24-ТАРАУ
Ешбір нәрсе бізді ‘Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды!’
1. Кейбір шынайы мәсіхшілерді қоса алғанда, көп адамның көңіліне қандай жағымсыз сезім ұялайды?
ЕХОБА ҚҰДАЙ жеке сені сүйе ме? Кейбіреулер Жохан 3:16-да айтылғандай, Құдайдың жалпы адамзатты сүйетінімен келіседі. Бірақ олар: “Құдайдың жеке мені сүюі мүмкін емес”,— деп ойлауы мүмкін. Тіпті шынайы мәсіхшілерде де арагідік осындай күмән туып тұруы мүмкін. Бір кісі ашынып: “Менің жағдайым Құдайды қызықтырады дегенге сену өте қиын”,— деді. Сенің көңіліңе де осындай күмән ұялайтын кездер бола ма?
2, 3. Кім бізді Ехобаның көзінде түкке тұрғысыз немесе сүюге тұрмаймыз дегенге сендіргісі келеді және қалай бұл пікірді жоққа шығара аламыз?
2 Шайтан бізді Ехоба өз қызметшілерін сүймейді де, бағаламайды да дегенге сендіргісі келеді. Ол адамдарды жиі мансапқорлық пен менмендік рухын ояту арқылы азғыратыны рас (Қорынттықтарға 2-хат 11:3). Бірақ Шайтан әсершіл адамдарды өз-өзін сыйлау сезімінен айырудан да рақат табады (Жохан 7:47—49; 8:13, 44). Ол әсіресе қазіргі қиын-қыстау күндерде солай етуде. Бүгінде көп адам табиғи бауырмалдық жоқ отбасында тәрбиеленеді. Өзгелері қатыгез, өзімшіл, қыңыр адамдармен үнемі араласуға мәжбүр (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Адамның көп жыл бойы қиянат көргені, ұлтшылдық рухын не жеккөрушілік сезінгені өзін түкке тұрғысыз немесе сүюге тұрмайтын деп есептеуіне ықпал етуі мүмкін.
3 Егер сенің де бойыңды осындай жағымсыз сезімдер билесе, жасыма. Бәріміз де арагідік өзімізді себепсіз кінәлап жатамыз. Бірақ Құдай Сөзінің “түзету” және ‘бекіністерді талқандау’ үшін жазылғанын ұмытпа (Тімотеге 2-хат 3:16; Қорынттықтарға 2-хат 10:4). Киелі кітапта: “Құдай алдында жүрегіміз орнығады. Себебі егер жүрегіміз бізді айыптаса да, Құдай жүрегімізден жоғары ғой, Ол бәрін де біледі”,— делінген (Жоханның 1-хаты 3:19, 20). Жазбалар Ехобаның бізді сүйетінін көрсетіп, ‘жүрегімізді орнықтырады’. Енді соның төрт жолын қарастырып көрейік.
Ехоба сені бағалайды
4, 5. Исаның торғайлар туралы келтірген мысалынан біздің Ехобаның көзінде бағалы екеніміз қалай көрінеді?
4 Біріншіден, әрбір қызметшісінің бойынан Құдайдың жақсы нәрсе іздейтіні Киелі кітапта тікелей айтылады. Мысалы, Иса былай деген: “Екі торғайды бір ассарионға сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі! Сондықтан адамдардан қорықпаңдар, сендер көптеген торғайлардан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Матай 10:29—31, сілтемені қара) Исаның бірінші ғасырдағы тыңдаушылары үшін бұл сөздердің нені білдіргенін қарастырып көрейік.
