Үшінші тарау
Құдай Сөзін берік ұстаныңдар
1. а) Құдайдың сөздерінің растығына ежелгі исраилдіктердің көздері қалай жетті? ә) Неліктен бұл бізді қызықтырады?
‘СЕНДЕР болсаңдар шын жүректеріңмен және жан-тәндеріңмен білесіңдер, Тәңір Құдайларыңның сендерге айтқан ізгі сөзінің бірі де бекер болған жоқ; бәрі айтқанындай болды’ (Ешуа 23:14—16). Бұл Ешуаның уәде етілген жерге қоныстанғаннан кейін, Исраил ақсақалдарына айтқан сөздері еді. Иә, Ехоба берген уәделерінің барлығын да толығымен орындады. Бұл жөнінде қазір Киелі кітаптан оқи аламыз. Киелі кітаптағы осы және өзге де мәліметтер ‘үмітімізді үзбеуге’ көмектеседі (Римдіктерге 15:4).
2. а) Киелі кітап “Құдай Рухының жетелеуімен жазылған” деген нені білдіреді? ә) Киелі кітаптың Құдай рухымен жазылғанын білгеніміз бізге қандай жауапкершілік жүктейді?
2 Киелі кітапты 40-қа жуық адам жазғанымен, оның авторы — Ехобаның өзі. Бұл Ехоба әрбір кітаптың жазылуын тікелей өзі басқарып отырған дегенді білдіре ме? Иә. Ол мұны өзінің киелі рухы, яғни әрекет етуші күші, арқылы жаздырған. Бұл туралы елші Пауыл былай деп жазған: ‘Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылған... осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ’. Осыған көзі жеткендер Киелі кітапта жазылғандарға ден қойып, оның ілімдеріне сай өмір сүреді (2 Тімотеге 3:16, 17; 1 Салониқалықтарға 2:13).
Өзгелердің Киелі кітапты түсінуіне әрі бағалай білуіне көмектесіңдер
3. Киелі кітаптың Құдай Сөзі екендігіне күмәнданатындарға көмектесудің ең жақсы жолы қандай?
3 Сөйлескен адамдарымыздың көпшілігі Киелі кітаптың Құдай Сөзі екендігіне күмәнданады. Оларға қалай көмектесе аламыз? Жиі мұның ең жақсы жолы — Киелі кітапты ашып, оның ішінде не жазылғанын көрсету. “Себебі Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзі өткір семсердің қайсысынан да өткір... ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды” (Еврейлерге 4:12). “Құдай Сөзі” қазіргі уақытқа маңызы жоқ жай ғана тарих емес. Киелі кітаптағы уәделердің орындалатын уақыты жақындап келеді және олардың жүзеге асуына ештеңе де кедергі бола алмайды. Біздің сөзімізге қарағанда, Киелі кітаптағы хабар адамның жүрегіне әлдеқайда күшті әсер етеді.
4. Киелі кітаптағы қандай шындықтар адамдардың оған деген көзқарасын өзгертті және неліктен?
4 Көп адамдар Киелі кітаптан Құдайдың есімін көргенде, оны тереңірек зерттеуді қолға алды. Ал өзгелері өмірдің мағынасы неде екендігін, Құдайдың зұлымдыққа неге жол беріп отырғанын, сондай-ақ болып жатқан оқиғалардың мәнісін немесе жер бетінде жұмақта өмір сүре алу үміті бар екенін көрсеткенде, Киелі кітапты зерттеуді шешті. Кейбір елдерде діни әдет-ғұрыптардың кесірінен адамдарды зұлым рухтар мазалайды. Міне, осындай адамдар осыған қатысты Киелі кітаптың көзқарасын, сондай-ақ одан қалай құтылудың жолын білгенде, олардың қызығушылықтары оянды. Неліктен осы сияқты мәліметтер ақ ниетті адамдарға қатты әсер етеді? Себебі Киелі кітап — барлық өмірлік маңызы зор сұрақтардың жауаптары бар жалғыз ғана сенімді мәлімет көзі (Забур 118:130).
5. а) Кейбіреулердің Киелі кітапқа сенбеуінің себебі не болуы мүмкін? ә) Мұндай адамдарға қалай көмектесе аламыз?
5 Ал егер адамдар Киелі кітапқа сенбейміз десе ше? Онда олармен әңгімелесуді доғару керек пе? Егер олар қисынды ой түзуге дайын болса, онда әңгімені жалғастырған жөн. Бәлкім олар Киелі кітапты христиан әлемінікі деп есептейтін шығар. Христиан әлемі — екіжүзділігімен, саясатқа араласу, үнемі ақша талап ету сияқты жаман қылықтарымен әйгілі. Бұл адамдардың Киелі кітапқа теріс қарауына себеп болуы мүмкін. Мұны неге сұрап білмеске? Егерде христиан әлемінің істерін Киелі кітап айыптайтынын, сондай-ақ шынайы мәсіхшілер мен христиан әлемінің арасындағы айырмашылықты көрсетсе, олар қызығуы мүмкін (Миха 3:11, 12; Матай 15:7—9; Жақып 4:4).
