7-ТАРАУ
Исаға жұлдызжорамалшылар келді
ЖҰЛДЫЗЖОРАМАЛШЫЛАР “ЖҰЛДЫЗДЫ” БЕТКЕ АЛЫП ИЕРУСАЛИМГЕ, СОСЫН ИСАҒА КЕЛДІ
Шығыстан жүздеген шақырым жол жүріп Иерусалимге бірнеше кісі келді. Бұлар жұлдыздардың орналасуы адам өміріне әсер етеді деген сеніммен болжам жасайтын жұлдызжорамалшылар еді (Ишая 47:13). Жаңа “жұлдыздың” пайда болғанын көргенде, олар соны бетке алып, Бетлехемге емес, Иерусалимге келді.
Қалаға келген бойда жұлдызжорамалшылар: “Яһудилердің жаңа туылған патшасы қайда?”— деп жұрттан сұрастырды. Сосын мұның себебін түсіндіріп: “Шығыста біз оның жұлдызын көріп, оған тағзым етуге келдік”,— деді (Матай 2:1, 2).
Мұны Иерусалимнің патшасы Ирод естігенде, қатты абыржыды. Ол елдің жоғарғы діни қызметкерлері мен басқа да дінбасыларын шақырып, Мәсіхтің қай жерде туылатынын сұрады. Олар Жазбаларға негіздеп: “Бетлехемде”,— деп жауап берді (Матай 2:5; Миха 5:2). Сонда Ирод жұлдызжорамалшыларды жасырын шақыртып алып, оларға: “Барып, баланы мұқият іздеңдер. Оны тапқан соң, маған хабарлаңдар. Мен де барып, оған тағзым етейін”,— деді (Матай 2:8). Бірақ Иродтың ниеті нәрестені өлтіру еді!
Жұлдызжорамалшылар жолға шыққанда, бір таңғажайып құбылыс орын алды. Олардың шығыста болғанда көрген “жұлдызы” алдарында жылжып отырды. Оның кәдімгі жұлдыз емес екені, жұлдызжорамалшыларға жол көрсету үшін пайда болғаны анық. Жұлдыз Жүсіп пен Мәриям тұрып жатқан үйдің үстіне барып тоқтағанша, олар соған ілесіп отырды.
Жұлдызжорамалшылар үйге кіргенде, Мәриям мен нәрестені көрді. Сосын жерге жығылып нәресте Исаға тағзым етті де, әкелген алтындарын, ладан мен мүр атты хош иісті заттарын сый-тарту ретінде ұсынды. Кейін Иродқа оралмақ болғанда, түстерінде Құдайдан ескерту алды. Сол себепті олар елдеріне басқа жолмен қайтып кетті.
Жұлдызжорамалшыларға “жұлдыз” арқылы бағыт берген кім деп ойлайсыз? Байқасаңыз, “жұлдыз” оларды тікелей Бетлехемге емес, Иерусалимге бағыттады. Ал сол қалада жұлдызжорамалшылар Исаны өлтіргісі келетін Ирод патшамен кездесті. Егер Құдай оларға Исаның қайда екенін айтпауды ескертпегенде, Ирод зұлым ниетін іске асырар еді. Демек, “жұлдыз” арқылы жол көрсетіп, Исаны өлтірмек болған Құдайдың жауы — Шайтан.