5 Сен: “Торғайды сатып алудың қажеті не?”— деп таңырқауың мүмкін. Исаның заманында торғай ең арзан тағам ретінде сатылатын. Байқашы, адам не бары бір ассарионға, не тиынға, екі торғай сатып ала алатын. Бірақ Исаның кейінірек айтқан сөздеріне сай, егер сатып алушы екі тиынға шығындала алатын болса, оған төрт емес, бес торғай берілер еді. Бесінші құсты еш құны жоқ сияқты ақысыз бере салатын. Бәлкім, торғай іспетті ұсақ құстың адамдар үшін еш құндылығы жоқ шығар, ал Жаратушы үшін ше? Иса былай деді: “Олардың біреуін де [тіпті тегін берілгенін де] Құдай ұмытпайды” (Лұқа 12:6, 7). Енді Исаның не айтқысы келгені біз үшін айқындала түсті. Егер Ехоба торғай екеш торғайды солай бағалайтын болса, адамды одан бетер бағаламай ма!? Иса түсіндіргендей, Ехоба біз туралы бәрін-бәрін біледі. Тіпті біздің әрбір шашымыз санаулы!
6. Шашымыздың саны жайлы айтқанда, Исаның асыра сілтемегеніне неге сенімді бола аламыз?
6 Шашымыз санаулы? Сірә, әлдебіреу Иса мұнда асыра сілтеген деп ойлар. Алайда қайта тірілу үміті туралы ойлап көрші. Адамды қайта жарату үшін Ехоба оны қаншалықты жақсы білу керек десеңші! Оның бізді жоғары бағалайтыны соншалық — генетикалық кодымыз бен жылдар бойы есімізде қалған жайттар мен сезімдерімізді қоса, бойымыздағы ерекшеліктердің бәрін бүге-шігесіне дейін есінде сақтайдыa. Мұнымен салыстырғанда басымыздағы шашты (ал адамның басында орта есеппен 100 000 шаш болады) санау оп-оңай ғой.
Ехоба бойымыздағы не нәрсені бағалайды?
7, 8. а) Адамның жүрегінен қандай қасиеттерді көргенде, Ехоба қатты қуанады? ә) Қандай істерімізді Ехоба бағалайды?
7 Екіншіден, Киелі кітапта Ехобаның өз қызметшілерінің бойындағы не нәрсені бағалайтыны айтылған. Тоқетерін айтқанда, оған жақсы қасиеттеріміз бен күш салып жатқанымыз қатты ұнайды. Дәуіт патша өз ұлы Сүлейменге: “Жаратушы барлық пейілді сынайды, ойыңда не болса, соның бәрін біледі”,— деген (Шежірелер 1-жазба 28:9). Миллиардтаған адамның жүрегін сынайтын Құдай зұлымдық пен жеккөрушілікке толы осы дүниеде әлдебіреудің жүрегінде тыныштық, шындық пен әділдік барын байқағанда, қалайша қуанатын болу керек десеңші! Ал жүрегі Өзіне деген сүйіспеншілікке толы, Өзі туралы білім алуға талпынып, білгенін өзгелерге айтатын адамды тапса ше? Ехоба басқалармен Өзі туралы сөйлесетіндерді байқайтынын айтқан. Тіпті Оның “Ехобадан қорқатын және оның есімі жайлы ойланатындар үшін естелік кітабы” да бар (Малахи 3:16, ЖД). Ол үшін осындай қасиеттер қымбат.
8 Ехоба үшін қандай игі істер бағалы? Әрине, Иса Мәсіхке еліктеуге күш салғанымызды бағалайды (Петірдің 1-хаты 2:21). Ол бағалайтын тағы бір маңызды іс — Құдай Патшалығы туралы ізгі хабардың уағыздалуы. Римдіктерге 10:15-тен біз мынаны оқимыз: “Ізгі хабар жеткізушілердің келгені [“аяғы”, Тт] қандай тамаша!” Әдетте, біз аяғымыз туралы “тамаша”, немесе әдемі, екен деп ойламаймыз. Мұнда әңгіме Ехобаның қызметшілерінің ізгі хабарды уағыздау үшін күш салатындары жөнінде болып отыр. Сол үшін салынған күштің бәрі Құдайдың көз алдында әдемі әрі бағалы (Матай 24:14; 28:19, 20).
9, 10. а) Қиыншылық кезінде танытқан табандылығымызды Ехобаның бағалайтынына неге сенімді бола аламыз? ә) Ехоба адал қызметшілері турасында ешқашан қандай жағымсыз көзқараста болмайды?
