39-ТАРАУ
Құдай өз ұлын қайта тірілтті
ДОСЫ Елазар қайтыс болғанда, Иса көзіне жас алған еді. Ал Исаның өзі азапталып өлтірілгенде, бұл Ехобаның жанына батты ма, қалай ойлайсың? ~ Киелі кітапта Құдайдың “қайғыратыны”, тіпті “жаны ауыратыны” айтылған (Забур 77:40, 41; Жохан 11:35).
Ендеше, сүйікті Ұлының өлгені Құдайға қаншалықты ауыр тиді деп ойлайсың? ~ Өзін Құдай ешқашан ұмытпайтынына Иса сенімді болған. Сондықтан ол өлер алдында Құдайға: “Әке, [өмірімді] өз қолыңа тапсырдым”,— деген (Лұқа 23:46).
Иса өзінің қайта тірілетінін, яғни “молада” ұзақ жатпайтынын білген. Киелі кітапта бұл алдын ала айтылған еді. Иса қайта тірілгенде, Петір сол сөздерді есіне түсіріп: “[Иса] молада қалдырылмайды және тәні шірімейді”,— деген (Елшілердің істері 2:31; Забур 15:10). Шынында да, Исаның денесі шіріп, иістеніп үлгерген жоқ.
Иса шәкірттеріне өзінің “өлтірілетінін, бірақ үшінші күні қайта тірілетінін” айтқан болатын. Осылайша оларға өзінің молада ұзақ уақыт жатпайтынын түсіндірген (Лұқа 9:22). Сондықтан шәкірттер Исаның қайта тірілгеніне таңғалмаулары керек еді. Бірақ солай болды ма? ~ Кел, қазір соны білейік.
Ұлы Ұстаз жұма күні, шамамен түскі сағат үште қайтыс болды. Жүсіп есімді бай кісі Жоғарғы кеңестің мүшесі болса да, Исаға сенетін, бірақ мұнысын жасыратын. Ол Исаның өлгенін білгенде, римдік әкім Пилаттың алдына барды. Пилаттан Исаның денесін бөренеден түсіріп, жерлеуге рұқсат алды. Сосын, Жүсіп Исаның денесін бақтың ішіндегі қабірге әкелді. Бұл өлгендерді жерлейтін үңгір еді.
Исаның денесін қабірге қойған соң, үңгірдің аузын үлкен таспен жапқызды. Содан үш күн өтті. Қазір жексенбі, таң атпаған мезгіл, дала әлі қараңғы. Үңгірдің аузын кісілер күзетіп тұр. Оларды жоғарғы діни қызметкерлер қойған еді. Неге екенін білесің бе? ~
Исаның қайта тірілемін деп айтқанын діни қызметкерлер де естіген. Сондықтан шәкірттер денесін ұрлап алып, Иса қайта тірілді деп айтпас үшін, олар күзет қойған болатын. Бір уақытта жер сілкінді. Қараңғы далада жарық пайда болды. Бұл Ехобаның періштесі еді. Мұны көрген сарбаздар қорықаннан қалшиып тұрып қалды. Періште үңгірдің аузына келіп, тасты шетке жылжытты. Қабірдің іші бос еді!
Иә, кейінірек елші Петір айтқандай, “Құдай Исаны қайта тірілтті” (Елшілердің істері 2:32). Бірақ Құдай оны рухани денемен қайта тірілткен еді. Демек, оның денесі жерге келмей тұрған кездегідей, яғни періштенікі сияқты болды (Петірдің 1-хаты 3:18). Енді адамдарға көріну үшін, Исаға адами дене қажет. Қалай ойлайсың, ол өзіне осындай дене жасап алды ма? ~ Соны көрейік.
Күн шығып қалған. Сарбаздар қорқып, қабірдің жанынан қашып кеткен. Мағдала деп аталатын Мәриям мен Исаға шәкірт болып ерген басқа әйелдер қабірге келе жатты. Жол-жөнекей олар өзара: “Қабірдің аузындағы тасты домалатып, бізге кім ашып береді екен?”— десті (Марқа 16:3). Қабірге келгенде, оның аузы ашық тұрғанын көрді. Ал ішіне кірсе, қабір бос! Исаның денесі жоқ! Сонда Мәриям тез арада Исаның елшілерін табу үшін, жүгіріп кетті.