6. а) Киелі кітаптың Құдай Сөзі екендігіне сенің көзіңді жеткізген не нәрсе? ә) Киелі кітаптың шынында да Құдайдан екендігін өзгелерге түсіндіру үшін қандай дәлелдер келтіруге болады?
6 Кейбіреулерге Киелі кітаптың Құдай рухының жетелеуімен жазылғандығының көз жеткізерлік дәлелдері әсер етуі мүмкін. Киелі кітаптың Ехоба Құдайдан екендігіне сенің көзіңді жеткізген нәрсе не? Бәлкім Киелі кітаптың өзі жайлы айтқандары болар? Әлде адам айта алмайтын, келешек туралы егжей-тегжейлі жазылған көптеген пайғамбарлықтар ма? (2 Петір 1:20, 21). Мүмкін 1 600 жыл бойы 40-қа жуық адам жазғанына қарамастан, Киелі кітаптың сөздерінің бір-бірімен үйлесімділігі болар? Не сол кездегі өзге еңбектер сияқты емес, ғылымға сәйкес келуі ме? Әлде оны жазушылардың өздері туралы ашық жазғаны ма? Бәлкім, жоюға қанша тырысқандарына қарамастан, сақталып қалғандығы болар? Қалай болған күнде де, сенің көзіңді жеткізген нәрсе өзгелердің де көзін жеткізуі мүмкінa.
Киелі кітапты оқу — өте маңызды
7, 8. а) Киелі кітапты не істеуіміз керек? ә) Киелі кітапты өз бетімізше оқумен қатар бізге не қажет? б) Ехобаның ниеттерін қалай түсіндің?
7 Өзгелердің Киелі кітапқа сенулеріне көмектесе отырып, өзіміз оны үнемі оқуға уақыт бөлуіміз керек. Сен осылай етіп жүрсің бе? Киелі кітап — бұрын-соңды басылып шыққан кітаптардың ішіндегі ең маңыздысы. Алайда бұл Киелі кітапты өз бетімізше үйде оқысақ болды, басқа еш нәрсенің қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Жазбалар өзгелерден оңашаланбауды ескертеді. Барлық сұрақтарға жауаптарды өзіміз тауып аламыз деп ойламау керек. Жеке зерттеумен қатар Құдай халқының қауым кездесулеріне үнемі қатысу — байсалды мәсіхші болуға өте қажет (Нақыл сөздер 18:1; Еврейлерге 10:24, 25).
8 Мысал ретінде, Ишаяның пайғамбарлығын оқып отырған эфиопиялық уәзірмен болған жағдайды қарастырайық. Бір періштенің айтуымен ізгі хабарды жариялаушы Філіп одан: “Оқығаныңыз түсінікті ме?” — деп сұрады. Ол кішіпейілділікпен: “Біреу түсіндірмесе, қайдан түсінейін?” — деп жауап беріп, Філіптен Жазбалардан оқыған үзіндісін түсіндіріп беруді өтінді. Філіп болса өз ойынша түсіндірген жоқ, себебі ол Киелі кітапты өз бетінше оқып қана қоймай, Құдайдың көзге көрінетін ұйымымен тығыз байланыста болатын. Міне, сондықтан да ол Ехобаның осы ұйымы арқылы берген тәлімінің арқасында эфиопиялыққа көмектесе алды (Елшілердің істері 6:5, 6; 8:5, 26—35). Бүгінгі күні де ешкім өз бетінше Ехобаның ниеттерін дұрыс түсіне алмайды. Бәріміз де Ехобаның сүйіспеншілікпен өзінің көзге көрінетін ұйымы арқылы беріп жатқан көмегіне мұқтажбыз.
9. Киелі кітапты оқудың қандай бағдарламасы бәрімізге пайдалы?
9 Киелі кітапты түсіну үшін, Ехобаның ұйымы бізді керемет рухани әдебиеттермен қамтамасыз етіп отыр. Бұдан басқа, дүние жүзі бойынша Теократиялық қызмет мектебінің бағдарламасы бойынша Ехоба Куәгерлерінің кездесуінде қарастырылатын Киелі кітапты оқу кестесі бар. Киелі жазбаларды жеке зерттегеннің де орасан зор пайдасы бар (Забур 1:1—3; 18: 8, 9). Киелі кітапты үнемі оқуға барынша күш салыңдар. Бәрін түгел түсінбесеңдер де, Киелі кітап туралы жалпы мәлімет алғандарыңның өзі де пайдалы. Мысалы, күніне төрт-бес беттен оқығанның өзінде, бір жыл ішінде Киелі кітапты толығымен оқып шығуға болады.