9 Сонымен қатар Ехоба табандылығымызды бағалайды (Матай 24:13). Есіңде болсын, Шайтан біздің Ехобадан бас тартқанымызды қалайды. Сен адалдығыңды сақтап қалған сайын, Шайтанның ащы мысқылына Ехобаның жауап беруіне мүмкіндік бересің (Нақыл сөздер 27:11). Табанды болу әрқашан оңайға соға бермейді. Ауыр науқас, жоқшылық, көңілге түскен қаяу тағы да басқа қиыншылықтар әрбір күнді азапқа айналдырып жіберуі мүмкін. Арман-тілегіміздің ұзақ уақыт орындалмай қоюы да ұнжырғамызды түсіреді (Нақыл сөздер 13:12). Осындай қиыншылықтарға қарамастан, табанды болғанымыз Ехоба үшін өте бағалы. Міне, сондықтан да Дәуіт патша көз жасын Ехобадан өзінің ‘ыдысында’ сақтауды өтінген, сосын, сенімділікпен: “Олар Сенің кітабыңда емес пе еді?”— деп қосқан (Забур 55:9). Иә, Ехоба өзіне деген адалдығымызды сақтау үшін төккен жасымыз бен шеккен қасіретіміздің бәрін бағалайды, әрі есінде сақтайды. Оның көз алдында бұлар да аса құнды.
“Сендер көптеген торғайлардан әлдеқайда қымбатсыңдар!”
10 Десе де міншіл жүрегіміз Құдайдың көзінде бағалы екенімізді мойындағысы келмеуі мүмкін. Ол: “Менен әлдеқайда артық адамдар бар ғой. Ехоба мені өзгелермен салыстырғанда, мүлдем көңілі толмайтын болар”,— деп тынымсыз сыбырлап тұратын шығар. Алайда Ехоба бізді ешкіммен салыстырмайды, әрі біз турасында ойлағанда, қатал емес (Ғалаттықтарға 6:4). Ол жүрегімізді ерекше қырағылықпен зерттеп, ондағы жақсылықты, мейлі ол титтей болса да, бағалайды.
Ехоба жаманнан жақсыны іріктеп алады
11. Абияға қатысты әрекетінен Ехоба туралы не білеміз?
11 Үшіншіден, Ехоба бойымыздағы жақсылықты мұқият іріктеп алады. Мысалы, жолдан тайған Еробоғам патшаның әулетін түгел құртып жіберу үшін үкім шығарғанда, Ехоба сол патшаның Абия деген ұлының лайықты түрде жерленуі керектігін айтты. Неліктен? “Оның бойынан Жаратушы Ие, Исраил Құдайы алдында жасаған әлде бір игілікті іс табылған еді” (Патшалықтар 3-жазба 14:1, 10—13). Ехоба, былайша айтқанда, сол балаң жігіттің жүрегін електен өткізіп, “әлде бір игілікті” нәрсені тапты. Сол бір игілік қаншалықты кішкентай не мардымсыз болмасын, Ехоба оны өз Сөзінде жазып қалдыруға тұрарлықтай бағалы деп қарастырған. Ол тіпті жолдан тайған патша әулетінің сол мүшесіне белгілі бір шамада мейірімділік көрсетіп, қарымтасын қайтарды.
12, 13. а) Күнә жасап қойсақ та, Ехоба бойымыздан жақсылық іздейтіні Жосафаттың жағдайынан қалай көрінеді? ә) Қалайша Ехоба игі істеріміз бен қасиеттерімізге қатысты сүюші Әке іспетті әрекет етеді?
