ҚИЫН МӘСЕЛЕ
20. Өгей әкесі не өгей шешесі бар балаларда қандай сезімдер болуы мүмкін?
20 Көпшілік үйлерде үлкен қиындық тудыратын — діни келісе алмаушылықтар емес, туыстық қарым-қатынасқа байланысты мәселелер. Бүгінде көптеген үйлерде ерлі-зайыптылардың бірінің, не екеуінің де, алдыңғы некеден қалған балалары бар. Мұндай отбасындағы балалардың бойларында қызғаныш, ыза болуы мүмкін немесе олар өздерін туған әкесін не шешесін айырбастағандай сезініп уайым жеуі мүмкін. Осының кесірінен олар өгей әкесінің не өгей шешесінің жақсы ата-ана болуға деген адал әрекетіне қарсылық көрсетуі мүмкін. Өгей балалары бар отбасына қарым-қатынасты дұрыстауға не көмектеседі?
21. Жағдайларының ерекшелігіне қарамастан, өгей ата-ана көмекті неге Киелі кітап принциптерінен іздеуі керек?
21 Мұндай отбасылары, жағдайларының ерекшелігіне қарамастан, жетістікке жетуге көмектесетін Киелі кітап принциптерінің барлық отбасыларына ортақ екендігін ұғынуы керек. Бұл принциптерге көңіл аудармаған кезде, мүмкін, шамалы уақыт, қиындықтар азайғандай көрінер, бірақ бұл кейінірек жан күйзелісіне әкеп соқтыруы әбден ықтимал (Забур 126:1; Нақыл сөздер 29:15). Ақылдылық пен көрегендік дамытыңдар. Ақылдылықты — ұзағынан келтіретін пайдасын есте ұстап Құдайдың принциптерін қолдану үшін, ал көрегендікті — отбасы мүшелерінің сөздері мен іс-әрекеттерінің астарында не жатқандығын түсіну үшін дамытыңдар. Сондай-ақ жанашыр бола білу керек (Нақыл сөздер 16:21, ЖД; 24:3, ЖД; 1 Петір 3:8).
22. Балаға өгей ата-анасын қабылдау неге қиын болуы мүмкін?
22 Өгей бала өсіріп жатқан болсаң, бәлкім, отбасының досы болған кезіңде олардың сені қалай қадірлегені есіңде шығар. Алайда сен отбасы мүшесі болғалы олардың саған деген көзқарасы өзгерген болар. Бірге тұрмайтын әкесі не шешесі жадында тұрғандықтан, мүмкін, сені өзіне бұрынғы әкесіне не шешесіне бауыр басқандай қарым-қатынас күтеді деген оймен, балалар өз ата-анасын айырбастап жатқан сияқты сезіммен күресуде шығар. Олар кейде саған туған әкесі не шешесі еместігіңді тіке айтуы мүмкін. Мұндай сөздер ауыр тиеді. Алайда “көңілің ашулануға [“ренжуге”, ЖД] асықпасын” (Екклесиаст 7:9). Баланың тілін табу үшін көрегендік пен жанашырлық керек.
23. Өгей балалары бар отбасында жазаны қалай жүзеге асыруға болады?
23 Бұл қасиеттер әсіресе баланы жазалау керек болғанда қажет. Тәрбие дәйекті болуы керек (Нақыл сөздер 6:20; 13:1). Бірдей бала жоқ болғандықтан, әр балаға әр түрлі жаза қолданылуы мүмкін. Кейбір өгей ата-аналар мұндай міндеттерді бірінші кезде туған әкесінің не шешесінің өз қолына алғаны дұрыс болар деп есептейді. Дегенмен әке мен шеше мұны ақылдасып барып істеуі керек, әрі өгей балаға қарағанда туған балаға жұмсақтық танытпаулары керек (Нақыл сөздер 24:23). Тіл алу маңызды, бірақ кемелсіздіктің әсерін де ескеру керек. Тым шектен шығып кетпеңдер. Балаларыңды сүйіспеншілікпен жазалаңдар (Қолостықтарға 3:21).
24. Бір тумаған отбасы мүшелерінің арасында құлықтылыққа байланысты қиындықтарды қалайша болдырмауға болады?
24 Отбасымен әңгімелесу арқылы көп қиындықтардың алдын алуға болады. Бұл басты назарды аса маңызды істерге аударуға көмектеседі. (Філіпіліктерге 1:9—11, салыстырыңдар.) Осының арқасында олар сондай-ақ отбасының қойған мақсатына жету үшін әрқайсысы не істей алатындығын түсінетін болады. Оның үстіне, отбасындағы ашық әңгімелесулер құлықтылыққа байланысты қиындықтардың алдын ала алады. Қыз балаға қалай киініп, өгей әкесі, өгей аға-інілері барда өзін қалай ұстауы керектігін түсінуге көмектесу керек, ал ұл балаға өгей анасы мен өгей апа-қарындастарымен қарым-қатынасы қандай болуы керектігін түсіндіру керек (1 Салониқалықтарға 4:3—8).