10. а) Киелі кітапты қай кезде оқисың? ә) Киелі кітапты кіммен бірге оқуға болады және үзбей оқыған неліктен маңызды?
10 Киелі кітапты оқуға қалай уақыт табуға болады? Күніне 10—15 минут уақыт бөлгеннің өзі зор пайдасын тигізеді. Егер бұлай істей алмасаңдар, онда әрбір аптаға Киелі кітапты оқу кестесін құрып, оны ұстаныңдар. Ерлі-зайыптылар бір-біріне оқып берулеріне болады. Ал егер отбасында оқи алатын балалар бар болса, онда олар кезек-кезек дауыстап оқыса болады. Киелі кітапты оқу тамақ ішу сияқты өмірлік маңызы зор әдет болу керек. Дұрыс тамақтанбаудың денсаулыққа зиян екендігі бәрімізге белгілі. Сол сияқты рухани күйіміз, сәйкесінше мәңгілік өміріміз, ‘Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен’ үнемі тамақтанып отыруымызға байланысты (Матай 4:4).
Киелі кітапты оқудағы мақсатымыз
11. Киелі кітапты қандай мақсатпен оқуымыз керек?
11 Киелі кітапты қандай мақсатпен оқуымыз керек? Жай белгіленген беттерді оқып шықсақ болды деген көзқарас дұрыс емес. Біз Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді арттырып, оған ұнамды ғибадат ету үшін, оны жақсырақ білу үшін оқуымыз керек (Жохан 5:39—42). Біздің көзқарасымыз “Уа, Тәңір, маған жолдарыңды көрсетіп, Өзіңнің ақ жолыңмен жүруді үйретші” деп жырлаған Забур жыршысынікіндей болу керек (Забур 24:4).
12. а) Неліктен “тура білім” алу қажет және оны алу үшін қандай күш салу керек? ә) Киелі кітапты оқу барысында қандай төрт бөлімнің үстінен ой жүгірткеніміз пайдалы? (30-беттегі қоршауды қара). б) Абзацта келтірілген сұрақтарды қолдана отырып, осы бөлімдердің үстінен ой жүгіртіңдер. Көрсетілген, бірақ келтірілмеген барлық Жазба орындарын қарап шығыңдар.
12 Ехобаның тәлімін ала отырып, “тура білім” алуға талпынуымыз керек. Мұнсыз Құдай Сөзін өмірімізде дұрыс басшылыққа ала алмаймыз және өзгелерге де дұрыс түсіндіре алмаймыз (Қолостықтарға 3:10; 2 Тімотеге 2:15). Тура білім алғымыз келсе, Киелі кітапты мұқият оқуымыз керек. Түсініксіздеу жерлерін ұғыну үшін бірнеше рет оқуға тура келер. Сондай-ақ оқығанымыздың үстінен ой жүгірткеніміз және оны жан-жақты қарастырғанымыз өте пайдалы. Бұған 30-бетте келтірілген маңызды төрт бөлімдегі ойлар көмектесуі мүмкін. Киелі кітапты оқу барысында осылардың біреуінің немесе бірнешеуінің үстінен ой жүгірткеніміздің пайдасы зор. Мұны қалай істеуге болатынын келесі беттерде келтірілген сұрақтарға жауап беру барысында көресіңдер.
1) Жазбалардан оқығандарымыз жиі Ехобаның қандай да бір қасиеті туралы айтады. Мысалы, Забур 138:13, 14-тен Құдайдың әлі туылмаған балаға қандай қамқорлықпен қарайтынын білеміз: “Сен іш құрылысымды қалыптастырдың, ана құрсағында мені жараттың. Тамаша жаралдым, Сені мақтаймын, керемет ғажап — жасаған істерің, мұны мен шын жүректен мойындаймын”. Ехоба барлығын да қандай ғажайып жаратқан! Адам баласының қалай жаратылғаны Құдайдың бізге деген орасан зор сүйіспеншілігін паш етеді.
Жохан 14:9, 10 тармақтардан Исаның адамдарға қалай қарағанын оқи отырып, Ехобаның өзі қалай әрекет ететінін көруімізге болады. Осыны ескере отырып, Лұқа 5:12; 13 және 7:11—15 жазылған оқиғалардан Ехоба жайлы не білеміз?
2) Жазылған хабарлар Киелі кітаптың негізгі тақырыбымен, яғни Иса Мәсіхтің, уәде етілген Ұрпақтың, қолындағы Патшалық арқылы Ехобаның билігін ақтау және оның есімін киелі етуімен, қалай байланысты екенін ойланып көр.