12 Киелі кітапта жақсы патша Жосафатқа қатысты бұдан да әсерлі оқиға жазылған. Бірде патша ақылсыз әрекет жасап қойғанда, Ехобаның пайғамбары: “Бұл үшін саған Жаратқан Ие жүзінен қаһар [төгіледі]”,— дейді. Неткен жан түршіктіретін сөздер! Бірақ мұнымен Ехобаның хабаршысының сөздері аяқталған жоқ. Ол: “Дегенмен, сенің бойыңнан жақсылық та табылды”,— деп сөзін жалғады (Шежірелер 2-жазба 19:1—3). Ехобаның әділ ашуы Жосафаттың бойындағы жақсылықты көрмейтіндей көзін тұмандатып тастаған жоқ. Кемелсіз адамдардың әрекеті бұдан қалайша ерекшеленеді десеңші! Егер біреуден көңіліміз қалса, біз оның бүкіл жақсылығына көз жұма салуға бейімбіз. Ал күнә жасап қойсақ, салымыз суға кетіп, ар-ұжданымыз мазалап, өзімізді кінәлі сезінгеніміз сонша, бойымыздағы жақсылықты көруден қаламыз. Алайда мынаны ешқашан ұмытпалық: егер біз күнәмізге өкініп, оны қайталамау үшін барынша күш салар болсақ, Ехоба кешіреді.
13 Алтын іздеушінің еш құны жоқ құмнан алтынды шайып алатынындай, Ехоба да жүрегіңді електен өткізіп, мұндай күнәларды лақтырып тастайды. Ал жақсы қасиеттерің мен істеріңді ше? Әрине, мұндай “саф алтынды” алып қалады! Сүюші ата-аналар балаларының кішкентай күнінде салған суреттерін немесе мектепте жасаған қандай да бір жұмысын, ондаған жылдар бойы, тіпті кейде балаларының өзі ол туралы ұмытып кетіп жатса да, әспеттеп сақтап жүретінін байқағансың ба? Ехобадай сүюші Әке жоқ! Біз адалдығымызды сақтаған кездің бәрінде Ехоба игі істеріміз бен қасиеттерімізді ешқашан ұмытпайды. Тіпті мұны ұмытып кетуді әділетсіздік деп қарастырады, ал ол ешқашан әділетсіз әрекет етпейді (Еврейлерге 6:10). Ехоба жүрегімізді басқаша да електен өткізеді.
14, 15. а) Неге біздің кемелсіздігіміз Ехобаның бойымыздағы жақсылықты көруіне еш кедергі болмайды? Мысал келтір. ә) Бойымыздағы жақсы қасиеттерді Ехоба не істейді және ол өзінің адал қызметшілеріне қалай қарайды?
14 Ехоба кемелсіздігімізден әрірек қарап, бізден не күтуге болатынын көреді. Мысалы, бейнелеу өнерін жақсы көретін адамдар қатты бүлінген суреттерді не өзге де заттарды қалпына келтіру үшін көп күш салады. Бірде Лондонның (Англия) Ұлттық галереясындағы Леонардо да Винчидің құны шамамен 30 миллион доллар болатын суретіне бір қаскөй оқ атып жібергенде, ешкімнің басына “енді бүлініп қалды ғой, лақтырып жібере салайық” деген ой келген жоқ. Кідірместен 500-ге жуық жыл бұрын жасалған сол шедеврді қалпына келтіру жұмысы басталып кетті. Неге? Өйткені сол өнерді сүйетін адамдардың көзінде ол — құнды зат. Ал сен бор және күйемен салынған суреттен әлдеқайда артық емессің бе? Мұра еткен кемелсіздік қаншалықты нұқсан келтірмесін, сен Ехобаның көзінде, сөзсіз, бағалысың (Забур 71:12—14). Ехоба Құдай, адамзат отбасының шебер Жаратушысы, өзінің сүйіспеншілігіне лебізін білдіретіндердің барлығын қайтадан кемелділікке жеткізуге қажеттінің бәрін істейді (Елшілердің істері 3:21; Римдіктерге 8:20—22).
15 Иә, Ехоба біздің бойымыздан тіпті өзіміз көре бермейтін жақсылықты көреді. Егер оған қызмет ете берер болсақ, кемелділікке жеткенімізше бойымыздағы жақсылықты өсіре береді. Шайтанның дүниесі бізге қандай баға бермесін, Ехоба өзінің адал қызметшілерін құнды деп есептейді (Нағай 2:7).