Басқа әйелдер болса қабірдің жанында қалды. Олар Исаның денесі қайда екен деп таңғалысып тұрған. Кенет қастарында аппақ киімді екі кісі пайда болды. Бұлар періштелер еді. Періштелер әйелдерге: “Исаны неге бұл жерден іздеп жүрсіңдер? Ол қайта тірілді. Тезірек барып, осыны шәкірттеріне айтыңдар”,— деді. Сонда әлгі әйелдер жүгіре жөнелді. Жолда олар бір кісіге кезікті. Оның кім екенін білесің бе? ~
Бұл Иса еді. Ол өзіне адами дене жасап алған. Иса да әйелдерге: “Шәкірттеріме барып, көргендеріңді айтыңдар”,— деді. Әйелдер қатты қуанып кетті. Шәкірттерді тауып, оларға: “Иса тірі! Біз оны көрдік!”— деді. Бұрынырақ келген Мәриям да Петір мен Жоханға қабірдің іші бос екенін айтқан. Енді мұны өз көздерімен көру үшін, олар қабірге келді. Қарашы, суретте олар Исаның денесін ораған матаны ұстап, не ойларын білмей тұр. Исаның тірі екеніне сенбейін десе, денесі қабірде жоқ. Ал сенейін десе, бұл тым керемет жағдай болып тұр.
Сол күні Иса Еммаус ауылына кетіп бара жатқан екі шәкіртіне де көрінді. Иса олармен сөйлесіп, біраз жерге дейін ілесті. Бірақ шәкірттер оны танымады, өйткені Иса басқа денемен көрінген еді. Иса олармен бірге тамаққа отырып, дұға айтқанда ғана шәкірттер оны таныды. Сонда олар қатты қуанып, Иерусалимге асығыс жүріп кетті. Содан көп ұзамай болса керек, Иса өзінің тірі екенін білдіру үшін Петірге де көрінді.
Сол күні кешке көп шәкірт жиналып, бір бөлмеде отырған. Есік құлыптаулы еді. Кенет бөлменің ішінде Иса пайда болды. Сонда Ұлы Ұстаздың қайта тірілгеніне шәкірттердің көздері жетті. Олардың қалай қуанғандарын көзіңе елестетші (Матай 28:1—15; Лұқа 24:1—49; Жохан 19:38—20:21).
Осылайша Иса 40 күн бойы түрлі денеде шәкірттеріне көрініп, қайта тірілгенін білдіріп жүрді. Сосын, ол жер бетінен кетіп, көктегі Әкесінің қасына оралды (Елшілердің істері 1:9—11). Көп ұзамай шәкірттер барша жұртқа Құдай Исаны өлімнен қайта тірілткенін айта бастады. Сол үшін діни қызметкерлер оларды ұрып-соқты, тіпті кейбіреулерін өлтірді. Бірақ шәкірттер уағыздауды тоқтатқан жоқ. Өйткені өліп кетсе де, Құдай өздерін ұмытпайтынын білді. Исаны қалай тірілтсе, өздерін де солай тірілтетініне сенді.
Алайда бүгінде көп адам Исаның ертедегі шәкірттері сияқты емес. Кейбір елдерде адамдар жыл сайын Исаның қайта тірілгенін тойлап, жұмыртқа бояйды, арнайы нан пісіреді немесе қоянға ерекше көңіл бөледі. Бірақ Киелі кітапта бұлай істеу керек деп айтылмаған. Ол жерде тек Құдайға қызмет етуіміз қажет екені жазылған.
Исаның шәкірттері сияқты, біз де адамдарға Құдай өз Ұлын тірілткені жайында айтамыз. Кейбіреулер бізді тіпті сол үшін өлтіреміз десе де, қорықпауымыз керек. Өйткені өліп кетсек, Ехоба бізді де ұмытпай, қайта тірілтеді.
Сонымен Құдай өзіне қызмет ететін адамдарды ұмытпайды, оларды қайта тірілтеді. Осыны білгеніңе қуаныштысың ба? ~ Ендеше, бізге де Құдайды қуантатын нәрселер істеу керек. Ал оны қалай қуантуға болатынын білесің бе? ~ Бұл туралы келесі тарауда оқимыз.
Исаның қайта тірілгенін білгеніміз үмітімізді және сенімімізді нығайтады. Осы жайлы оқып көрейік: Елшілердің істері 2:22—36; 4:18—20 және Қорынттықтарға 1-хат 15:3—8, 20—23.