Езекиел мен Даниял кітабында Киелі кітаптың негізгі тақырыбына қалай ерекше көңіл бөлінген? (Езекиел 38:21—23; Даниял 2:44; 4:17; 7:9—14).
Киелі кітап Исаның уәде етілген Ұрпақ екендігін қалай анық көрсетеді? (Ғалаттықтарға 3:16).
Аян кітабында Құдай Патшалығы туралы тақырыптың шарықтау шегі қалай сипатталады? (Аян 11:15; 12:7—10; 17:16—18; 19:11—16; 20:1—3; 21:1—5).
3) Өзіңнен оқығандарыңның саған қандай қатысы бар екендігін сұра. Мысалы, Мысырдан шығудан Заңды қайталауға дейін исраилдіктердің жасаған азғындықтары мен бүлікшіл рухы туралы оқимыз. Мұндай көзқарас пен іс-әрекеттердің нәтижесі жаман болғандығын білеміз. Біз олардың жаман үлгісіне еліктемей, Ехобаға ұнамды болуға тырысқанымыз жөн. “Солардың бастарынан кешкендері өзгелерге үлгі болып, бізге ескерту ретінде жазылып қалдырылды. Себебі осы заманның соңғы кезеңінде өмір сүрудеміз” (1 Қорынттықтарға 10:11).
Қабылдың Әбілді өлтіргені туралы әңгімеден қандай сабақ аламыз? (Жаратылыс 4:3—12; Еврейлерге 11:4; 1 Жохан 3:10—15; 4:20, 21).
Көкте өмір сүруге үміті бар мәсіхшілерге берілген Киелі кітаптағы кеңестердің жерде мәңгі өмір сүретіндерге де қатысы бар ма? (Руларды санау 15:16; Жохан 10:16).
Қауымдағылар біз туралы жақсы ойда болғанымен, неліктен Киелі кітаптағы өзімізге таныс тармақтарды одан әрі қарай жақсырақ қолдану туралы ойлануымыз керек? (2 Қорынттықтарға 13:5; 1 Салониқалықтарға 4:1).
4) Оқығандарыңды өзгелерге көмектесу үшін қалай қолдануға болатынын ойлан. Барлық адамдарды денсаулық мәселесі қызықтырады, олай болса, оларға Киелі кітаптан Исаның жер бетінде болған кезде не істегені, сондай-ақ келешекте көктегі Патшалықтың Патшасы ретінде үлкен көлемде қандай істер атқаратындығы жөнінде оқып беруімізге болады: “Қасына қарақұрым халық жиналып, сал болғандар, соқырлар, мылқаулар, мүгедектер және басқа да көптеген ауру-сырқауларды алып келіп... Иса оларды сауықтырып жіберді” (Матай 15:30).
Исаның Жайырдың қызын қайта тірілткені кімдерге жұбаныш болуы мүмкін? (Лұқа 8:41, 42, 49—56).
13. Киелі кітапты Ехобаның ұйымымен бірге үнемі оқып және зерттегеніміздің нәтижесі қандай болуы мүмкін?
13 Киелі кітапты оқу барысында осы жоғарыда аталып өткен төрт бөлімнің үстінен ой жүгірткеніміздің пайдасы қандай орасан зор! Иә, Киелі кітапты оқу — оңай іс емес. Алайда бұның бізге өмірлік пайдасы бар, өйткені Жазбаларды оқығанда біз рухани нығая түсеміз ғой. Киелі кітапты үнемі оқудың арқасында сүйікті Әкеміз Ехобаға және мәсіхші бауырластарымызға жақындай түсеміз. Бұл бізге “шынайы өмірге жеткізетін Құдай сөзін берік ұстаныңдар” деген кеңеске құлақ асуымызға көмектеседі (Філіпіліктерге 2:16, ЖД).
[Сілтемелер]
a Киелі кітапқа не үшін сенуге болатындығын білу үшін, Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Жалпыға арналған кітап” деп аталатын брошюраны қара.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Киелі кітап не үшін жазылып, біздің күнімізге дейін сақталған?
• Өзгелердің Киелі кітапты түсінуіне әрі бағалай білуіне қалай көмектесе аламыз?
• Киелі кітапты өз бетімізше үнемі оқығанның қандай пайдасы бар? Оқығандарымыздың үстінен ой жүгірткенде, қандай төрт бөлімді ескергеніміз жөн?
[30-беттегі сурет]
КИЕЛІ КІТАПТЫ ОҚУ БАРЫСЫНДА МЫНАЛАРДЫҢ ҮСТІНЕН ОЙ ЖҮГІРТ:
Ехоба жайлы не айтады
Киелі кітаптың негізгі тақырыбымен қандай байланысы бар
Менің өміріме қандай қатысы бар
Өзгелерге көмектесу үшін қалай қолдануға болады