Ехобаның сүйіспеншілігі — белсенді қасиет
16. Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігінің ең зор дәлелі қандай және бұл сыйдың жеке әрқайсымызға берілгенін қайдан білеміз?
16 Төртіншіден, бізге деген сүйіспеншілігін дәлелдеу үшін, Ехоба көп нәрсе істеуде. Мәсіхтің төлем құрбандығы Шайтанның бізді түкке тұрғысыз немесе сүюге тұрмайды деген жалған сөзіне берілген ең пәрменді дәлел екендігінде сөз жоқ. Келесі жайтты ешқашан ұмытпағанымыз жөн: Исаның азап шегу бағанасында қатты қиналып өлгені және сүйікті Ұлының өлгенін көргенде, Ехобаның одан бетер қиналғаны — олардың бізге деген сүйіспеншілігінің зор дәлелі. Өкінішке орай, көп адамға осы сыйдың жеке өздері үшін берілгеніне сену қиын. Олар өздерін лайықсыз сезінеді. Алайда елші Пауылдың бастапқыда Мәсіхтің ізбасарларын қудалағанын есіңе түсірші. Сонда да ол: “[Құдайдың Ұлы] мені сүйгендіктен Өзін мен үшін құрбан етті!”— деген (Ғалаттықтарға 1:13; 2:20).
17. Қалай Ехоба бізді Өзіне және Ұлына жақындатып тартты?
17 Ехоба Мәсіхтің құрбандығының игілігін әрқайсымыздың көре алуымызға мүмкіндік беруімен де бізге деген сүйіспеншілігін дәлелдеді. Иса: “Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады”,— деген (Жохан 6:44). Иә, Ехобаның өзі әрқайсымызды Ұлына жақындатып тартып, мәңгілік өмірге деген үміт берді. Қалайша? Ехоба ізгі хабардың жеке бізге уағыздалуы және мүмкіншіліктеріміздің шектеулі екеніне, сондай-ақ кемелсіздігімізге қарамастан, рухани шындықты түсініп, қолдана алуымыз үшін киелі рухымен көмектесуі арқылы бізді өзіне жақындатып тартты. Сондықтан Ехоба Исраилге айтқан сөздерін бізге де айтады: “Мен сені мәңгі өшпес сүйіспеншілігіммен жақсы көріп кеттім және сондықтан да саған рақымымды жаудырдым” (Еремия 31:3).
18, 19. а) Ехобаның өзімізге деген сүйіспеншілігін әсіресе қай кезде сезінеміз және дұғаларымызды Ехобаның өзі тыңдайтыны неден көрінеді? ә) Ехобаның бізді жанашырлықпен тыңдайтыны оның Сөзінен қалай көрінеді?
18 Сөйтсе де өзімізге берілген дұға ету мәртебесін қолданып, Ехобаға көңіліміздегіні ақтарғанда, оның сүйіспеншілігін ерекше сезінсек керек. Киелі кітап әрқайсымызды ‘үздіксіз Құдайға сиынуға’ шақырады (Салониқалықтарға 1-хат 5:17). Ол дұғаларымызды тыңдайды. Ехоба тіпті “дұғаны Тыңдаушы” деп аталады (Забур 65:2, ЖД; [64:3]). Ол мұндай билікті ешкімге, тіпті өзінің Ұлына да, бермеген. Ойлап көрші, бүкіл Әлемді жаратқан Құдай бізді еш тартынбастан өзіне дұға арқылы жақындауға шақырады. Ал ол қандай тыңдаушы? Суық, селқос, мейірімсіз бе? Әлбетте, жоқ!
