20-ТАРАУ
Иса Мәсіхтің өлімге кесілуі
Иса жаңа мейрам енгізді. Оған сатқындық жасалды. Бөренеге шегелеп өлтірілді.
ҮШ ЖАРЫМ жыл бойы уағыздап, халыққа тәлім беріп келген Иса жердегі қызметінің аяқталуға жақын қалғанын білді. Яһуди дінбасылары оны өлтіруді ойлады, алайда Исаны пайғамбар санаған халықтан қорықты. Сол арада Шайтан Исаның 12 елшісінің бірі Яһуда Исқариотқа сатқындық жасауға түрткі болды. Дінбасылары Яһудаға Исаны ұстап беруі үшін 30 күміс теңге ұсынды.
Жердегі қызметінің соңғы түні Иса Құтқарылу мейрамын тойлау үшін елшілерімен бірге бас қосты. Яһуда кеткеннен кейін, ол жаңа мейрам — Иеміздің кешкі асын енгізді. Иса қолына бір үзім нан алып, дұға айтты да, қалған 11 шәкіртіне беріп жатып: “Бұл — сендер үшін құрбандыққа берілмек денем. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!”— деді. Содан кейін шарап құйылған тостағанды алып: “Мына тостаған сендер үшін төгілмек қаныммен бекітілген Жаңа келісім”,— деді (Лұқа 22:19, 20).
Исаның сол түні елшілеріне айтары көп еді. Ол бір-біріне риясыз сүйіспеншілік танытуға қатысты оларға жаңа өсиет берді. Иса: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деді (Жохан 13:34, 35). Иса елшілерін алдағы қайғылы жағдайды ойлап, абыржымауға шақырды, сондай-ақ олар үшін жан-тәнімен дұға етті. Сосын, олар мадақ әндерін айтып, түн жамыла Гетсимани бағына қарай жүрді.
Бақтың ішінде Иса тізерлеп тұрып, Құдайға ынты-шынтысымен дұға айтты. Көп ұзамай Исаны тұтқындауға арасында діни қызметкерлер мен қаруланған сарбаздар бар бір топ адам келді. Исаны өзгелерден айыру үшін Яһуда оның қасына жақындап келіп, бетінен сүйді. Сарбаздар Исаны тұтқынға алды, ал елшілері қашып кетті.
Иса яһудилердің жоғарғы сотының алдында тұрып, өзінің Құдай Ұлы екенін айтты. Сот оны Құдайды қорлады деп айыптап, өлім жазасына кесілу керек деп шешті. Кейіннен Иса римдік әмірші Понти Пилатқа жеткізілді. Ол Исаны жазықсыз деп тапты, алайда оны өлтіруді талап еткен қалың тобырдың айтқанына көнді.
Исаны Ғолғота деген жерге алып барған соң, римдік сарбаздар оны бөренеге шегеледі. Тал түсте бүкіл жерді қараңғылық басты. Біраз уақыттан соң Иса өлді, сонда қатты жер сілкінісі болды. Оның мәйіті жартастан үңгіп жасалған қабірге қойылды. Келесі күні діни қызметкерлер қабірдің аузындағы тасты мөрмен бекітіп, алдына күзет қойды. Иса қабірде қала берді ме? Жоқ. Алда кереметтердің кереметі болмақ еді.
Матай 26, 27-тарауларға, Марқа 14, 15-тарауларға, Лұқа 22, 23-тарауларға және Жохан 12—19 тарауларға негізделген.
a Исаның өлім құрбандығының құндылығы жайлы мәліметті “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 5-тарауынан табуға болады.