25. Қандай қасиеттер өгей балалары бар отбасында татулық сақтауға көмектеседі?
25 Өгей балаларды тәрбиелеудегі қиындықтарға төзе біл. Жаңа қарым-қатынас қалыптасуы үшін уақыт керек. Өгей балалардың сүйіспеншілігі мен сый-құрметіне қол жеткізу өте қиын. Бірақ бұл мүмкін нәрсе. Даналық пен көрегендік ұялаған жүрек, Ехобаға ұнауға деген үлкен ықыласпен қосылып, өгей балалары бар отбасында татулық орнатудың кілті болып табылады (Нақыл сөздер 16:20). Мұндай қасиеттер саған басқа да қиындықтарды жеңіп отыруға көмектеседі.
МОЛ БАЙЛЫҚҚА ДЕГЕН ҰМТЫЛЫС ҮЙЛЕРІҢНІҢ БЕРЕКЕСІН ҚАШЫРЫП ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?
26. Материалдық қиындықтар мен дүние-мүлікке деген дұрыс емес көзқарас отбасының берекесін қалайша қашыруы мүмкін?
26 Материалдық қиындықтар мен дүние-мүлікке деген дұрыс емес көзқарас түрлі жолдармен отбасының берекесін қашыруы мүмкін. Өкінішке орай, баюды немесе ең болмаса шамалы баюды аңсап, кейбір отбасылары ақшаның кесірінен ойран болуда. Егер ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыс істеп, “менің ақшам, сенің ақшаң”-ға басатын болса, отбасының берекесі қашуы мүмкін. Тіпті айтыс-керіс болмағанымен, олардың жұмыс кестесі бір-біріне болар-болмас уақыт бөлетіндей тығыз болуы мүмкін. Жиі-жиі дүние жүзіндегі отбасыларында әкелер көбірек ақша табу үшін ұзақ мерзімге, мысалы айлап, мүмкін тіпті жылдап, алысқа жол жүріп кетеді. Бұл үлкен қиындықтарға әкеп соқтыруы мүмкін.
27. Қаржы жағынан қиындық көріп жатқан отбасылары үшін пайдалы қандай принциптер бар?
27 Мұндай жағдайда не істеу керектігін тұп-тура көрсететін ереже бекіту мүмкін емес, себебі әрбір отбасының өз қиындықтары, өз мұқтаждықтары бар. Сөйтсе де Киелі кітаптың кеңестері көмектесе алады. Мысалы, Нақыл сөздер 13:10-да, ‘кеңесу’ арқылы, кейде, бос қақтығыстың алдын алуға болатындығы көрсетілген. Кеңесу деген жай ғана өз көзқарасын айтып қоюды емес, кеңес іздеуді және бұл жайында өзге адамның не ойлайтындығын анықтауды білдіреді. Оның үстіне, кіріс пен шығыстың іске асатындай қаржы жоспарын жасау отбасындағылардың бәрінің күшін біріктіруге көмектеседі. Кейде қосымша шығындарды өтеу үшін, әсіресе үйде балалар немесе қарауда басқа адамдар болса, шамалы уақыт ерлі-зайыптылардың екеуінің де жұмыс істеуіне тура келетін шығар. Мұндай кезде күйеуі әйеліне оған бөлуге уақыты бар екендігін көрсетіп отыруы керек. Ол балаларымен бірігіп әйеліне әдетте өзі-ақ атқарып жүрген тірліктерін істеуге сүйіспеншілікпен көмектесуіне болады (Філіпіліктерге 2:1—4).
28. Қандай ескерту, егер ол туралы ұмытпаса, отбасының бірлікте болуына көмектеседі?
28 Алайда естеріңде болсын, бұл дүниеде ақша қажет болғанымен, ақша бақыт әкелмейді. Әрине, өмір де бермейді (Екклесиаст 7:12). Шын мәнінде, материалдық жағына аса көп көңіл бөлетін болсақ, рухани және құлықтылық жағынан опық жеуіміз мүмкін (1 Тімотеге 6:9—12). Одан да, өмір сүруге ең қажетті нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуге деген талпыныстарымызға Құдай батасын беретіндігіне сенімді болып, ‘ең алдымен Құдайдың Патшалығына кіруге және Оның әділдігіне ие болуға тырысқан’ қаншалықты артық! (Матай 6:25—33; Еврейлерге 13:5). Рухани нәрселерді бірінші орынға қойып, ең алдымен Құдаймен тату-тәтті қарым-қатынаста тұруға ұмтылу арқылы үй-ішінің, қандай да бір мәселеде бірге болмаса да, өмірдің ең маңызды жақтарында шынында да біріккенін көресіңдер.