19 Ехоба жанашыр. Жанашырлық деген не? Егде тартқан бір адал мәсіхші былай деді: “Жанашырлық деген — сенің қасіретіңді менің жүрегімнің сезуі”. Ехоба сенің қасіретіңді шынымен сезіне ме? Исраил халқының басына түскен қасірет жөнінде келесі сөздерді оқимыз: “Олар азап шеккен кездің бәрінде Жаратқан Ие бірге азап шекті” (Ишая 63:9). Ехоба олардың азап шегіп жатқанын көріп қана қойған жоқ, халқына жаны ашыды. Оның сезімінің қаншалықты терең болғаны қызметшілеріне айтқан сөздерінен көрінеді: “Кім сендерге тисе, менің көзімнің қарашығына тигені”b (Зәкәрия 2:8, ЖД). Көздің қарашығына тию — жанға бататын нәрсе ғой! Иә, Ехобаның бізге қатты жаны ашиды. Біздің жанымыз ауырса, оның да жаны ауырады.
20. Римдіктерге 12:3-тегі кеңеске құлақ асып, қандай бұрыс ойдан аулақ болуымыз керек?
20 Парасатты мәсіхші Құдайдың осылай сүйіспеншілік және мәртебе көрсетіп отырғанын ешқашан өзінің өркөкіректігі мен менмендігін ақтаудың себебі деп қарастырмайды. Елші Пауыл былай деп жазған: “Тәңіріміз маған берген рақымға сүйене отырып, әрбіреуіңе айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар! Қайта, Құдай әрқайсыңа үлестірген сенімдеріңнің мөлшеріне сай ойлай отырып, өздеріңді саналы түрде бағалаңдар” (Римдіктерге 12:3, сілтемені қара). Көктегі Әкеміздің сүйіспеншілігінің жылулығын сезінгенде, парасатты болайық, әрі Құдайдың сүйіспеншілігі еңбек сіңіріп лайықты бола алатындай нәрсе емес екенін есте ұсталық (Лұқа 17:10).
21. Шайтанның қандай жалған сөзіне үздіксіз қарсыласуға тиіспіз және Киелі кітаптағы қандай шындықты жүрегімізге ұялата беруіміз керек?
21 Шайтанның бізге қатысты түкке тұрғысыз әрі сүйіспеншілікке лайықсыз деген жалған сөздерімен қоса, оның бар өтірігін жоққа шығару үшін әрқайсымыз қолымыздан келгеннің бәрін істей берелік. Егер өмір өзіңе тіпті Құдайдың шексіз сүйіспеншілігі де асып өте алмайтын алып тау деп қарауға үйретсе немесе игі істеріңнің мардымсыз болғаны сондай, оның бәрін көретін көзі де байқамайды дегенге, я болмаса күнәларыңның ауыр болғаны сондай, аяулы Ұлының қаны да жуа алмайды дегенге үйретсе, онда алданғаның. Жүрегіңді мұндай жалған пікірлерден тазарт! Қайта, рухтың қозғау салуымен Пауылдың жазған сөздерін жүрегімізге ұялата берелік: “Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, жын-перілер де, бүгінгі күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де, не үстіміздегі, не астымыздағы ешқандай күш те, тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!” (Римдіктерге 8:38, 39)
a Киелі кітапта қайта тірілу үміті көп жағдайда Ехобаның есте сақтау қабілетімен байланыстырылады. Адал кісі Әйүп Ехобаға былай деген: “О, ...маған мерзім беріп, сосын мен жайында есіңе алсаң ғой!” (Әйүп 14:13) Иса “есте сақтау қабіріндегілердің бәрі” қайта тірілетінін айтқан. Бұл орынды да, өйткені Ехоба қайта тірілткісі келетін адамдардың бәрін есінде сақтайды, ал оның есте сақтау қабілеті кемелді (Жохан 5:28, ЖД; 29).
b Кейбір аудармалар біреудің Құдай халқына тигені Құдайдың емес, Исраилдің көзіне немесе сол адамның өз көзіне тигеніне тең екеніне нұсқайды. Мұндай қателік кейбір көшірмешілердің аталмыш тармақтағы ойды өрескел деп қарастырып, өзгерткенінің нәтижесінде пайда болған. Олардың бұрыс бағытта күш салғандарының кесірінен Ехобаның жанашырлық сезімінің қаншалықты терең екендігі көмескіленіп қалған.