7-БӨЛІМ
Баланы — жастан
“Мен бүгін бұйырған осы сөздер жүрегіңнен орын алсын. Оларды балаларыңның құлағына құй” (Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7).
Отбасы атаулыға бастау берген Құдай ата-аналарға бала тәрбиелеу жауапкершілігін жүктеген (Қолостықтарға 3:20). Сондықтан ата-ана ретінде сіз балаңызды Құдайды жақсы көруге үйретуіңіз және жауапты азамат болып өсуіне көмектесуіңіз қажет (Тімөтеге 2-хат 1:5; 3:15). Сондай-ақ ұл-қызыңыздың көңілінде не жатқанын түсінуді үйреніңіз. Әрине, балаға өзіңіздің үлгі көрсеткеніңіз аса маңызды. Құдай Сөзін балаңыздың санасына ұялату үшін, ол алдымен өз жүрегіңізден орын алу керек (Зәбүр 40:8).
1. БАЛАҢЫЗ ӨЗ ОЙЫН ЕРКІН АЙТА АЛСЫН
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? “Әркім тыңдауға жүйрік, сөйлеуге... баяу болсын”,— делінген Киелі кітапта (Жақып 1:19). Кез келген ата-ана баласының өздерімен еркін сөйлесе алғанын қалайтыны айтпаса да түсінікті. Бұл үшін балалар ата-анасының әрдайым тыңдауға дайын екенін сезінулері қажет. Олар ішіндегілерін ашық айта алу үшін, үйде тыныштық болуына қам жасаңыз (Жақып 3:18). Егер қатал не бірден ұрсып шыға келсеңіз, олардың сізге өз ойын ашық айтуы екіталай. Балаларға шыдамды болыңыз, оларды жақсы көретініңізді жиі айтып отырыңыз (Матай 3:17; Қорынттықтарға 1-хат 8:1).
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
Балаларыңыз сізбен сөйлескісі келгенде, тыңдауға дайын болыңыз.
Балаларыңызбен қиындықтар болғанда ғана емес, күнде сөйлесіп тұрыңыз.
2. СӨЗ ТӨРКІНІНЕ ҮҢІЛІҢІЗ
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Құдай Сөзінде: “Мәселенің байыбына баратын табысқа жетеді”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 16:20). Балаларыңыздың шынайы сезімдерін түсіну үшін, олардың айтқан сөздерінің астарына үңіле біліңіз. Түймедейді түйедей қылу не ойындағысын басқаша жеткізу — жастарға тән нәрсе. “Мән-жайды тыңдамай жатып жауап қайтару — ақымақтық”,— делінген Киелі кітапта (Нақыл сөздер 18:13). Сондықтан тез ашуға берілмеңіз (Нақыл сөздер 19:11).
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
Балаңыз не айтпасын, оның сөзін бөлмеңіз және күйіп-піспеңіз.
Оның жасында өзіңіздің қандай болғаныңызды, сіз үшін ненің маңызды болғанын еске түсіріңіз.
3. ЕКІ ЖАҚҚА ТАРТПАҢЫЗДАР
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Онда: “Балам, әкеңнің тәрбиесіне құлақ ас, анаңның тәлімінен де бас тартпа”,— делінген (Нақыл сөздер 1:8). Құдай әкеге де, шешеге де баланың үстінен билік берген. Балаларыңызды өздеріңізді құрметтеуге және тіл алуға үйретіңіздер (Ефестіктерге 6:1—3). “Ойларыңыз бен пікірлеріңіз бірдей” болмай, бөлініп жатса, екі жаққа тартпаңыздар. Өйткені мұндайды балалар дереу сезіп қояды (Қорынттықтарға 1-хат 1:10). Қандай да бір мәселеде келіспей жатсаңыздар, мұны балалардың көзінше ашық көрсетпеген дұрыс. Себебі бұл ата-ананың беделін түсіруі мүмкін.
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
Бала тәрбиесіне қатысты ашық сөйлесіп, бір тоқтамға келіңіздер.
Ойларыңыз бір жерден шықпай жатса, жарыңыздың көзқарасын түсінуге тырысыңыз.
4. ЖАҚСЫЛАП ОЙЛАСТЫРЫҢЫЗ
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? “Баланы тәрбиелеп, тура жолға сал”,— делінген Құдай Сөзінде (Нақыл сөздер 22:6). Жақсы тәлім-тәрбие өздігінен келетін жайт емес. Сондықтан ата-аналар балаларын қалай тәрбиелейтіндерін жақсылап ойластырып алу керек. Тәрбиелеуге баланы жөнге салып отыру да жатады (Зәбүр 127:4; Нақыл сөздер 29:17). Алайда жөнге салу тек жазалауды ғана білдірмейді. Балалар тәртіп ережелерінің не үшін орнатылғанын түсіну керек (Нақыл сөздер 28:7). Сонымен қатар оларға Құдай Сөзін жақсы көруді үйретіп, ондағы принциптерді түсіндіру керек (Зәбүр 1:2). Бұл оларға таза ар-ұжданға ие болуға көмектеседі (Еврейлерге 5:14).
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
Балаларыңызға Құдайдың тірі Тұлға екенін әрі оған сенім арту маңызды екенін түсінуге көмектесіңіз.
Оларға құлықтылық жағынан ғаламтор мен әлеуметтік желілер қандай қауіп төндіретінін көре білуді үйретіңіз. Сондай-ақ бала зорлаушылардан қалай сақтануға болатынын түсіндіріңіз.